Технология дамыған сайын интернет алаяқтарының да әрекет ету тәсілдері күрделене түсті. Қазір алаяқтар тек жалған хабарлама жіберіп немесе телефон соғумен шектелмейді. Жасанды интеллект көмегімен адамның дауысын ұқсатып, туыстарының атынан ақша сұрау жағдайлары да кездеседі.
Мәселен, азаматқа жақын адамының даусына ұқсас аудиохабарлама келіп, шұғыл түрде ақша аудару өтініші жасалуы мүмкін. Адам таныс дауысқа сеніп, ешқандай тексерусіз қаражатын жіберуі ықтимал. Алайда мұндай жағдайда асығыс шешім қабылдау үлкен шығынға әкеледі.
Мамандар күмәнді өтініш түскенде адаммен басқа байланыс арнасы арқылы сөйлесіп, ақпаратты нақтылауға кеңес береді. Ең бастысы, SMS-кодтарды, банк деректерін және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу қажет. Цифрлық заманда таныс дауысқа да сын көзбен қарау артық емес.
ЕРЗАТ АСЫЛ

