Перейти к содержимому

Жаңғырық

148 қаралым

1986 жылдың 17 желтоқсан күні таңертең институтқа баратын трамвай аялдамасының қасындағы дүңгіршектен «Вечерка» («Вечерняя Алма-Ата» газеті) сатып алдық. Онда бірінші хатшы болып сайланған Г. Колбиннің суреті басылған екен. Көрген сәттен-ақ бұл жайға өз ренішімізді білдіріп, трамвай ішінде пленум шешімін қызу талқыладық.

Оқу корпусына жете бере, Совет көшесі бойымен қолдарына транспорант, плакат ұстап, ұрандатып келе жатқан жастарды көрдік. Жолымызды бөгемек болған милиция қызметкерлерінің шебін бұза-жара бір топ студент шерушілерге қосылдық. Жол бойы оқу корпустары мен жатақханаларды аралап, қатарымыз молайып, түскі сағат үш шамасында сол кездегі Брежнев (қазір Республика) алаңына жеттік. Кешке алаңда ине шаншар орын болмады.
Алаңдағы трибунаға өкімет мүшелері көтеріліп, жиналған халықты тыныштандырмақ болған әрекетінен түк шықпады. Өйткені сөздерін орысша бастаған билік өкілдері жастарға «Тараңдар» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Пленум шешімін түсіндірмеді. Ең бастысы, мыңдаған халықтың көкейіндегі «Неге Республиканы басқаратын адамды сырттан әкелді? Өзімізден тұлға шықпады ма?» деген сауалға жауап бере алмады.
Алғашқы сағаттарда жастар өздерін барынша салмақты ұстады, құқыққа қайшы әрекеттер орын алған жоқ. Әскерилер мен алаңдағы жастар арасындағы нағыз қақтығыс кешкі сағат 5 пен 6-ның арасында басталды. Шамамен түнгі сағат 9-да өрт сөндіруші көліктер алаңның бір шетінен екінші шетіне су шашып жылжыды. Осы кезде халықтың қатары сөгіліп, жан-жаққа қашты. Ашуланған жастар алаң маңындағы ғимараттың іргетасын қаптаған мрамор плиталарды бөлшектеп сындырып, өрт сөндіруші көліктерге лақтырып, терезелерін шақты. Алаң қиян-кескі ұрыс аймағына айналды. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, көрші бөлмедегі Құралбек Мұхамедияровты байқап қалдым. Тонының алды ашық, жалаңбас, көліктерге тас лақтырып жүр. Сөйтіп, әскерилердің ортасына түсіп қала жаздады. Жүгіріп жанына барып, қапсыра құшақтап, шетке алып шықтым. Өрт сөндіруші көліктер алаңды бір айналып өткен соң қайта келмеді. Көше шамдарының жарығына шағылысып, аяқтың асты айнадай жалтырап мұз боп жатыр. Алаңдағы жұрт тарай бастағанда, біз де жаяулап жатақханаға қайттық.
Желтоқсанның 18-і күні ерте тұрып, таңғы асты жатақхананың қасындағы Жобалау институтының жертөлесіндегі асханадан ішіп, топ жігіт болып алаңға жаяу тарттық. Біз барғанда мыңдаған халық жиналып қалыпты. Бірақ алаң әскермен қоршалған, өтер жол жабылған. Қолдарында қалқан, әскери сойыл ұстаған сарбаздар кешегіден әлдеқайда көп, сақадай-сай тұр. Жандарында арсылдаған қызмет иттері. Ақыры жастар мен әскерилер арасында қақтығыс басталып кетті.
Әрине, әскердің аты – әскер, мықты қаруланған, тәртіппен, командамен әрекет етеді. Жалғыз жарым қарсы жүгірген аңғал жастарды әп-сәтте қоршап алып, сабап құлатып, сүйреп алып кетеді. Алаңға өту мүмкін болмады. Жастар колонна боп әр көшеге түсіп орталыққа қарай жүрді. Мұндағы мақсат жұртшылықтың, бүкіл дүниежүзінің назарын осы оқиғаға аудару еді. Шетел журналистері мен Алматыда орналасқан халықаралық өкілдіктер, елшіліктер мен консулдықтар назарына ілігіп, Қазақстандағы жағдайдан хабардар ету болған. Бұл сәтті қадам болғанын кейін уақыт дәлелдеді.
Алматы көшелерін қалың нөпір болып аралап жүрген жастар «Елім-ай», «Менің Қазақстаным», «Атамекен» әндерін қосыла шырқап жүргені есімде. Бейбіт түрде Алматы көшелерімен шерулетіп жүрген тұста «Метель» операциясы жоспарланып, КСРО-ның әр түкпірінен мұздай қаруланған арнайы әскер құрамын Алматыға жеткізіп жатқанын білмеген едік. 18 желтоқсан күні кешкі сағат 9 шамасында «Метель» операциясы басталды. Аяқ астынан ойран-топыр болып кетті. Бейқам, бейбіт тұрған шерушілерге әскер тап берді. Таяқпен ұрып, құлағандарын сүйретіп әкетіп жатты. Ұлыған сирена, арсылдаған иттер, офицерлердің айқайлап пәрмен берген дауыстары, қапыда таяқ тиіп құлап жатқан адамдардың көмек сұрап айқайлағаны, бәрі қосылып алаң күңіреніп кетті. Айқай-шудың ішінен «Бағлан құлады!» деген Берік Ұзақовтың дауысын танып бұрылсам, екі-үш солдат Жайлаубаев Бағланды төмпештеп жатыр екен. Берік екеуміз ұмтылып, қасымызға келген екі-үш жігітпен соққыларға қарамастан құлап жатқан Бағланды екі қолтығынан алған күйі сүйрей қаштық. Көшенің қараңғылау, тасалау тұстарымен жүрдік. Топтасқан әскерилер мен жасақшылар бірлі-жарым жүрген жастарды бас сап ұстап, машинаға тиеп әкетіп жатқан. Жатақханаға аман-есен жеттік.
Бөлме терезесін тарсылдата ұрған дыбыстан Әлібек Бейсенбеков сыртқа үңіле: «Бақытбек», – деді бізге мойын бұрып. Семей облысының Ақсуат ауданынан болатын Бақытбек Шуашев курстың үздік студенттерінің бірі-тін. Үйленген, әйелі неміс ұлтынан еді. Бүктетіліп, аяғын әрең басқан Бақытбекті жігіттер жан-жағынан демеп, төсегіне жатқызды, «Не болды?» деп жамырай қойған сұраққа «Милицияға түсіп қалдым» деп кеудесін ұстап, әрең жауап берді. Әбден соққы жегені түрінен көрініп тұр. «Ештеңе айта алмаймын, шамам жоқ», – деп қиналып әзер сөйлеген ол төсегінде бүк түсіп, ішін ұстап жатып қалды. Сөйтсек, ол бір қызды құтқарамын деп ұсталып қалыпты. Есін жиған сәтте жабық кузовты көлікте келе жатқанын біледі. Ішінен қиналып, ыңырсып қыздардың жылағанын, жігіттердің кіжініп әлдекімді сыбаған дауыстары естіліпті. Тергеуде ұрып-соғу 5-6 сағатқа созылыпты. Бақытбек тегі орысшаға шорқақтау еді де, «орысша – қазақша» қалта сөздігін қолынан тастамай үйреніп жүретін. Бұларды тінткен кезде милиционерлер сөздікті тауып алады. Блокнотынан әйелі екеуі түскен сурет те шығады, әйелін орыс деп көрсетеді Бақытбек. Әйелінің орыс болғаны, тіл үйреніп жүргеніне тергеушілердің рақымы түсіп, ақыры босатыпты. Кейін Бақытбектің милицияда тергеуде болғаны ректоратқа мәлім болады. Содан ол жиналыстан жиналысқа түсіп, ақыры комсомолдан шығарылады, бірақ факультет деканы Шәбден Әділханов, дайындық курсында дәріс берген оқытушы Дос Көшімнің араша түсуімен оқуда қалады.
19 желтоқсан күні Беріктен тағы бір жайды естідік. «Шолпан басынан қатты соққы алған екен, кіріп шықтым, жағдайын сұрап», – деді ол кешкісін көңілі алаң күйде. Шолпан Жұмаділова бізден бір курс жоғары оқитын еді. Көрші бөлмеде тұратын, Кеген ауданы Саты ауылының қызы. Біз студенттік құрылыс отрядымен жазда Саты ауылында болғанда он шақты қыз-жігітті үйіне шақырып, дәм татырған. Шолпанды ауруханаға апаруға, дәрігер шақыруға да болмайды, өйткені ол дереу милиция мен КГБ-ға белгілі болар еді. Жігіттер ақылдасып, оны тезірек ауылға, үйіне жеткізу керек деген ұйғарым жасады және оны ешкім білмеуі керек. Берік институтқа барып, деканымыз
Ш. Әділхановқа оңаша жағдайды баяндап, рұқсатын алып, Сатыдан Шолпанның атына «Әжең ауыр науқас, шұғыл жет!» деген жедел телеграмма соқтырып алды. Бұл ертеңгі күні Шолпанның сабақта жоқтығына күдік тудырмас үшін керек еді. Осының бәрін Берік шұғыл реттеп, 20 желтоқсан күні Шолпанды алып, «Саяхат» автовокзалынан автобуспен Жалаңаш ауылына аман-есен жетіп, әпкесі мен жездесіне тапсырады.
Шолпан үйінде біраз емделіп қайтады. Оқуын сәтті аяқтап, кейін белгілі журналист болды. Желтоқсан көтерілісі тақырыбына да айтарлықтай қалам тербеді. Өкінішке қарай, ол «Жетісу» газетінде жемісті еңбек етіп жүргенде басынан алған соққының салдарынан ауыр науқасқа шалдығып, бертінде қайтыс болды.
Сонымен, 1986 жылы 18 желтоқсан­да жастардың бейбіт бас көтеруі күшпен, аяусыз басып-жаншылды. Бірнеше күн Алматыда өлі тыныштық орнады. Желтоқсанның ызғарлы күндері секілді суық, көңілсіз күндер бірін-бірі ауыстырып жатты.

Әділхан ҚЫСТАУБАЕВ,
Желтоқсан көтерілісіне қатысушы

↑