Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жолдауға – қолдау:  Президент белгілеген міндеттер тұрғындарға түсіндірілді

Жолдауға – қолдау:  Президент белгілеген міндеттер тұрғындарға түсіндірілді

65 қаралым

28 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады. Онда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік саясатты жетілдіру бағытындағы бірқатар маңызды міндет айқындалған болатын. Осыған байланысты Қарасай ауданынында Жолдауда белгіленген басым бағыттарды түсіндіруге арналған кездесулер  өтті.
Қаскелең қаласының Мәдениет үйінде өткен жиынға Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, «Әділет» партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының I шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Арман Жансеңгіров және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұрсұлтан Орынбасаров арнайы келген болатын. Жиынды Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаев ашып, жүргізіп отырды.
Кездесуде  мәртебелі қонақтар сөз алып,  Президент Жолдауында еліміздің энергетика саласын дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау, әлеуметтік салаға қатысты көтерілген маңызды міндеттерге кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау, білім беру инфрақұрылымын жетілдіру және мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайту мәселелеріне назар аударылды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу», – деп атап өтіп, педагогтердің негізгі жұмысына кедергі келтіретін артық есептілік пен қағазбастылықты жою қажеттігін тапсырған болатын.
Жиын барысында сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту, маман тапшылығын азайту және балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмыстарының маңыздылығы айтылды. Кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, арнайы келген қонақтармен ашық пікір алмасты.
Осындай алқалы басқосу аудандық кітапханада да өтті. Негізінен медицина қызметкерлері жиналған бұл кездесуді аудан әкімінің орынбасары Азат Жандосов ашып, жүргізіп отырды. Ал кездесу қонақтары  Қайырхан Серікұлы, Арман Серікұлы және Нұрсұлтан Жұмабайұлы Жолдауда көтерілген білім беру, медицина саласын өркендету, энергетика саласын дамыту, әлеуметтік-мәдени бағыттағы реформалар, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мәселелерін жан-жақты талқыға салды. Сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласының өкілдерімен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, атаулы көмектің тиімділігін арттыру, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жағдай жасау және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Президент Жолдауында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытуға ерекше назар аударғаны белгілі. Атап айтқанда, елімізде сегіз заманауи перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланған. Олардың қатарында Қаскелең қаласы да бар. Бұл бастама аудан тұрғындары үшін балаларға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және медициналық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту, медицина қызметкерлерін қолдау, медициналық қызмет сапасын арттыру және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту міндеттерін атап өтті. Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасып, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей спикерлерге қоюға мүмкіндік алды.
      Шамалған ауылының Мәдениет үйінде өткен  жиында Жолдаудың экономиканы ауқымды қайта құруға, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және еліміздің егемендігін нығайтуға бағытталғаны ерекше атап көрсетілді. Құжаттың негізгі жаңалықтарының қатарында ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру, 2027 жылдан бастап кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий енгізу, нағыз «Халықтық құрылыс» жобаларын жүзеге асыру үшін 2029 жылға дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңгеге дейін қаржы бөлу және басқа да маңызды бастамалар бар.
      Шамалған ауылына келсек, мұнда тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне барлық жағдай жасалған. Ауылда мектептер, колледж және аудандық мәртебесі бар аурухана жұмыс істейді. Сондай-ақ кезінде мұнда «Ана-Нұры» мәдениет және демалыс саябағы абаттандырылып, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы мен «Үшқоңыр» ірі көпфункционалды спорт кешені салынған. Жолдардың сапасы мен үйлерге табиғи газдың тартылуы да көңіл қуантады.
    Бәлкім, сондықтан болар,  шамалғандықтардың тарапынан айтарлықтай сауалдар қойылмады. Тұрғындар тек ауылдық аурухана ғимаратының жағдайы алаңдататынын жеткізді. Алдағы уақытта оған күрделі жөндеу жұмысы жүргізілетін болады.
    Осыдан кейін  қонақтар Шалқар ауылына ат басын тіреді. Ауыл тұрғындары қатысқан кездесу барысында Жолдауда айқындалған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, энергетика саласын жетілдіру, халықтың әл-ауқатын арттыру және өңірлердің өзекті мәселелерін шешу бағыттары талқыланды. Тұрғындар да өз тарапынан сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Қуат ҚАЙРАНБАЙ


Қарасай ауданы

↑