Облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев YTO Express Group компаниясының басқарма төрағасы Йу Хуэймен кездесті. Жүздесу барысында электронды коммерция, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен жаңа инвестициялық жоба жайы талқыланды.
Облыс әкімі алдымен YTO Express Group компаниясының басшысына аймақтың негізгі әлеуметтік-экономикалық әлеуетін таныстырды.
– Жалпы өнім көлемі 5 триллион теңгеге жеткен облысымыз ел көлемінде бесінші орында тұр. Қаңтар-мамыр айларындағы қысқамерзімдік экономикалық көрсеткіш 107,9 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі (88,5%) жағынан жетекші орыннан көрінудеміз. Ауыл шаруашылығы, байланыс қызметі, көлік, құрылыс салаларында және сауда-саттық секторында да айтарлықтай зор әлеуетке иеміз. Облыс аумағында 7 индустриялық аймақ құрылған. Оған қызығушылық танытып отырған шетелдік инвесторлар аз емес. Біз өңір экономикасына серпін беретін инвестициялық жобаларға қашанда қолдау білдіреміз. Биыл 446,7 миллиард теңгені құрайтын 58 жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз, – деді Марат Елеусізұлы.
Кездесуде YTO Express Group компаниясының басқарма төрағасы Йу Хуэй Дзяо аймақ басшысына компанияның Қазақстандағы негізгі жобалары туралы баяндады. Атап айтқанда, кәсіпорын еліміздің бірқатар өңірінде «А» санатына жататын жоғары технологиялық мультимодальды орталықтар салуды жоспарлап отыр. Мұндай инфрақұрылым тауарды жедел өңдеп, оны Еуропа одағы, Еуразиялық экономикалық одақ және Орталық Азия елдеріне шығаруға оңтайлы жағдай жасайды.
– Біз ширек ғасырға жуық уақыт арасында қытайдағы ең ірі логистикалық операторларының біріне айналдық. Бүгінде әлемнің 50-ден астам елінде компаниямыздың филиалдары бар. 140-тан астам мемлекетпен іскерлік байланыс орнаттық. Өткен жылы Алматы қаласында Орталық Азиядағы бас кеңсеміз ашылды. Біздің бастамамызға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдірді. Сол негізде «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен компаниямыз арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнады. Алматы облысы – зор экономикалық және логистикалық әлеуетке ие аймақ. Сондықтан жоғары технологиялық мультимодальды орталықтардың бірін осы облысқа салуды көздеп отырмыз, – деді YTO Express Group компаниясының басшысы.
Кездесуде қос тарап жобаның кедергісіз жүзеге асуын қамтамасыз ету үшін екі ел арасындағы бірлескен іс-қимыл жоспарының маңыздылығын айтты. Аталған ынтымақтастық Қытай мен Қазақстанның экономикалық байланысын нығайтып қана қоймайды, сонымен қатар аймақты ілгерілету және халықаралық электронды сауданы дамытуға ықпал етеді деп болжануда. Жалпы еліміз 2030 жылға қарай электронды сауда үлесін сауда-саттық нарығының 20 пайызына дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы