Мал шаруашылығын негізгі кәсіп қылған ата-бабамыз «Малы саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Бүгінгі таңда да бұл саланың маңызы артпаса, кеміген жоқ.
Өйткені, жануарларды түрлі аурудан қорғау, оларды емдеу, мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды жауапкершілігі жоғары жүкті арқалап, аянбай еңбек етіп отырған ветеринария қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Міне, осынау сала мамандарының еңбегін ескеріп, құрмет көрсету мақсатында биыл елімізде алғаш рет ветеринария қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтілді.
Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Қ.Ақшабаев ветеринария қызметкерлерін құттықтап, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Аудан аумағындағы үздік ветеринариялық пункт, үздік бөлімше меңгерушісі, үздік ветеринариялық дәрігер, үздік фельдшер, үздік лаборанттар анықталып, марапатталды. Сонымен қатар облыстық ветеринариялық стансаның бөлім басшысы Айдос Жүнісов іс-шараға арнайы қатысып, аталмыш станса басшысы Мұхтар Сабырбектің құттықтауын жеткізді. Аудандағы ветеринарияның дамуына үлкен үлес қосқан қызметкерлерге Алғыс хат тапсырды.
Іс-шара барысында сала ардагерлері сөз сөйлеп, аудан аумағындағы ветеринариялық қызметтің тарихына және қазіргі жай-күйіне аз-кем тоқталып өтті. Еңбекшіқазақ аудандық ветеринариялық зертханасы 1975 жылы құрылған. Ал Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Еңбекшіқазақ аудандық аумақтық инспекциясы 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Аудан аумағында орналасқан 26 ветеринариялық бөлімшеде барлығы 154 маман жергілікті жердегі эпизоотиялық ахуалдың тұрақты болуы үшін қызмет етіп отыр.
Мал дәрiгерлiк қызметтiң маңызды мiндеттерiнiң бiрi – адамдар мен жануарларға ортақ аса қауiптi індеттің алдын алу, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының сырттан әкелінуінен және таралуынан қорғау. Осындай ауқымды жұмыстың жүйелі жүруінің арқасында тағам қауіпсіздігін сақтап, сапалы сүт пен ет өнімдерін тұтынуымызға мүмкіндік ашып отырған сала мамандарының еңбегі өлшеусіз.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы