Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Еліміздегі барлық мәселелерді қамтыған маңызды шарада Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері толықтай ойымыздан шықты.
Онда ел Президенті Үкіметке ерекше қажеттілігі бар азаматтардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырып, осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам барын атап өтті. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқтығын да алға тартты.
«Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда, Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар. Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуі тиіс. Дегенмен, кез келген көмек масылдыққа себеп болмауы керек. Әсіресе, еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауы тиіс. Денсаулығы мықты, күш-қуаты бар азаматтар үшін бұл – ұят нәрсе. Ал, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға айрықша көңіл бөлу керек. Осындай жұмысшыларға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластырған жөн», – деді Президент өз сөзінде.
Жеріміз бусап, әз Наурызымыз нұр төккен әдемі мезгілде жақсылықпен қадам жасаған Парламентіміздің жаңа депутаттарына біз де халық атынан толағай табыс тілейміз.
Қуат Байқожаев,
«AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы