Байсерке ауылдық округінде Іле аудандық мәслихатының депутаттары Сұлтан Данашұлы мен Бикамал Базарбаева қоғамдық қабылдау өткізді. Ауыл әкімдігінде ұйымдастырылған шараға ауыл тұрғындары мен қоғам белсенділері қатысып, күні бүгінге дейін күрмеуі шешілмеген мәселелердің мән-жайын баяндады. Тұрғындардың шағымын қос депутаттан бөлек, Байсерке ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қамит Ерсұлтанұлы да тыңдады.
Жиын барысында Байсерке тұрғындарын әуре-сарсаңға салған бірнеше мәселенің ұшы көрінді. Оның бірқатары жарық, су, жол мәселелеріне келіп тірелсе, енді бірі саяжай коопертивінің заңсыз әрекеттеріне қатысты болды.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, электр қуатының себепсіз өшуі қарапайым халықты әбден әбірге салған. Оның себебін не ескі құрал-жабдықтан, не ауа райының қолайсыздығынан көре алмай отыр. Неге десеңіз, электр желілері мен құрылғыларының барлығы дерлік жаңаланса да, жарықтың сағаттап өшіп қалуы жалғасып жатыр.
– Ауылымызда жарықтың бір күнде 7-10 рет өшетін кездері болады. Тіпті, жел, жаңбыр болмаған кездің өзінде, кез келген уақытта өшіп қалып, әлекке салады. Әсіресе, күннің ыстығында электр қуатынсыз отыру тіптен мүмкін емес. Тоңызытқыштағы азық-түлігіміз жарамсыз болып, не газ қоса алмай, не ыстық су қолдана алмай отырмыз, – дейді ауыл тұрғыны Раушан Дасқанаева.
Жарық мәселесі тұрмыстық қолайсыздық тудыруымен қоса, тұрғындардың қалтасын қағып жатқаны да жасырын емес. Электр қуатының дұрыс берілмеуі техникалық жабдықтардың бірінен соң бірін істен шығарып, тұрғындардың үй жабдықтарын жөндетуіне немесе несиеге қайта рәсімдеп алуына әкеліп тіреп отыр.
– Жарықтың өшіп-жана беруінен үйіміздегі тоңазытқышымыз, үтігіміз, жаңадан алған техникамызға дейін күйіп кетті. Бұл мәселе менің ғана емес, Байсерке ауылының әр тұрғынының басында бар жайт. Сұрасаңыз кез-келгені айтып береді, – деп Динар Марденова «Алатау жарық компаниясының» жұмысына көңіл толмастығын жеткізді.
Жекеменшік ұйымдар қатарының көбеюі де көпшілікті алаңдатып отыр. Тұрғындар олардың заң шеңберінде және адамгершілік аясында қызмет етеріне күдіктенетінін жасырмайды. Мәселенің түп-төркіні де осы «Алатау жарық компаниясында» жатыр. Бұл тығырықтан шығу үшін тұрғындар барлық үйді бір ғана электр қуатын тарататын құрылғыға жалғамай, аймақ-аймаққа, көше-көшеге бөліп жалғауды ұсынып отыр. Себебі, ауылдың басындағы бір үйдің жарығы өшсе, бүкіл ауылдың жарығы қоса сөнеді. Ауыл адамдары мұның кімге болса да қолайсыз екенін айтады.
Байсерке тұрғындарын сергелдеңге салған жарықтан бөлек су мен жол мәселесі тағы бар. Жарықтың машақаты қандай болса, судың да жайы сондай деп налыған тұрғындар себепсіз өшірілетін судың байыбына жете алмағандарына наразы.
Жол мәселесі де сын көтермейді. Бұған дейін айтқан тұрғындардың шағымы еленіп, 5 көшені жөндеуге уәде берілген еді. Алайда айтылған сөз сол күйі құр жаңғырық болып қалған. Бос сөзден жалыққан тұрғындар бір ауыздан қаржы жинап, ауыл көшелерінің жолын өз күштерімен жөндеген.
– Бізге уәде берілген 5 көшенің орнына тек бір көшеге ғана асфальт төселді. Оның өзінде асфальт қалыңдығы 5 сантиметрге жетер-жетпес. Көше жолдары ойық, шұңқыр. Жауапты тұлғаларға жол үстінің әр жері ойық екенін айтсақ, «оны 7 жылдан кейін жөндейміз» деп жауап қатады. Амалдың жоқтығынан үй жөндеуге алған топырақ, тасымызды тасып, тесіктерін өз бетімізше жамап, амалдап отырмыз. Одан бөлек тұрғындармен 5000-10000 теңге көлемінде өз қалтамыздан қаржы жинап, Ж.Аймауытов, М. Дулатұлы, Салқам Жәңгір, М.Бәпиұлы көшелерінің жолын жасадық, – дейді ауыл тұрғыны Динар Марденова.
Ауыл адамдары жауапты тұлғалардан Байсерке ауылының көшелерін аралап, жол сапасын тексеруді сұрап отыр. Онсыз да қалтасы жұқа халықтың қашанға дейін қалтасы қағыла бермек?
Тұрғындарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – «Даму» логистикалық орталық аймағынан шығатын жағымсыз иіс. Аталған аймақтан ауыл адамдарының сөзінше, иісті лай су шығып, Кіші Алматы суына қарай құятын көрінеді. Бұл қоспалы судың өзенге құюы – нағыз экологиялық апат. Бұл мәселеге қатысты «Даму» логистиккалық орталығы арнайы су бағытын өзгертетін жобаларын ұсынып, туындаған сауалдарға алдағы уақытта компания мамандары жеке жауап беретінін айтты.
Қоғамдық қабылдау барысында 2022 жылдан бері күрмеуі шешілмей келе жатқан саяжай кооперативінің жайы да қызу талқыланды. Жиында қос тараптың ұзақ уақыт бойы мәмілеге келе алмай жүргені ескеріліп, екі жақ өкілдеріне өз ақиқаттарын айту үшін сөз берілді. Мәселенің мән-жайына үңілсек, сайланғанына бірнеше жыл болған Бегалы Иманқұлов саяжайдың бұрынғы бастығы Светлана Гашованы және көрші орналасқан бірнеше тұрғынды ескертусіз саяжай мүшелігінен шығарып тастаған. Бегалы Иманқұлов оларды мүшеліктен шығару өзге тұрғындардың келісімімен жүзеге асқанын, оған тұрғындардың бір жылдары төленбей қалған қарыздары себеп болғанын айтады. Саяжай мүшелігінен шығарылған Светлана Гашова мен бір топ тұрғын қарыз болмағанын айтып, Бегалы Иманқұловтан қағаз жүзінде оның дәлелін көрсетуді талап еткенін де алға тартуда. Бірақ саяжай басшысы тарапынан сұрау да, жауап та елеусіз қалған.
Алғашында кикілжің саяжай кооперативінің қазіргі және экс-басшысының арасында туындаған. Алайда мәселе одан сайын ушығып, бұл дауға оннан аса тұрғын араласқан.
– Ең сорақысы, ол бізді мүшеліктен шығарып тастағанымен қоймай, өзі келіп электроқуат токтарын кесіп, мәжбүрлі түрде су мен жарық қуатынан ажыратып тастады. Мен де қол қусырып отырмай, белгілі органдарға арыз жазып, жарық, суды қайта қостырдым. Бірақ Бегалы Иманқұлов заңға мойынсұнбай электр қуатымызды қайта өшіріп тастады, – деді жағдайды көзіне жас ала баяндаған саяжай тұрғыны Светлана Гашова.
Тұрғындардың сөзінше, Б.Иманқұловтың қарыз деп отырғаны – жарықтың кешіктірілген төлемі емес, әр саяжай кооперативі мүшесінің төлейтін жарна ақысы. Бұл соманы Светлана Гашова және он шақты тұрғын төлеуден бас тартып отыр. Себебі олар кооператив мүшесі емес. Ал Б.Иманқұловтың су және жарық қуатын ескертусіз, қандай да бір дәлелді құжатсыз өшіруін заңсыз деп отыр. Бұл әрекетті тұрғындар ғана емес, сот үкімі де заңға қайшы деп танып, айыпталушыға электр қуатын қосуды бір рет емес, екі рет міндеттеген. Бегалы Иманқұловқа сот шешіміне бағынбағаны үшін айыппұл да салынды. Алайда ол айыппұлды да, заңмен міндеттелген шешімді де орындаудан бас тартып отыр.
Қос депутат саяжай басшысына заңдық міндеттеулерден бөлек, адами факторды ескере отырып шешім қабылдауға, қол астындағы тұрғындардың шағымдарын тыңдап, байыппен, сабырмен бір байламға келуге шақырды. Көп талқылаулардан кейін де Б.Иманқұлов: «Қарызды төлесеңдер ғана, жарық пен суды қосамын», – дей отырып, жоғарыда айтылған Светлана Гашованың айыптау әрекеттерін тек келісілген жала деп мойындамады. Ол аталған мәселе бойынша сот үкімінің шешімін қайта қарау үшін кассациялық өтінім беруді жоспарлап отыр. Айта кетелік, бұған дейін облыстық сот Б.Иманқұловтың берген аппеляциялық өтінішін қанағаттандырмай, кері қайтарған еді.
Бұл мәселеде кімдікі бұрыс, кімдікі дұрыс екенін таразылаған сот үкімінің шешімі бар. Иманқұлов тарапынан күтілетін бір ғана әрекет – заңға бағына отырып, сот үкімін орындау.
«Ертеңгі күннен үміт көп» деп көмек сұраған Байсерке тұрғындарының айтқан шағымдарының қалай шешілері алдағы уақыттың еншісінде.
Бағдат Шойбас,
Іле ауданы