Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық шарасын қолдау және «Қоғамдық бақылау туралы» Заң аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 15 тамыз – 15 қыркүйек аралығында экобақылау республикалық акциясын бастады.
Республикалық акция шеңберінде туризм және тарихи-мәдени нысандарға экобақылау апталығы өтеді. Одан бөлек, абаттандыру саласында, оның ішінде, жасыл желектерді суаруға, күтім жасауға, жер қойнауын пайдалану нысандарына бақылау жүреді. Барлық апталықтарға қоғамдық кеңес мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, эковолонтерлер қатысады. Акция аясында республика бойынша барлығы 1,5 мыңнан астам адамның қатысуымен 300 мониторингтік іс-шара өткізу жоспарланған.
Жобаның мақсаты – жұртшылықты табиғатты қорғауға және оған ұқыпты қарауға, проблемалық мәселелерді анықтап, азаматтық қоғамды белсенді тарта отырып шешу. Сондай-ақ өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысуға және жалпы әл-ауқатқа үлес қосуға дайын күшті, ұйымшыл және жауапты қоғам құруға ықпал етеді.
Аталған акция төрт тақырыптық апта шеңберінде өткізілмек. Туристік және тарихи-мәдени нысандарды абаттандыру, оның ішінде, жасыл желектерді күту және суару, стихиялық полигондар, жер қойнауын пайдалану объектілерінің экомониторингі деген атпен апталықтар жалғасын табады. Осыған орай, акцияның алғашқы күні «Көлсай көлдері» ұлттық паркі аумағында өңірлік қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен экобақылау жұмысы жүргізілді. Қоғамдық экобақылау құрамында Кеген аудандық «Ішкі саясат бөлімі» ММ басшысы Еркінбек Қалқаев, «Көлсай көлдері» ұлттық паркі директорының орынбасары Хамит Ахметов, өңірлік қоғамдық кеңес мүшесі Ғани Бейқұтбай, «Шолпан» ресурстық орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Шолпан Жанбабаева, Кеген аудандық «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ бас маманы Нұрқасым Нұрман болды. Шара барысында кеңес мүшелері «Көлсай көлдері» аумағында орналасқан демалыс үйлері мен сауда нүктелерінің жай-күйін бақылап, тиісті ұсыныстарын айтты.
Экошарада сөз алған «JS-Trevel» мекемесінің басшысы Нұржан Төлемісов:
– Өздеріңіз көріп отырған экокомплексіміз «Kolsay Lakes Town» деп аталады. «Таза Қазақстан» акциясы бойынша Көлсайдың тазалығына өте мұқият қараймыз. Қоқыс қалдықтарын шығарып отыратын көлігіміз бар, биыл демалыс үйінің аумағына 120 түп Тянь-Шань шыршасын ектік. Жылдан-жылға туризм дамып келеді, дем алушылар қоқыс қалдықтарын арнайы қоқыс жәшіктеріне тастап жатыр, үйреніп қалды. Ұлттық парктің инспекторлары да ескерту жасап, қоқыс жәшіктерін көрсетіп жатады, – деді.
Ал «Көлсай көлдері» ұлттық паркі директорының орынбасары Хамит Ахметов:
– Жыл бойына «Таза Қазақстан» акциясы аясында он бес іс-шара өткізілді. Ұлттық парк аумағынан 88 тонна күл-қоқыс шығарылды. Жыл сайын 13 га жерге орман екпелері отырғызылады. Биыл 54 мың түп Шренка шыршасы 13,9 га жерге отырғызылып, күтіліп, бапталуда. «Жасыл даму» бағдарламасы аясында 14 дана күл-қоқысты төгетін жасыл контейнерге тапсырыс бердік. Сонымен қатар Көлсай аумағына екі автомат құрылғысы орнатылатын болады. Халықты фандомат арқылы күл-қоқыс тастамауға үйретуге бел буып отырмыз, бұл – пилоттық жоба. Бұл республика көлемінде екі ұлттық паркте, яғни «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық табиғи паркінде бастау алады. Халықтың табиғатқа деген аяушылық сезімін оятуда жыл сайын «Саябақтар шеруі» акциясы өткізіліп тұрады. «Жасыл даму» бағдарламасы бойынша келген туристерге 120 мың дана био ыдырайтын қапшықтар тегін таратылады. Бұл дегеніміз – айналамызды күл-қоқыстан тазарту, – дей келе, туристерді қоршаған ортаны ластамауға шақырды.
Игілік бастауы – тазалықта. Осыны әр қазақстандық ұғынса деген ұсыныс бар. Аталған жұмыс облыстың әр аумағын қамтып, қыркүйек айының орта шеніне дейін жалғасын таппақ.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы