«Ей, дүние, жанымды құндақтаған,
Талай ісің әлі де жұмбақ маған.
Паң далалар, кеудесін гүл қаптаған,
Өлмейтұғын өлең боп тіл қат маған?!», – деп жұмбақ өмірдің сол кезде-ақ тереңіне ұмтылып, өзім кетсем де келер ұрпаққа мұра болып өлеңім қалсын деп «Бастау» атты тұңғыш жинағының беташарын алдағы төрт жолмен бастаған арда ақын Айтақын Әбдіқал ағамыздың да жалған дүниеден қас-қағам сәтте аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққанына айға таяды.
Өмір баяғыдай көрініп, арнасында жылжып барады. Біз де тыпың-тыпың етіп, таң атырып, күн батырып ілгері жылжып келеміз. Ардақ тұтқан ағасы, ұлы ұстазы, тұлпардай шапшығанда шабысы шаң қаптырған, талантымен тауды тербеткен Мұқағали өмірден өткенде:
«Боз даланың боздайды құрақтары,
Сен оқыған маржан жыр
құлақта әлі.
Бозінгендей Қарасаз боздап жатыр,
Ақынынан айырылып жырақтағы», – деп жандүниесіндегі сұрапыл толғанысты табиғатпен ұштастырған, туған жермен сабақтаған Айтақын ақын да келместің кемесінде кетті. Ол Қарасазбен қатарлас жатқан, бір белдің астындағы:
«Армысың, Қайнар, ауылым,
Бармысың, туған бауырлар?!
Құшағында өткен бал күнім,
Осындай шағын ауыл бар!» – деп өзі айтқандай, Тәңіртаудың баурайындағы Қайнар ауылында 1947 жылы өмір есігін ашқан екен. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі еді. Еңбек жолын аудандық газеттен бастап, облыстық әкімдікте, «Жетісу», республикалық «Заң» газеттерінде, «Алматы», «Қазақстан-1» телеарналарында, кәсіподақ ұйымдарында қызмет етті.
Мамандығына қарай қаламын қайрап, ойын ұштап, журналистиканың талабын орындай жүріп, Жаратқан Ием еншілеп берген өлең өрнектерін қара орман халқына:
«Бақытқа да, шаттықа да кенде
емен,
Жыр – көкпар ма, әкел бері, өңгерем.
Қыран өскен тау ұлымын,
сондықтан,
Ұмтыламын еңіске емес, өрге мен.
Өмірде әлі бітпей тұрған ісім көп,
Жалын болып жанып жатыр
ішімде от.
Көкірегімнен жырлар ұшып жатады,
Кең еліме, ақ ниетті құсым боп», – деп судан маржан сүзгендей жырларын нөсерлей төгетін еді.
Бозбала, бота тірсек кезінде, Хантәңірдей тау сағасынан «аға» деп арқа тұтып келіп, сәлем беріп, ой бөліскенде, орайына қарай пікірін іркілмей ортаға салғанда, Мұқағали риза болғаны сонша: «Айттым ғой. Мынау – ақын!» – деп құшағына қысып, ақ тілегін айтыпты. Сол тілеуқор жыр жампозына арнаған ақын өлеңдерінің өзі бір шоғыр.
«Жырлаушы едің көктемді,
Аңсаушы едің көк белді,
Жарқ-жұрқ еткен ғұмыр-ай,
Жалт етті де өтті енді», – десе, тұңғыш жинағында, одан кейінгі кітабында:
«Көре алмай ақырғы рет келбетіңді,
Тауыңның кәрі емені тербетілді.
Ақынның өліміне аза шегіп,
Толықсып, толқып барып көлде тынды», – дейді. Тағы бірде:
«Сенің жырың мәңгілік есінде елдің,
Мұң мен шерін тарқатар
жесірлердің.
Қамыққанда әр сөзің қуат болар,
Жүрегіне мұз қатқан жетімдердің.
… Өзің өскен таулы өлке гүлдеп еді,
Құлағыма бір сырлы жыр келеді.
Тағы да бір кітабың қолымызда,
Қолтаңбаны сен жоқсың, кім береді?!» – деп шарқ ұрыпты.
Тағдырлас Айтақын ақынның Мұқағали туралы өлеңдерін неге дәйекке келтіріп отырмыз? Себебі ол жыр дүлдүлінің інісі ғана емес, ізбасары бола білді. Мұқағалиды танып-білуге алғаш үлесін қосқандардың сапынан табылып еді. Арнау өлеңдері өз алдына, 1995 жылы «Мұқағали» атты ақын тұлғасын тұңғыш түгендеген естелік кітап құрастырып, «Жалын» баспасынан жарыққа шығарды. Оның алдында ұлт әдебиетінің алыптары Мұхтар Әуезов туралы «Біздің Мұхтар» (1976 ж.), Сәбит Мұқанов жайлы «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» (1984 ж.) естелік кітаптары жұрт қолына тиген еді.
Аталмыш кітаптың алғашқы сөзін қазақтың айтулы ақыны Әбділда Тәжібаев алып, мәңгілік өмірін Мұқағалидың өзі айтып кеткенін жеткізеді. «…Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім». Иә, өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді. Олай болса Мұқағали Мақатаев та көз жұмған жоқ. Қатарымызда. Күнбе-күн қасымызда. Әне, ол мұзбалақ қыранша дүр сілкініп, бүкіл залды бір өзі толтырып, жазық маңдайы жарқырап, жарқылдап жыр оқып тұр», – деп еді.
Жақсылардың көзі барда сөзін жинап, кітап етіп шығарған Айтақын ақынның бұл қадамы оның ірілігін көрсетсе керек. «Мұқағали-дастан» зерттеу жинағын да құрастырып еді. Мұны өткенге көңіл аударып қана қоймай, еңбек сіңірудің үлгісі десек, жараспай ма?! Өзі құрастырған рухани дүниедегі өз естелігінің түйіні:
«…Ғажайып ақынның қай қырын айтып тауысарсың?! Мұқағали туралы ойлағанда оның еркелігі мен тентектігі ғана емес, Қарасаздың қара суындай мөлдірлігі, қазақ даласындай жомарттығы, баладай сенгіштігі, намысына шоқ түссе, жолбарыстай атылар айбаты, арлылығы, әсіресе өзінен кішілер алдындағы инабат-ізеті алдымен есіңе түсіп, жан-жүрегіңді елжіретеді. Бәрі жақсы аға, арқалы ақынға деген сағыныштан болар мұның бәрі», – деп келеді.
Айтақын ақынмен жүздескенде әлгіндей қасиеттер оның да бойынан менмұндалап тұрушы еді-ау! Тау самалындай аңқылдаған көңілінен қаға берісі бар қылаудай тозаң көрмейтінсің. Тау ұлына тән қасиет болар, еңсесін де тік ұстайтын. Айтары болса, жалтақтап, кім не дер екен демей, жалпақтамай, таспадай тіліп жіберіп, қарап тұратын.
Уақыттың жылдамдығын, өмірде адамның басына не келіп, не кетпейтінін, оның ауырына жасып, жеңіліне тасып күн кешу пенделік болатынын әр өлеңінде еске салып отырады.
«Басына бас қосылып, қуанады
біреулер,
Ардағынан адасып, қуарады біреулер.
Қайғы барда шаттық бар, көну керек
бәріне,
Қуанышты тойларсың,
шаттанарсың әлі де.
Тек жақсыны армандап,
жамандықтан шошыма.
Көктемі бар, қысы бар, шіркін, өмір осы да», – деген жолдар алдағы пайымымызға мысал болар.
Айтақын Әбдіқал – көп жазбаған, бірақ судан маржан сүзгендей өлеңнің әрін кетірмей, нәрін келтіріп, талғаммен жазған ақын еді. Қай туындысын алсаң да, терең ойға құрылады, ойға құрылған өлең бойға тез дариды, көңілге қонымды келеді. Өзгеден өзін зор санамайды, кеуде кермейді, кішілігін кісілігімен көрсетеді. 2014 жылы жазған «Нем артық еді солардан?» деген толғамына көз жүгіртіп көрелікші:
«Мұқағалидан нем артық еді?!
Елуге келмей кетті ол да…
Сағаттан менің нем артық еді?!
Ерте қосылған көкпарға.
Қырық беске жетпей өтті ол да.
Жарасқан – сері. Кеңшілік
кетті келмеске,
Безініп «оттан», «шоқтан» да…
Сыр, мұңын айтып көк талға.
Баққожа кетті қолтаңба жазып
достарға,
Жүрегі мәңгі тоқтарда.
Заңғар – Заманбек…
Арыс – Алтынбектерді,
Ұлықтап ұлты, ұрпағы іздеп,
жоқтауда?!
Хас жүйріктер-ай,
Құлагер сынды құлаған,
Сайқал заманда, залымдар
берген «көкпарда», – десе,
«Өлім барын ұмытпа да,
Әр қаланың, әр ауылдың сыртында…
от та, шам да жақпайтын,
су ішіп, дәм татпайтын,
Күні шығып,
Айы туып, батпайтын,
түсі суық тас зиратты,
көк күмбезді «Ауыл» бар…
Жоқ ол жерде әкімшілік,..
прокурор мен сотың да,
Алып, сатқан базарлар да…
Айқай-шусыз,
Талас, дусыз, тып-тыныш…
Ол «Ауылдың» тұрғындары –
Өзіміздің ағайындар,
Замандас, дос,
Жерге қимас бауырлар!» – деп бір тыныстап алып:
«Ұмытамыз кейде біздер,
Бес күндігін жалғанның,
Бар байлығын басып алып,
Өлмей, өшпей қалған кім?
Өмірден соң – өлім барын ұмытса,
Бүгін тірі жүрген пендең – ақымақ!» – деп шындықтан қашып құтылмайтыныңды кескен теректей алдыңа көлденеңдетеді, ойлан дейді, құлқынның құлы болсаң, соңы ойран дейді.
«Мұқағали рухына мұң шағу» – ақын шабыттанса, тау суындай ағынды мінезін аңғартады. Пір тұтқан Мұқағали үлгісінен ауытқымай, адамдық қасиетінен жаңылмай мына жалған дүниеден өте шыққан ақын – «Бастау», «Ұшырайын құсымды», «Өмір – кеме», «Ғұмыр – дастан», басқа да кітаптар шығарған «Сөзді екшеп, сайрамасқа шарам бар ма?!» (Тәкен Әлімқұлов) деген талғампаз талант еді. Ол әр кез «Риясыз көңілден шыққан ақиқат сөз ғана әмбені түгел риза ете алмақшы» (Әбiш Кекілбаев) деген ұлы ұғымға ат тізгінін тартқан, жүрісінен жаңылмаған, арлы азамат еді. М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Райымбек ауданының Құрметті азаматы еді. Жалпы, атаққа ұмтылу, көрініп қалу, менмендік жағына шорқақ болатын.
Ақын өзі күн кешкен қоғамның тамыршысы десек, Айтақын Әбдіқал «Ғұмыр – дастан» жинағында жұртым желпінуден тыйыл, ес жию керек-ті ащы болса да айтып кетіпті. «Ей, Заманым! Сен маған тұлданбағын, Шындықты ашып айтқаным үшін», – деп алып: «Сайқал заманның, Сайтан – адамның, Қыңыр қылығын, Немен жабармын?! Уақыт не дейді, Обыр көбейді… Арлы қамығып, Айып төлейді… Сайқал заманның, Сайтан – адамның, Қыңыр ісіне, Қалай ем табармын», «Заманым – «түлкі» деп, Тазы – ит боп жеттік пе? Шығайбай дүркіреп, Шын «бай» боп кеттік пе?», «Хан да өткен, Батыр да өткен, Дана да өткен, Ешкім жоқ көрге барын ала кеткен. Не бір көсем, данышпан, ойшылдар да, Заманның қабағына қарап өткен. Қу алдап, күшті езіп, ұры тығып, Талайлар талайларды талақ еткен. «Іскер» боп іріктеліп шығып жатыр, Биікке өз мүддесін қойған жандар. Зымырап күн артынан келеді күн, Шытырман сауалдар көп неге бүгін? Ақ қайсы? Қара қайсы? Дана қайсы? Айтады уақыт бір күн төрелігін. Кеш болып, бармақ тістеп жүргенше ертең, Бүгінге өз бағасын береді кім?!» – деп алып: «Шын үңіліп, назар салып қарасаң, Адам аз боп, майда кісі көбейді», – дейді де, елді түзеу ер ісі, ерсіз ел емес едік, «Бабам үшін, адам үшін тым қымбат» ұлт рухын жасытпайық, сергітелік, серпілтелік дегенді алға тартады. Ал «Көшіп жатыр Қарасаз» атты әнге арналған сөз қабырғаңды қайыстырады:
«Көшіп жатыр Қарасаз,
Бәрі қайда барады?
Мұқағали ақынның,
Әні қайда қалады?
Ұлы жайлау – Шалкөде,
Сәні қайда қалады?..
Бәрің қайда барасың?..
Ұзақ жорытқан Жабыр тау,
Жәмеңкеден – Үшқақпақ,
Өр Текес пен Байынқол,
Қайнар, кімге қаласың?
Күнкөрістің қамымен,
Қалдыра ма ел бесігін,
Әлдилеген даласын?!
Бәрің қайда барасың?» – деп киелі жерді иесіз қалдырмаңдар, бос қалған жер ертең біреудің көзқұртына айналады, ағайын деген сәулелі ойды ортаға салады. «Айтып өткен ақында арман бар ма?!»(Мұқағали) деген осы болар.
Өмірге келген адам түбі бір кететінін меңзеген бір тұста Қадыр Мырза Әлінің «Жетіп жатыр маған белгі болуға, Туған жердің қарапайым бір тасы» деген сөзіне бағып:
«Байлығым қолымда жоқ, ойымда бар,
Мен емес текке налып, уайымданар.
Мазасыз толғаныстар, ойланыстар –
Күні ертең мен тойлайтын тойым болар», – деп Айтақын ақын келер күнге үміт артқан екен. Сол ойланар да, тойланар үміт ендігі жерде кейінгі толқынның еншісіне қалып отыр. Ол енші өзі кеткенмен, сөзі қалған азамат ақынға селт еткізер сергектікпен көрсетілер құрмет деп білеміз.
Сүлеймен Мәмет,
Алматы облысының
Құрметті азаматы