«Сәуір болмай – тәуір болмайды» деген тәмсілдің тоны айналып, тозығы жеткендігін жанар-жағармай бағасының күрт көтерілетінінен көруге болатындай. Қараша халықтың күйбең тіршілігі қыза түсетін мезгілде бензин бағасының 205 теңгеге (12 пайыз), дизель құнының 295 теңгеге (20 пайыз) дейін қымбаттайтынынан хабардар еткен экс-министр Болат Ақшолақовтың мәлімдемесі темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілерді қатты қынжылтты. Қабырғаны қақыратқан қымбатшылықтан өзі де титықтап жүрген халықтың жүйкесіне сәуір айы сөйтіп тәуір жаңалығымен жетпей, жүйкеге салмақ салуда.
– Тұрақты жұмысым – такси қызметі. Таңнан түн ортасына дейін дамыл таппай 150-200 шақырымға дейін жол жүргендіктен ғана күнкөріске қажет қаражат қалтаға түседі. Табыстың көп мөлшері бензинге және көліктің қосалқы бөлшектеріне жұмсалады. Енді азық-түлікпен қоса, бензин бағасының көтерілуі шын мәнінде қарапайым халықты қанау емей, немене?, – деп кейіді такси жүргізуші Жарылқасын Аманбек.
«Бағаның өсуі көлеңкелі экспортпен байланысты» делінген. Ресми мәліметке сәйкес, былтыр елден 150 мың тоннаға жуық дизель отыны транзитпен, тағы 200 мың тонна жанармай заңсыз шығарылған. Себебі, елдегі жанармай бағасы басқа елдермен салыстырғанда өте төмен көрінеді. Мысалы, Ресейде дизель отыны 45 пайызға, Қырғызстанда 64 пайызға, Өзбекстанда екі есеге қымбат.
Ұлбосын ИСАБЕК,
Талғар ауданы