«Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы» деп Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, тіл – мемлекеттің тірегі. Сондықтан тұп-тұнық тазалықтың, көркемдік пен имандылықтың жаршысы болып, халқымыздың жан сезіміне айналып, ғасырдан-ғасырға аманатталған асыл қазынамызға деген құрмет түгесілмеуі тиіс. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде тағылымды шаралар ұйымдастырылып, мемлекеттік тіліміздің мәнін арттыратын жобалар қолға алынып жатыр. Жыл сайын 5 қыркүйекте аталып өтетін Қазақстан халқы тілдері күні де мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатуға өз үлесін қосып келеді. Аталмыш мереке биыл да жалғасын тауып, Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде парасатты да пайымды, тағылымды да тәлімді, шуақты да қуатты, жанға жағымды, аса қадірлі рухани кешке ұласты.
Аталған шарада анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұлықтауға, оның қадірін арттырып, құндылығын ұмытпауға жиналғандардың қарасы қалың болды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ұйымдастырылған облыстық фестиваль Мәдениет үйінің дәлізіне қойылған көрмеден бастау алды. Онда Алаш арысының мұражайынан алынған экспонаттар қаз-қатар тізіліп, келген қонақтар әр жәдігерге тебірене көз салып, қайраткердің елдік істерін естеріне түсірді.
Бұдан кейін Мәдениет үйінің акт залында тағылымды шараның шымылдығы түрілді. Шараға зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары мен қоғам белсенділері, еңбек ардагерлері, этнос өкілдері, мәдени ұйымдар, аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері, тіл оқыту орталығының мамандары қатысты. Арнайы шақырылған қонақтар қатарында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, ақын, сазгер Исраил Сапарбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман, қазақы дәстүрлерді насихаттаушы, жазушы Зейнеп Ахметова, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, қоғам қайраткері Досмаханбет Көшім, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбеков, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Байғали Есеналиев, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет, алаштанушы-ғалым Светлана Смағұлова, ақын, тіл жанашыры Кәмнұр Тәлімұлы болды.
Рухани кеш «Аманат» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Қарасай аудандық жастар театры сомдаған көрініс тіл – ұлттың күретамыры екенін баяндап, бар болашағымыз құнды қазынамызды қадірлеуден бастау алатынын бедерлеп, жиынға келген көпшіліктің жүрегін елжіретіп, көңіл пернесін дөп басты. Артынша сахнаға көтерілген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым кеш қонақтарын тіл мерекесімен құттықтап, ұлт беделі көрінетін шараның берері көп екенін жеткізді. Ол өз сөзінде ана тілін ардақтау кемел келешектің кепілі екенін алға тартты. Нұрлан Ерғалиұлы тіл саласы бойынша өңірімізде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, мемлекеттік тілді меңгеру бағытында қажырлы қызмет атқарған ардагерлерге алғыс айтты. Сондай-ақ тіл саясатының жүзеге асуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табыс етіліп, айрықша құрмет көрсетілді.
Рухани шара барысында Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту және оның қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған «Тіл айлығы» қорытындыланып, топ жарған тіл қамқоршылары мен тіл саласының мамандары марапаттан тыс қалмады. «Тілге құрмет – елге құрмет» айлығы аясында «Тіл жанашыры» номинациясы бойынша Талғар ауданы Қарабұлақ ауылындағы №22 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Валентина Воробьева жеңімпаз атанса, «Үздік кәсіпкер» номинациясында Іле ауданы «Дәулет-Бекет» ЖШС-нің бас директоры Сыдық Дәулетов алға шықты. Ал «Үздік тіл оқыту орталығы» номинациясы бойынша облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Қарасай аудандық филиалы үздік деп танылды. Жеңімпаздарға арнайы Құрмет грамотасы табысталып, сый-сияпат көрсетілді.
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясында басты рөлді сомдаушы актер Байғали Мақұлбекұлы қайраткер бейнесінде сахнаға көтеріліп ұлт жайлы, тіл жайлы терең толғанғанда зал сілтідей тынды. Тағылымды шараның мәнін келтіріп, әрін арттырған қадірлі қонақтар жиналғандарды тіл мерекесімен құттықтап, құнды қазынамызға деген құрметтерін еселеді. Күйші Секен Тұрысбеков көрерменді «Көңіл толқынымен» тербетті. Мемлекеттік тіл ұлықталған рухани кеш Қарасай аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, мерекелік көңіл-күй әсем әнмен әспеттеліп, мың бұралған бимен одан әрі бедерлене түсті.
Құралбек СӘБИТОВ
Қонаев қаласы