Қонаев қалалық әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде келелі мәселелер талқыланып, мемлекеттік қызметшілерге байланысты бірқатар тәртіптік іс қаралды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзу профилактикасы бойынша атқарылған жұмыс қорытындылары баяндалып, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің есебі тыңдалды.
Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Арсен Жақыповтың жетекшілігімен өткен жиында мемлекеттік қызметкерлердің өз ісіне деген жауапкершілігі жіліктеліп, тәртіп мәселесі баршаға тең екені тілге тиек етілді. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Әдеп жөніндегі кеңес басшылығының бас маманы А. Мұхтарова сөз алып, Кеген ауданы әкімінің орынбасары М. Батырханұлына, К. Қабылбековке, Кеген ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Шалғынбековке, Кеген ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Д.Сарыбаевқа, Кеген ауылдық округінің әкімі Р. Мәсеновке қатысты тәртіптік істер төңірегінде баяндама жасады. Қаралған тәртіптік шараларға байланысты Кеген ауданы әкімдігіндегі лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерінде жеке мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық белгілерінің болмауына байланысты оларға қатысты тәртіптік істер тоқтатылды.
Келесі кезекте Талғар ауданы Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Шыңғыс Толымбековке қатысты тәртіптік іс қаралды. Әдеп кеңесі хатшылығының бас маманы А. Битаев тәртіптік шара бойынша баяндама жасады. Ол лауазымды тұлғаның азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытпай, дөрекілік көрсеткенін жеткізді. Әдеп кеңесінің мүшелері мемлекеттік қызметкер өзінің әрекетімен және мінез-құлқымен жергілікті жұртшылық тарапынан сынға себепкер болғаны үшін оған сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Келесі сөз кезегін алған Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова аудан әкімдігінің қызметінде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелерін жария етті. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі Г.Аманова басқарманың қызмет нәтижелерін баяндады. Жиын барысында Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Забира Сайділдинаның да есебі тыңдалып, атқарылған қызметтер жайлы сөз қозғалды. Кеңес соңында 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметтiк автокөлікті қызметтiк емес мақсатта пайдаланбау жөніндегі шектеуді сақтауына жүргізілген талдау қорытындылары қаралып, мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар берілді. Әдеп кеңесін қорытындылаған Арсен Жақыпов мемлекеттік қызметкерлерді өз ісіне жауапкершілік пен әдептілік танытып, олқылықтарға жол бермеуге үндеді.
Құралбек СӘБИТОВ