«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланып, республика бойынша барлық өңірден жиналған жеңімпаздар Астана төрінде марапатталды.
Отбасы құндылықтарын насихаттап, қоғам тірегі болар берекелі шаңырақ иелерін үлгі қылатын бұл байқаудың бүгінде маңызы мол. Отбасы күніне орай өткен салтанатты кеште Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жиналған жұртқа Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді. Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолында құндылық қазынасы, тәрбие көзі – отбасы институтын қолдау маңызды қадам екенін ескерген Президенттің құттықтау хатында «Мерейлі отбасы байқауы – ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашатын, өзіндік дәстүрі бар бірегей жоба. Халқымыздың асыл қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда әр отбасы айрықша рөл атқарады. Елімізде адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген өнегелі әулеттер аз емес. Бүгінгі салтанатты кеш – соның айқын дәлелі. Бұл байқаудағы әрбір отбасының жеңісін бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейлі жетістігі деп бағалауға болады», – делінген. Бұл ойды Мәулен Сағатханұлы да жалғап: «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отбасының әлеуетін көтеруге, ана мен баланы қорғауға, қоғамда дұрыс құндылықтарды дәріптеуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында да осы мәселелерге назар аударып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған кезекті әлеуметтік бастамалар кешенін жариялады. Мұның бәрі еліміздегі әр отбасының өміріне оң ықпалын тигізетіні анық», – деп, биыл іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, отбасыларды қолдауға және әйелдер мен балалар құқығын қорғауға арналған басқа да шаралардың маңызын атап өтті. Осы орайда, әрине, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының да алар орны бөлек.
Жалпы, биыл 11-рет ұйымдастырылып отырған байқауға қатысуға елдің түпкір-түпкірінен 3369 өтінім түскен екен. Ал облыстық кезеңнің жеңімпазы болған Райымбек ауданынан қатысқан ғалымдар отбасы – Жанбаевтарға байқаудың сыйын Мәулен Әшімбаев тапсырды.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ