Қазақстан халқы 1980 жылдары 12 млн адам болса, қазір 20 миллионнан асты. Алматы қаласының халқы ол кезде 700 мың адам еді. Бүгінде бұл көрсеткіш 2,0 млн-ға жетіп отыр. Ал Алматы агломерациясын қоса есептесек, Алматы мен қаладан 60-70 шақырым аймақта шамамен 3 млн-нан аса адам бар. Республикада халық санының өсуімен қатар ауыр, жеңіл өнеркәсіпті, ауылшаруашылығын, қарқынды дамыту үшін көп мөлшерде электр энергиясы ауадай қажет. Қосымша өнеркәсіп, жаңа үлгідегі ауыл шаруашылығын дамыту технологиялары, жаңадан салынатын, жалпы халық тұтынатын кешендерді электр энергиясымен толық қамтамасыз ету – өте ауқымды жұмыс. Осы арқылы алып құрылыс объектілерін салатын инвесторларды тарту, халыққа қосымша жұмыс көзін ашып, жұмыссыздықты барынша азайту – кезек күттірмейтін міндет. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту шаралары барынша іске асырылуда. Шетелден электр энергиясын импорттау емес, керісінше экспортқа электр энергиясын шығарып, табыс табу – маңызды қадам. Аталған мәліметтерге қаныққан адам атом электр стансасын салу туралы мәселеге келгенде үрке қарамай, байыппен таразылайды деген сенімдеміз.
Ресми деректерге сүйенсек, республикада 222 электр стансасы электр энергиясын өндіреді. Белгіленген қуаты – 24641,9 МВт, иелік қуаты – 20428,4 МВт. Барлық электростансаның өндірген өнімінің 70 пайызы көмірмен, мазутпен, 20 пайызы газбен, 7 пайызы сумен, 3 пайызы жел, күн энергиясымен реттеледі. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылы электр энергиясының қуаттылығы 120,6 млрд кВт сағат болса, 2030 жылдары қажетті электр қуаты 155,9 млрд кВт сағат болмақ. Айырма немесе қосымша қажетті энергия 13,5 млрд кВт сағатқа жеткен. Оңтүстік аймақтарға қажетті дефицит электр энергиясы 11,3 млрд кВт сағат, ал солтүстік облыстарға қажеттілік 0,7 млрд кВт сағатты құрайды.
Елімізде электр энергиясын өндіретін стансалардың салынғанына алды 40-50 жылдан асты, көбісі ескірді және күрделі модернизациялауды қажет етеді. Көмірмен, мазутпен жұмыс істейтін үлкен электростансалар қаншама улы газ шығарып, ауаны ластауда. Алматы қаласының аспаны бұған толық дәлел.
Су электр стансалары қандай жағдайда жұмыс істеп тұр? СЭС-тің сумен қамтамасыз ету жағдайы қалай? Осы сұрақтарға ойланып көрдік пе? Қапшағай су қоймасы салынғанда 28 млрд текше метр су жиналады деп жобаланған. Мұнда сағатына 364 МВт электр энергиясын өндіру керек. Ендеше, ең көп мөлшерде су жинадық дегенде қоймада 18,4 млрд текше метр су болады, судың айналым қоры 6,6 млрд текше метрді құрайды. СЭС салынғанда басты мақсат қыс айларында Алматы қаласын ертелі-кеш электр энергиясы жетіспейтін кезде қажетті электр энергиясымен қамтамасыз ету керек болса, қазіргі кезде, керісінше, жаз айларында СЭС барынша жұмыс істеп, нағыз қажетті қыс айларында судың тапшылығынан қажетті энергия өндіре алмайды. Өйткені жаздай күріш алқабын сумен қамтамасыз ету үшін 600-700 т/метр секундына 4 ай бойы СЭС арқылы су жіберіліп, тамыз айының аяғында Қапшағай су қоймасында 14800 млн т/метр су қалады. Келесі егіншілік науқанына қажетті су қорын жинау үшін осы уақыттан бастап, СЭС-тен 180-230 т/метр секундына су жіберу режиміне көшеді. Ал Мойнақ СЭС-і жобада 300 МВт электр энергиясын өндіреді деп жобаланған. Бұл СЭС-тің де тағдыры дәл осындай. СЭС-ті сумен қамтамасыз ететін Бесмойнақ су қоймасының сыйымдылығы 238 млн т/метр, мұнда да қажетті мөлшерде су жинау проблема! Сонымен бірге Алматы, Жетісу, Жамбыл,
Түркістан, Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында салынған СЭС-тер келешекте қажетті су қорымен қамтамасыз етіле ме? Бұл сұрақтың жауабы бұлыңғыр. Дүниежүзілік жылу процесі, тау шыңдарындағы мұздықтардың еруі де ойландыратын мәселе. Келешекте Орта Азияда тұщы су мәселесі мемлекетаралық проблемаға айналмақ.
Газбен, көмірмен, мазутпен жұмыс істеп тұрған алып электр стансалары, мұнай, газ бағасының дүниежүзілік нарықтағы бағасының қымбаттауына әсерін тигізбей ме? Жер қойнауындағы мұнай мен газдың қоры азаймай ма? Күн, жел энергиясымен жұмыс істеп тұрған электр энергиясын өндіретін стансалар мәселесі де көбіне ауа райына байланысты. Келешекте бұл қалай болады, мұны да ескергеніміз дұрыс.
Егер АЭС салынатын болса, қазіргі жаңа технологияны қолдану аса маңызды. Салатын инвестордың жай-жапсарын толық анықтап, инвесторларды дұрыс таңдау қажет және Халықаралық атом энергиясы агенттігінің қатаң бақылауы керек. Өзіміздегі Ядролық физика институтының ресми деректері бойынша, шетелдерде осы институттан шыққан 600 маман жұмыс істейді екен және АЭС салу шешілсе, дер кезінде өз мамандарымызбен толық қамтамасыз ететін жағдайы бар көрінеді. Мамандар дайындау, жергілікті кадрлармен, жұмысшылармен қамтамасыз ету, шетелден келгендерге біздің елдің Конституциясына бағынуды, ҚР Заңын қатаң сақтауды талап ету, қажет болса Миграция туралы заңға өзгеріс енгізген жөн. Қорыта айтқанда, «Қасқырдан қорықсаң, тоғайға барма» демекші, жер бетінде 192 АЭС барын ұмытпайық. Францияда 498 ядролық реактор, Қытайда 54 өндірістік ядролық реактор істеп тұр. АҚШ-та 93 атомдық реактор, Жапонияда 48 ядролық реактор, 4 энергоблок, Ресейде 10 АЭС, 33 энергоблок бар екенін ескерсек, атом энергиясын пайдаланып, халықтың игілігіне жарату өмір талабы екенін ұғына түсеміз.
Елімізде АЭС салынатын болса, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады, артық электр энергиясын экспорттауға қосымша табыс көзін ашып, елдің қажеттілігіне жаратуға жағдай туады. 1,5 мың МВт жетпейтін тапшылық жойылады. Солтүстіктегі алты облыс орталығын электр энергиясымен қамтамасыз ететін Ресейден, Қырғызстаннан сұраныс азаяды. 200 млн долларға жылма-жыл сатып алуға төлеген қаражатты басқа мақсатқа пайдалануға мүмкіндік пайда болады, сонымен бірге экологиялық таза электр энергия көзі іске қосылады. Оның үстіне, Қазақстан табиғи уран қорынан дүниежүзінде екінші, өңдеуден бірінші орын алады. АЭС-ті өзімізден өндірілген арзан ядролық отынмен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар.
Үлкен елдімекені жанынан АЭС салынатын болса, ол да дұрыс шешім, өйткені Балқаш көлінің суы толық қамтамасыз етуге жеткілікті, реакторды суытудың жаңа технологиялары суды үнемдеп жұмсауға негізделген екенін оқып-біліп отырмыз. Үлкендегі бос қалған қала үйлеріне тұрғындар келіп, қосымша қаншама жұмыс орны ашылып, бір елдімекен қайта түлер еді. Сонымен қатар ірі мегаполис Алматы қаласынан 340 шақырым жерде электр энергиясын өндіру – бір мәселе, оны жеткізу екінші мәселе екенін ұмытпайық. Екібастұзда өндірілген 1 кВт электр энергиясының өзіндік құны қанша, ал транспортациялау кезінде Алматыда қанша теңгеге айналатынын салыстырып көріңіздер. Қазақстанда АЭС-ті салу туралы үлкен аналитикалық талдауды дұрыс жолға қойып, халыққа түсіндірме жұмысын жандандырса, халықтың қолдайтынына сенімдіміз.
Атом десе, денеміз дір ете кететін жағдайға жеткен елміз. Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларында жарылған атом бомбасынан бірнеше жүздеген мың адам зардап шексе, 1949 жылдан бастап Қазақстан жерінде 600-ге жуық ядролық сынақ өтті. Байқоңырдан гептиль отынымен ұшқан зымырандар құлап, қаншама адам, бірнеше буын жазылмайтын дертке шалдықты. Оның үстіне, Чернобыль, Фукусима АЭС-терінде болған апат біздің де халықты ойландырмай қоймады, осының бәрі атом туралы сөз болса, тұла бойыңды түршіктіретін жағдайға жеткізді. Қазақстанда АЭС салуды Бүкілхалықтық референдумға шығару өте орынды, көпшілікпен келісіп пішкен тон келте болмайды.
Қазақстан азаматы ретінде Үлкен елдімекенінің жанынан АЭС салу жоспарын үлкен қажеттіліктен туындап отыр деп есептеймін. Ел болашағын энергиясыз елестету мүмкін емес. Сондықтан жаңа салаға үреймен емес, үмітпен қарап, экономикамызға тың серпін береді деп сенім білдірейік.
Тынышбай ДОСЫМБЕКОВ,
Алматы облысының
Құрметті азаматы