Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының жаңа кезеңінде мемлекеттік қызметті жаңғырту міндетін қойды. Ол өз сөзінде мемлекеттік орган қызметінде сабақтастық пен институционалдық жадының жоқтығы сияқты өзекті проблеманы тілге тиек етті. Кадрлық тұрақсыздық мемлекеттік қызметтегі сабақтастықтың үзілуіне әкеп соқтырады. Басшылықтың жиі ауысуы, жаңа басшының өзінен бұрынғы лауазым иесінің идеяларын жүзеге асырмай қоюы, тек қана өз реформаларын жүргізуге ұмтыла беруі сабақтастыққа сызат түсіретін теріс факторлар болып саналады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық аймақтарында департамент жанынан «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органдары құрылды. Тәлімгерлер кеңесінің міндеттері – мемлекеттік басқарудың сабақтастығы және институционалдық жадыны көшіру, лауазымға тағайындалған басшылардың кәсіби дағдыларын дамытуға және бейімдеуге жәрдемдесу, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілерге рухани-адамгершілік бағдарларды және құндылықтардың тұрақты жүйесін қалыптастыру. Қазіргі буын басшылары мен мемлекеттік қызмет ардагерлерінің үйлесімді жұмысы сабақтастықты дамытуға және жұмыстың тиімді әдістерін сақтауға септігін тигізеді деп күтілуде.
Алматы облысындағы «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органы 2023 жылдың 17 мамырында құрылған. Кеңес органы төрағасымен қоса 8 мүшеден тұрады. Кеңес мүшелері мен төрағасы азаматтық ұстаны берік, үлкен өмірлік және кәсіби тәжірибеге ие, адамгершілік-патриоттық тәрбие беру саласында бірегей ресурсы бар мемлекеттік қызмет ардагерлері мен құрметті азаматтардан құралған.
Тәлімгерлер кеңесі құрылғаннан бастап, бүгінге дейін 6 отырыс өтті. Алматы облысы бойынша 2023 жылы Тәлімгерлер кеңесінің 3 отырысы ұйымдастырылды. Мемлекеттік басқарудың сабақтастығын, жергілікті мемлекеттік орган басшыларының кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсету мақсатында «Стратегиялық-инновациялық мемлекеттік қызметті қалыптастыру», «Өңірлік кадр құрамының тұрақтылығын қамтамасыз ету», «Елге қызмет – ерен еңбек» тақырыптарында отырыстар қолға алынды. Отырыстарға 7 басқарма басшысы қатысты. Биыл жаңадан тағайындалған 6 басқарма басшысының қатысуымен 3 басқосу болды.
Жиын төңірегінде бірқатар өзекті мәселе мен тақырыптар қозғалып, оларды шешу жолдары мен нақты іс-қадамдары ұсынылды. Атап айтқанда, дін істері басқармасының басшысы дін саласындағы жат ағымдармен күрес және оларды шешу жолдары жөнінде баяндап, өз ұсыныстарын енгізді. Жастар саясаты басқармасының басшысы Алматы облысы бойынша NEET санатындағы кәсіби білімі жоқ және жұмыссыз жастармен жұмыс істеу мен оларды қолдау мақсатында іс-шаралар жүргізіліп жатқанын баяндап, ағымдағы жылдың екінші жартысында жастарға арналған пайыздық мөлшерлемесі аз «Алатау жастары» атты «Отбасы банктің» ипотека бағдарламасы басталатынын хабарлады. Ал ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс, цифрлық технологиялар басқарма басшылары елдің әлеуетін көтеру, экономикасын және туризмін, құрылыс саласын дамыту мақсатында елеулі жұмыстар жасалып, көптеген жоба бойынша жұмыс жүргізіліп, инвестиция тартылып жатқандығы жөнінде баяндады. Бұл ретте кеңес мүшелері басшылық лауазымға тағайындалған жас мемлекеттік қызметшілерге өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру, рухани-адамгершілік бағдарлар мен құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Елге қызмет – абыройлы міндет», «Елге қызмет ету – білімнен емес, мінезден», «Мемлекеттік қызмет: жауапкершілігі мол міндет» тақырыптарында отырыстар өткізді. Сонымен қатар тұрақты түрде Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін ескере отырып, мемлекеттік қызмет саласындағы саясатты іске асыру бойынша тиісті жұмыстар орындалуда.
Бүгінгі таңда қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына деген сенімін сақтау және нығайту мақсатында Тәлімгерлер кеңесі төрағасының бастамасымен қала мен аудан деңгейінде кеңес құру туралы ұсыныс әзірленуде. Қорытындылай келе, Тәлімгерлер кеңесі мемлекеттік қызметшілерге рухани-адамгершілік бағдар мен құндылықтарды дәріптеп, жаңадан басшы лауазымына тағайындалған мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет ардагерлерінің арасында үйлесімділік пен сабақтастықты дамыту және тиімді жаңа әдістерді қолдану бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеді.
Қожахмет ЖАМБЫЛҰЛЫ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы
бойынша департаменті мемлекеттік қызмет
басқармасының бас маманы