Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық полиция департаменті есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, подполковник Ардақ Қайсаров «Нашақорлықты және есірткі құралдарын, соның ішінде оқу орындарындағы жасөспірімдер мен жастар арасында есірткінің синтетикалық түрлерін таратудың алдын алу және есірткі зертханаларын анықтау жұмысы бойынша қабылданатын шаралар» деген тақырыпта брифинг өткізді.
Басқарма басшысының мәліметінше, облыстық ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары арасында нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу жұмысын ұдайы жүргізіп келеді. Атап айтқанда, заңсыз есірткі айналымы үшін берілетін жауапкершілік пен оларды қолданудың зияны туралы ақпараттандыру, салауатты өмір салтын ұстану және өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарау туралы насихат, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды қабылдаудан саналы түрде бас тарту дағдыларын, таратумен айналысатын тұлғаларға бейжай қарамау жағдайын қалыптастыру, балаларды, жасөспірімдер мен жастарды адамгершілік-патриоттық тұрғыда тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар атқарылуда.
Жыл басынан бері есірткіге қарсы бағытталған 376 алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды. Оның ішінде жалпы білім беру мекемелерінің арасында 214 дәріс өткізіліп, есірткіні пайдаланудың және таратудың құқықтық салдары түсіндірілді, сонымен қатар әлеуметтік бейнебаян көрсете отырып облыстағы есірткі жағдайы туралы ақпарат жеткізілді.
ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы құрамында «Шолпан» ресурстық орталығы, «Нашақорлар мен маскүнемдердің рухани орталығы» және «PARYZ ЕРІКТІЛЕРІ» қоғамдық бірлестігі бар үкіметтік емес секторды тарта отырып, жастар ресурстық орталығымен есірткі сайттарын жарнамалайтын жазбаларды жою жөніндегі рейдтік іс-шаралар мен акциялар өткізген. Іс-шара барысында 800-ден астам жазба жойылды. Жастар ресурстық орталығы мен «PARYZ ЕРІКТІЛЕРІ» қоғамдық бірлестігі арасында қарым-қатынас жасау туралы меморандумға қол қойылды. Соның аясында апта сайын мекенжайы көрсетілген есірткі сайттарын жарнамалайтын жазбаларды, граффити суреттерін жою жөніндегі рейдтер жоспарланған. Сондай-ақ ішкі және халықаралық тасымалдаумен айналысатын көлік компанияларымен қарым-қатынас жасау туралы 11 меморандумға қол қойылған. Сонымен қоса ювеналдық полициямен бірлесе отырып, кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және нашақорлықты, есірткі қылмысының алдын алу мәселелері бойынша ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылады.
Интернет кеңістігіне мониторинг жасау барысында «ИС киберқадағалау» арқылы есірткі құралдарын насихаттайтын 106 сайт анықталып, бұғатталды. ЕҚҚІҚБ қызметінің нәтижелері тұрақты түрде әлеуметтік желілерде, облыстық полиция департаменті бастығының жеке парақшасында жарияланып тұрады.
Полиция департаментінің сұрауы бойынша, алдын алу жұмысын күшейту және тиімділігін арттыру мақсатында облыстық әкімдік тарапынан 2024 жылға 40 млн 755 мың теңге көлеміндегі қаражат есірткіге қарсы күреске бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру жолындағы тауарлар мен қызметтерді сатып алуға бөлінген.
Облыстық ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ардақ Қайсаров: «Есірткі мәселесі үнемі бақылауды қажет ететінін атап өткім келеді. Сондықтан жалпы жұмылдырылған күш арқылы алдын алу іс-шараларын өткізуді жалғастыра береміз», – деп атап көрсетті.
Бейбіт МЕКЕЕВ