Халықтық штаб мүшелері Қарасай ауданындағы «АзияАгроФуд» АҚ-ның, «Үшқоңыр» спорт мектебі мен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының еңбек ұжымдарымен және аудан тұрғындарымен кездесіп, пікір алмасты.
Кездесу барысында штаб мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Махаббат Бигелдиев өзінің Қарасай ауданында басшылық қызмет атқарғанын және өңір тұрғындарының барлық бастамаға белсене қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған прогрессивті саясатты қолдайтынын атап өтті.
– Қарасай ауданы – Алматы облысындағы қуатты индустриялық орталық, ірі өнеркәсіптік өңір. Бүгінде аудан экономикасын қарқынды дамыту үшін электр энергиясына қажеттілік туындап отыр. Энергетика дамымай, ел экономикасының өркендеуі мүмкін емес. Бұл – жаңа кәсіпорындардың ашылуының, жаңа жұмыс орындарының құрылуының және экономикалық өсудің басты факторы. Сондықтан мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімдер халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып қабылданады, – деді Махаббат Сәдуақасұлы.
Кездесуде ядролық физика саласының сарапшысы, «Ядролық физика институты» РМК бас директорының орынбасары Евгений Ермаков өз ойын ортаға салды. Сарапшы АЭС құрылысы елдің энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, электр энергиясы тарифтерінің өсуін тежеуге де ықпал ететінін атап өтті.
– Энергетика – әр елді дамытушы қозғалтқыш. Атом стансасы арқылы қауіпсіз әрі экологиялық таза электр қуатын үздіксіз шығаруға мүмкіндік ашылады. Біз бүгінде елімізге жетпеген электр қуатын Қырғызстан мен Ресейден алып отырмыз. Мысалы, бүгінде кей зауыттар тұрақты қуат көзі болмағандықтан ары қарай дами алмай отыр. Әрине, тұрғындардың өз радиофобиясы бар. Бұл ең алдымен атом электр стансаларын салудан және ядролық жарылыстардан қорқуына, саланы жетік білмеуіне байланысты. Сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигоны да әсер етіп жатыр. Бұл тұста мынаған мән берген жөн. Ол кезде атомды әскери мақсатта сынақтан өткізді. Ал мына АЭС бейбіт мақсатта салынады, – дейді ол.
Сарапшы Евгений Ермаковтың айтуынша, атом энергетикасы Қазақстанға таңсық емес. Алматыдағы ядролық физика институтында атомдық зерттеу реакторы өткен ғасырдың 60 жылдарынан бері медицинаға қажетті радиоизотоптар шығарып келеді. Ол обырға шалдыққан мыңдаған адамды емдеп, тексеруге қолданылады. Евгений Ермаковтың сөзінше, егер АЭС салынатын болса, ол әлемде ең қауіпсіз стансалардың бірі болмақ.
– Көпшілік атом электр стансасы салынған жағдайда кадр тапшылығына ұрынамыз деп ойлайды. Негізі олай емес. Ядролық физика институты радиациямен жұмыс істеуді біледі. Бізде суды зерттеу реакторы бар. Бұл – болашақта Қазақстанда салуды жоспарлап отырған атом электр стансасының прототипі. МАГАТЭ үшін зерттеу реакторы мен атом электр стансасына қоятын талаптар бірдей. Демек, біздің мамандар аталған АЭС-те жұмыс істей алады. Әрине, ол жерге жоғары білімді мамандар қажет. Алдын ала жасалған болжамдарға сүйенер болсақ, 400-ден астам маман қажет. Бізде осы сала бойынша теориялық тұрғыда білім беретін оқу орындары жетеді. Бірақ, тәжірибе керек. Қазір қазақстандық төрт жоғары оқу орнымен мемарандумға қол қойдық, яғни мамандарды өзімізде даярлауға мүмкіндік бар, – дейді Евгений Ермаков.
Халықтық штабтың мүшелері заманауи атом энергетикасы жоғары қауіпсіздік стандарттарына ие және ауаның ластануын азайтуға ықпал ететінін де атап өтті. Кездесулер атом энергетикасы мәселелерін сарапшылардың пікірлері мен нақты деректерге сүйене отырып, мұқият зерттеу керек деген оймен түйінделді. Ал еңбек ұжымдары мен тұрғындар АЭС құрылысына қатысты сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді.
Е. Мұқырбай