Облысқа арнайы іссапармен келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қаскелең қаласында орналасқан Сүлеймен Демирел университетіне атбасын бұрып, еліміздегі озық оқу орындарының бірінен саналатын білім шаңырағының студенттерімен жүздесті. Кездесуге сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков қатысты.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын Қазақстан халқына арналған Жолдауын талқылауға арналған алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған аталмыш университеттің ректоры Әлімжан Игенбаев алдымен қонақтарды таныстырып, алғашқы сөз кезегін Мәлік Нұржанұлына берді.
– Мен Сүлеймен Демирел университетінің алғашқы түлегімін. Сондықтан бұл кездесуді өздеріңіздің алдарыңызда берілген есеп деп қабылдасаңыздар да болады, – деп бастады Президент кеңесшісі өз сөзін. – Кемел келешектің кепілі болатын жастармен жүздесу мен үшін қашанда мәртебе әрі маңызды екенін алдымен айтқым келеді.
Биыл қыркүйек айының басында сіздердің оқу жылдарыңызбен қатар мемлекетімізде үлкен саяси маусым басталған болатын. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауымен ерекшеленгені белгілі. Жолдау «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталады. Бұл мемлекетіміздің дамуына жол ашатын жаңа бағдарлама, маңызды құжат десек, артық айтқандық емес.
Биылғы Жолдаудың бұрынғылардан ерекше болғаны анық. Себебі, біз Президентіміз бастаған үлкен саяси реформалардың жалғасын табатынына, елімізде саяси мәдениеттің қалыптасып келе жатқанына тағы бір куә болдық. 2019 жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болып сайланған күннің ертесіне Түркістанға келіп, Қожа-Ахмет Яссауи кесенесіне келіп, баба рухына тағзым жасағанына куә болған едім. Сол кезде жұртшылықпен кездескенде ол: «Біз үш қағидатты ұстанамыз. Ол – әділдік, сабақтастық және өрлеу» – деген болатын. Міне, содан бері де бес жыл өтті. Ал Президентіміз мемлекет басқарудағы осы басты бағыттарынан жаңылмағанын көріп келеміз. Баршаларыңыз биыл Атырау қаласында Ұлттық құрылтай өткенінен де хабардар боларсыздар. Осы Құрылтайда да Президентіміз алғашқы ұстанымын тағы бір айшықтап «Адал адам. Адал еңбек. Адал табыс» деп аталатын бағдарламалық баяндамасын жасады. Мұны Қазақстан халқының таяу болашаққа арналған идеологиясы деп қабылдаса да болады. Байқасаңыздар, Мемлекет басшысы әділдік туралы үнемі айтып келеді. Биылғы Жолдауын да осының сабақтастығы деп қабылдадық. Яғни, кез-келген жағдайда әділ шешім қабылданбаса, дұрыс таңдау жасалынбаса, адамдардың еңбегі адал бағаланбаса, заң мен тәртіп үстемдік құрмаса, ондай мемлекеттің болашағы да бұлыңғыр болмақ.
Осы жайларды айта келіп, Мәлік Нұржанұлы жастарды білім алу кезінде де, мамандық меңгеріп, өндіріске барғанда да әділ, адал, мемлекетшіл болуға шақырды. Бауыржан Момышұлының «Шындық көп, ал ақиқат жалғыз» деген сөзін еске сала отырып, мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен еліміздің егемендігі жолындағы баршамызға ортақ ақиқаттан алшақтап кетпеуді насихаттады.Байыпты пікірлерімен бөліскен Мәлік Отарбаев студенттердің қойған сауалдарына жауап беріп, оларды толғандырып жүрген мәселелердің мән-жайын тарқатты.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ