Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Салтанатты шараға әлеуметтік сала мамандары, ауыл тұрғындары жиналып, зейнет жасындағы азаматтар үшін арнайы құрылған мемлекеттік мекеменің қадамына сәттілік тіледі.
Алғашқы құттықтау сөзін алған Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев көпшілікке аудан әкімі Нұрлан Ертастың ізгі тілегін жеткізді. Бұл – зейнеттегі ата-апаларымызға көңіл бөлудің тың қадамы. Мұндай мекеме ардагерлеріміздің өмір сапасын арттыру, денсаулығын нығайту және әлеуметтік белсенділігін қолдаудың жарқын көрінісі екенін айтты.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық денсаулығын нығайту және орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасына тоқталды.
– Мұндай мекеме Алматы қаласында қызмет істеген кезімде 2016-2017 жылдары ашылған. Облысқа ауысқанда «өңірде неге ондай орталық жоқ?» деген сұрақ жиі қойылды. Осындай қызметті ауыл адамдарына да қолжетімді етуді ойластырдық. Мыңбаев ауылы – үлкен округтің орталығы, мұнда заманауи Мәдениет үйі, спорт кешені, ғылыми-зерттеу институты, әкімдік ғимараты, мектеп, саябақ, қызмет көрсету орындары – бәрі бір-біріне жақын шоғырланған екен. Аудан орталығына да алыс емес, келіп-кетуге ыңғайлы. Үлкендерге айтарым, мұнда тұрақты келіп, кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге болар іспен айналысыңыздар. Аудан әкімшілігінің қолдауымен орталық бөлімшесі басқа елдімекендерде де көптеп ашылса нұр үстіне нұр болар еді», – деді Айгүл Матанқызы.
«Белсенді ұзақ өмір» орталығының директоры Жәния Сақташева көпшілікті мекеме жұмысынан хабардар етті. Орталықтың мақсаты – зейнеткерлік жастағы азаматтардың физикалық және психикалық денсаулығын жақсарту үшін белсенді түрде мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге әлеуметтендіру. Айтуынша, қазірдің өзінде мұнда 472 ардагер тіркелген, оның 111-і ер, 361-і әйел адам. Қызметтің 19 түрі көрсетіліп, әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Дене жаттығуларын жасауға арналған спорттық құрал-жабдықтар, тігін машиналары сияқты дүниелермен қамтамасыз етілген.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағи Қойшыбаев аудандық деңгейдегі мекеме ашуға осы ауыл таңдалғанына тұрғындар атынан ризашылығын жеткізді. Қарттар – еліміздің алтын қазынасы. Олар талай жыл еңбегімен, тәжірибесімен ел дамуына үлес қосты. Енді сол ардақты жандарға лайықты қамқорлық көрсету – біздің азаматтық борышымыз. Ұзақ өмір сүру – үлкен жетістік. Ал сол өмірдің сапалы, белсенді өтуі – әрбір азаматтың құқығы. Орталық зейнет жасындағылардың салауатты өмір салтын ұстануына, өзіне жаңа қызығушылықтар табуына, денсаулығын сақтап, әлеуметтік ортада белсенді болуына мүмкіндік береді. Өмірдің түрлі белесінен өтіп, мол тәжірибе жинаған жандар қамқорлыққа әбден лайық.
Ашылу рәсімінде Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, Жазушылар одағының мүшесі Шаяхмет Құсайынұлы мен Қазақстанның үздік ұстазы Зүбайда Асанова ортаға шығып, жаңа мекеменің нышан кілтін Мыңбаев ауылының белсенді тұрғындары, ардагер-ұстаз Мәриям Мұстанова мен Бақыт Сапарұлына табыстады. Ауыл ақсақалы Есенгелсін Исағұлов көпшілікке бата берді. Мекеме лентасы қиылып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Еңбекшіқазақ ауданы апаларының «Асылым» би тобы ұйғыр биін орындап, Мыңбаев ауылдық «Өсиет» әжелер ансамблінің өнерпаздары ән шырқады. Шара Мыңбаев ауылдық Мәдениет үйі жанындағы «Жерұйық» оқушылар вокалды тобының орындауында «Жамбыл ауданы» әнімен аяқталды.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы