Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі хабарлады. Конкурсқа кемінде үш жыл мінсіз мемлекеттік қызмет өтілі бар «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері қатыса алады. Үміткерді ол қызмет ететін мемлекеттік орган басшысы ұсынуы шарт.
Конкурс екі кезең бойынша өтеді.
Бірінші кезең – облыстық деңгейде қатысушыларды өңірлік конкурстық комиссия іріктейді. Өңірлік конкурстық комиссия Агенттіктің аумақтық департаменттері жанынан құрылады. Комиссия құрамы қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ, мемлекеттік органдардың басшыларынан және басқа да тұлғалардан жасақталады.
Конкурсқа қатысуға құжат 2023 жылдың 15-30 сәуір аралығында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттерінің электрондық пошталары арқылы қабылданады.
Екінші кезең – республикалық деңгейде республикалық комиссия қатысушылардың презентациясын тыңдау мақсатында 2023 жылғы 2 маусымға дейін кандидаттармен әңгімелесу өткізеді. Презентация қорытындылары бойынша республикалық комиссия онлайн дауыс беруге жолдау үшін үздік ұсыныстарды іріктейді.
Онлайн дауыс беру Агенттіктің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жүргізіледі және оған республиканың барлық азаматтары қатыса алады.
Республикалық комиссияның қорытынды отырысында конкурс жеңімпаздары айқындалатын конкурс нәтижелері туралы шешім қабылданады.
Конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылады.