Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында «Хорлан» атты сауда кешені бар. Аталған кешен уақытпен үндесіп, қызметін талабына сай жетілдіре түсуде. Ашылғанына 30 жылдан асқан сауда үйі ауыл тұрғындарының мақтанышына айналып отыр.
Сауда кешенінің иесі – Сара Мұқымжанова. Кәсіпкер ана өз кәсібінің табыстар әкелгенін Тәуелсіздік атты ұлағатты ұғыммен байланыстырғанды жақсы көреді. Оның өзіндік себебі бар. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Кеңес үкіметі тарап, осыған дейін оңаша бұзаудан, ортақ өгіздің қамын жеп келген халық екі қолға бір күрек таба алмай, әрі-сәрі күй кешкені белгілі. Ендігі жерде жаңа қоғамның ыңғайымен әрекет жасап, қолдан келетін кәсіпке мойын бұруды бәрі ойлады. Сол арқылы күнкөрісін ажыратуға кіріскеннің дұрыс екенін түсінді.
Аудандағы жұмысшысы көп іргелі мекеменің бірі – халыққа тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты еді. Атағы дардай мекеме нарықтық экономиканың көшіне ілесе алмай тұралап қалған соң, мұндағы еңбек адамдары да уақыт алға тартқан кәсіпкерлікке біртіндеп икемделе бастады. Осыған дейін аталған еңбек орнында тігін цехының шебері болып қызмет еткен Сараға да ендігі жерде заман ағымына қарай өзгеруге тура келді. Сөйтіп, алдында тұрған сан тарау кәсіптің ішінен халық қажетін өтейтін, көпшілікпен қоян-қолтық араласып жұмыс істейтін саудагерлікті қалады.
Отағасы Мәлік Нұрпейісов екеуі алғаш сауданы ұсақ-түйектен бастады. Меншігіндегі «Москвич» автокөлігімен алыстан арбалап, жақыннан дорбалап тұтынушыға ең қажетті деген тауарларды тауып әкелуді қамтамасыз етті. Оны қолжетімді бағада ұсына білді. Саудаға шындап бетбұрған кәсіпкер үшін сол шақтың күні мен түнінің айырмасы жоқ болғаны өтірік емес. Ерінбей істеген еңбек – бар қиындықты жеңбек. Осы қағиданы берік ұстанған Сара Мұқымжанова бірте-бірте сауданың қыр-сырына қанығып, аз жылдың ішінде өз кәсібінің білгіріне айналды.
О бастағы дүңгіршек қазіргі таңда «Хорлан» атты киім-кешек, жиһаз бен тұрмыстық бұйымдар, құрылыс заттары, автобөлшектер сататын ірі-ірі төрт сауда кешеніне айналған. Тұтынушылар өздеріне қажетті дүние үшін ат арытып, алысқа шабылмайды. Күнделікті қажетті дүниенің бәрі де «Хорланнан» табылады. Адам аяғы сиремейтіні де сондықтан. Үш баланың анасы Сарадай кәсіпкер бүгінде сауданың көрігін қыздырумен ғана шектеліп отырған жоқ. Кейінгі жылдары анасының қасынан табылған қызы Жанар екеуі 9 адамды жұмыспен қамту мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп, жұмыссыздықтың азаюына өзіндік септігін тигізіп отырған жайлары бар. Күнкөрісі төмен, қамқорлық қажет ететін отбасыларына да демеушілік жасап, қайырымдылық көрсетуді айнымас мұраты санайды. Сондықтан кәсіпкер анаға жерлестерінің айтар алғысы мол.
– Мен үшін Тәуелсіздіктің жөні бөлек. Олай дейтінім, осынау ұлағатты ұғым арқылы халқымыз еркін өмір сүрудің жарқын жолына түсті. Болашақ бағдарымызды айқындадық. Көкірек көзіміз ашылып, санамыз сергіді. Заман тынысын, уақыттың тамыр соғысын аңғаратын дәрежеге жеттік. Ең бастысы – бостандықтың әрбір арайлы таңын жайдарман жаңалық, көзайым қуанышпен қарсы алудамыз. Менің саудамен айналысуым да Тәуелсіздікпен қатар басталған. Бүгінде халыққа қызмет етіп, кәсібімді қалың қауымның нәсібіне айналдырудағы жеткен жетістіктерімнің бәрі де – Тәуелсіздіктің жемісі деп білемін, – дейді Сара Мұқымжанова.
Жұмабек ТҰРДИЕВ,
Райымбек ауданы