Республика күніне орай Қонаев қалалық Мәдениет үйінде мерекелік салтанат өтті. Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
– Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке», – деп атап өткен болатын. 1990 жылғы 25 қазанда Егемендік туралы декларация қабылданды, еліміз тәуелсіздікке бет бұрды, азат болудың алғышарты жасалды. Сондықтан біз үшін бұл күннің орны ерекше. Осы тарихи сәттің куәгері болған облыстың Құрметті азаматтары Ызғарбек Бектұрсынұлы, Серік Кәтенұлы, Әлихан Әбдіханұлы мен Нұрлан Ілиясұлы ортамызда отыр. Бұл декларацияның қабылдануымен республиканың егемендігін мәлім ететін мемлекеттік рәміздері, шекарасы, азаматтығы, бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі бекітілді. Сондықтан Республика күні – әрбір азаматтың еліне деген сезімін, патриоттығы мен жарқын болашағын айқындайтын мереке.
Мемлекетімізде ұлттар достығына айрықша мән беріледі. Ел бірлігін сақтауда татулықтың үлкен байлық екенін Қазақстан халқы айқын сезінеді. Біз мемлекетіміздің саяси және экономикалық салалардағы, сондай-ақ оның әлемдік аренадағы жетістіктерін мақтанышпен атап өтеміз. Бұл бағытта Алматы облысының қосар үлесі де аз емес. Биылғы 9 айдың өзінде өңір экономикасына 32,8 пайыз өсіммен 615,0 млрд теңге инвестиция тартылды. Өнеркәсіпте 1,4 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,9 пайыздық өсіммен 480,6 млрд теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 243,8 млрд теңгені құрап, 777,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 33 674 тұрақты жұмыс орны құрылды. Еліміздің қарыштап дамып, толағай табысқа жетуі – халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің жемісі, – деді облыс басшысы.
Бұдан соң Марат Елеусізұлы Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 16 қазандағы №675 Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Парасат» орденін білім және ғылым қызметкерлерінің «Демеу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Тоққожа Естеновтің кеудесіне тақты. Сонымен бірге Ұйғыр аудандық мәслихатының төрағасы Нұрәкім Есжан, Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырхан Меңдебаев, Іле ауданындағы «Damu Logistics» АҚ компаниялар тобының басқарма төрағасы Сәкен Тойлыбаев, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Іле өңірі-Или вадиси» газеті бас редакторының орынбасары Иминжан Тохтияров, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы бөлімшесінің басшысы Серік Тұтқышбаев «Құрмет» орденін алса, Іле ауданындағы «Филип Моррис Казахстан» ЖШС механигі Руслан Бахтахунов III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленді. Бірқатар азамат «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды.
Облыстық мәслихаттың 2024 жылғы 15 қазандағы №27-140 шешімімен Жамбыл ауданының еңбек ардагері Орынтай Әмірғалиевке, Еңбекшіқазақ ауданы «Жақыпбек» шаруа қожалығының төрағасы Аянбек Дәуітқұловқа, «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Айбек Қонақбаевқа Алматы облысының Құрметті азаматы деген төсбелгі мен лента табысталды.
Салтанатты шара мағыналы әрі мазмұнды концерттік бағдарламаға ұласты. Көпшілік назарына ұлттық мерекені ұлықтайтын тебіреніске толы театрландырылған қойылымдар ұсынылып, халқымыздың шежірелі тарихынан сыр шертіліп, патриоттық әндер шырқалды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ