Жамбыл ауданында Республика күніне арналған бірқатар іс-шара өтті. Аудандық Мәдениет үйіндегі мерекелік жиынға аудан жұртшылығы, мекеме басшылары, ардагерлер, білім, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.
Аудан әкімі Нұрлан Ертас көпшілікті ұлттық мерекемен құттықтаған сөзінде еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында жасалған маңызды қадамдарға, кейінгі жылдардағы жетістіктерге тоқталды. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға наградалар мен марапаттар, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы атағын тапсырды. Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Дәл осы күні Жамбыл ауданында үш сәби дүние есігін ашты. Аудан басшысы Нұрлан Ертасұлы перзентханаға арнайы барып, сәбилердің аналарын құттықтады. Ол ана мен бала денсаулығын қорғау мемлекетіміздің басты назарында екенін жеткізді. Сонымен қатар нәрестелердің аналарына сыйлықтар табыс етілді. Жамбыл ауданында жылына 4 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Ауданда 170 мың адам шамасында тұрғын бар. Өңір Алматы қаласы маңындағы демографиялық көрсеткіші жоғары аудандардың қатарында.
Республика күні қарсаңында аудан орталығынан шалғайдағы Үңгіртас ауылында ағаш отырғызу шарасы өтті. Ауыл тұрғындары ұйымшылдықпен атсалысқан экологиялық акцияға аудан басшылығы арнайы барып қатысты.
«Ағаш отырғызу – бұл табиғи ресурстарды қалпына келтіріп, экологиялық жағдайды жақсартуға көмектесетін маңызды үрдіс. Қоршаған ортаны қорғауда жасыл желектің атқаратын қызметі үлкен. Ағаш ауаны тазартады, сонымен қатар айналаға әдемілік сыйлайды. Менің ойымша, бүгінгі шараға қатысқан әрбір адам қоршаған орта мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелеріне көңіл бөлмейінше, алдыңғы қатарлы қоғам болу мүмкін еместігін түсінді», – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Батырхан Меңдебаев.
Айта кетсек, биылғы көктемде ел Президентінің бастамасымен қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін дамытуға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы бастау алғаны белгілі. Бұл шара біртіндеп тұрақты жобаға айналды және халық арасында кеңінен қолдау тапты.
Мереке қарсаңында аудан орталығы Ұзынағаш ауылында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Онда үздік шаруашылықтар мен фермерлер өздері өндірген табиғи таза, сапалы ет, сүт, бал, көкөністер мен жеміс-жидектерін қолжетімді бағамен тұрғындарға ұсынды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы