«Атамекен» баспасынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық және республикалық конкурстардың жүлдегері, ақын Шаяхмет Оразымбекұлының авторлығымен «Орындалған парыз» атты жаңа кітап жарық көрді. Бұл кітап Алматы облысының, оның ішінде Қарасай ауданының да әл-ауқатын көтеру мақсатында өмірінің ұзақ жылдарын еңбек майданында өткізіп, еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға күш-жігерін сарқа жұмсап, адамдық қасиетін жоғары қойып, қандай сәттерде болмасын, адалдығынан танбай, облыс әкімінің кеңесшісі лауазымына дейін қызмет атқарған білікті маман, тұлғалы азамат Насариден Түсіповтің өмір жолына арналған.
Ол кісімен бірге қызмет атқарған, дәм-тұздас болған, бүгінде көзі тірі азаматтар жоқ емес. Солардың және жақсы адамдардың өмір жолы қызықтыратын көзіқарақты оқырмандар назарына аталған кітаптың алғашқы беттерінен үзінді келтіре кетуді жөн көрдік. Жарық дүние жаралғалы бері теңіз толқындарының бірінен соң бірі лықсып келіп жағадағы жартасқа соғылып, ғайып боп кетіп жататыны секілді, адамдар да өмірге келеді, кетеді. Артына ұрпақ қалдырып, қаншама игі істер тындырса да, жұмырбасты пенделердің көбісі жарық дүниедегі дәмі таусылып, бақилық болған соң көп ұзамай-ақ есімі ұмытылып, мұхитқа тамған тамшыдай із-түзсіз ғайыптың құшағына жұтылып кете баратыны да анық. Ал жарық дүниеге келіп, жасы саналы шаққа жеткен кезден бастап алдына асқақ арманды мақсат қойып, елі үшін еңбек ете жүріп, үнемі өткенін сараптап, өмірінің әр кезеңін қорытындылап, айналасында болып жатқан жақсылы, жаманды құбылыстарды жадында зерделеп, бойына жинаған, барлық ізгі қасиеттерді кейінгіге өнеге етіп қалдырған адамдардың есімі де өшпей, халқымен, ұрпағымен бірге жасай береді.
Біз сөз еткелі отырған Насариден Түсіпов те айшықты ізі қалған жандардың бірі десек, әсіре мадақтағанымыз емес. Қайта жақсының жақсылығын айтып, кезінде жасаған ізгі істерін кейінгі ұрпақтың санасына жеткізіп, оның ұмытылмастай асыл бейнесін тұлғалауды мақсат тұтқанымыздан деп ұғыңыздар. Ендеше онымен мына бес күндік жарық дүниеде дәмдес-тұздас болған, өмір жолында бірге адымдасқан жандар және оның есімімен осы кітап арқылы алғаш рет танысқалы отырған қалың оқырман қауым осыдан екі-үш жыл бұрын өмірден өткен, тамырын тереңге жайған үлкен бір әулеттің саялы алып бәйтерегі, елінің аяулы азаматы Насариден Түсіповтің өнегелі өмірі сіздерге де жақсы әсерін қалдырып, бойларыңызға түйірдей болса да мейірім мен ізгілік, адамгершілік пен имандылық тәрізді асыл қасиеттердің дәнегін себер деген үміттеміз. Сондай-ақ бұл кітапты тек өмірбаяндық естелік деп қана емес, еліміздің соңғы жиырма бес, отыз жылдай бұрынғы басып өткен жолынан да хабар беретін әдеби-деректі туынды ретінде қабылдауларыңызды қалар едік.
Насариден Абдырайымұлы 1949 жылы Қарағанды облысы Ульянов ауданында (қазіргі Бұхар жырау) туған. Бұл Отан соғысынан кейінгі ауыртпалыққа толы кезең еді. Бес жыл бойғы қасірет тек майдандағы жауынгерлерге ғана емес, тылдағы тұрғындар өміріне де зор ауыртпалық алып келді. Соғыстан есеңгіреген халық енді ғана есін жиып, бейбіт өмір тірлігіне кірісе бастаған. Тұралап қалған шаруашылық, ер азаматтарының көбінен айырылып, өрісі өркендемей қалған ауылдар. Әлі де жұмыс қолы жетіспейтін ауыр жұмыстар мен күнделікті күйбең тірліктің бәрі де әйелдер мен буыны қатып үлгірмеген жастардың мойнында еді. Ауылдағы қыруар шаруаларға жұмыс қолы жетіспей жататын. Мұндайда әлі мектеп қабырғасында жүрген Насариден мен оның құрбыластары да қарап жатпайтын.Үлкендермен қоян-қолтық араласа жүріп, еңбек майданының көрігін қыздыратын. Бір жазда ұжымшар малына қысқы жем-шөбін даярлау науқанында пішеншілерге қолқабыс тигізіп, еңбекқорлығымен ерекше көзге түскен. Сол үшін Насариденге ұжымшар басшылары атынан көпшілік алдында арнайы марапат тапсырылып, оның бала жүрегін мақтаныш сезімі билеп, жас жігерін қайрай түскен еді. Осылайша ол жастайынан еңбекке араласып, адам баласын аздыратын еріншектік пен оңай жолмен пайда табу сияқты жамандық атаулыдан бойын аулақ ұстаған.
Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ өжеттігі байқалған балғын жас өзінің алдағы өмір жолын дұрыс таңдай біліпті.
«Мектебің, міне, класың
Осында он жыл тұрасың
Тарыдай болып кіресің
Таудай болып шығасың», – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, Насариден де сонау 1969 жылы Талғар қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепті бітіріп, таудай азамат болып, өзі бұрыннан армандап жүрген мамандығы бойынша таңдауын жасап, сол кездегі Алматы ауылшаруашылық институтына құжаттарын тапсырды.
Мектепте алған білімі өз нәтижесін берді. Емтихан тапсырған барлық төрт пәннің сынынан сүрінбей өтіп, тек конкурс деген сүзбеден өтпей қалды. Емтихан тапсырған пәннен алған бағалары жаман емес, ендеше неге конкурстан өтпей қалдым деген күмәнді сұрақ оның жанына маза бермей, тағы да сол өзінің бойына біткен өжеттігіне салып, деканның қабылдауына кірді. Арықтау келген көзілдірікті қарасұр жүзді егделеу жастағы декан Насариденге суықтау көз тастады да қойған сұрағына:
– Жарқыным-ау, комиссия осылай шешсе, мен не істемекпін? Комиссия абитуриенттің емтиханда алған бағаларымен қоса еңбек өтіліне да баса назар аударады. Сондықтан әуелгі кезекте ауылшаруашылық саласында жұмыс істеп келген жастарға жеңілдік беріледі. Әлі жассың ғой, келесі жылы да келіп бағыңды сынарсың, – деп салқын қабақпен шығарып салды.
Тысқа көңілсіздеу шыққан Насариден Талғарға тартып, үйге келіп бар жайдың шындығын баяндағанда нағашы ағасы Фарид сәл ойланып отырды да:
– Насариден, күйреп кеткен ештеңе жоқ, жасыма! Өмірің әлі алда, түсерсің оқуыңа. Ең бастысы, жаның аман болсын! – деп жұбатып, оның жігерін қайрады.
Шынында да күйреп кеткен ештеңе жоқ екен-ау, алға басудың басқа да мүмкіндігі бар емес пе деген үмітті ойлармен бойы серпілген Насариден ойлана келе Талғардағы ауылшаруашылық техникумына құжаттарын тапсырды да, емтихандардың бәрінен сүрінбей өтіп, өзі қалаған мамандығына қол жеткізіп, білім жолына түсті. Студент атанып, көңілі шалқыған Насариденге сәт қадам болып басталған сол кезеңі оған өмірінің жарқын бір беттері болып есте қаларлықтай тағы бір шаттығын сыйлады…
Қуат Қайранбаев