Болашақ иесі жастарға керегі – сапалы білім мен саналы тәрбие. Бүгінде осынау таразының екі басын тең ұстап, шәкірттерінің әр салада биік жетістікке жетуіне себепші болып отырған оқу орындары – білім-инновация лицейлері.
Азаттық алып, бой тіктеген 90-жылдардың басында еліміздің әр өңірінен ізденімпаз балаларға есігін айқара ашқан лицейлер тәуелсіздікпен бірге түлеп, 30 жылдық тарихын да таңбалады. Осынау мерейтой тұсында Есік қаласында орналасқан Алханбек Мәлкеев атындағы Есік мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде үлкен кеш өткізді. Білім ордасынан түлеп ұшқан шәкірттер, оқушыларды білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие берген ұстаздар бас қосты. Келелі кездесуге арнайы шақырылған қонақтар мен ата-аналар да жиналды.
Салтанатты жиынның ашылуында сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Бекет Ахметов: «Білім ордасын тәмамдап, түлеп ұшқан балаларымыз бүгінде бір-бір саланың мықты маманы ретінде еліміздің көркеюіне үлкен үлес қосып отыр. Білімді де білікті шәкірт тәрбиелеген тәжірибелі ұстаздарға құрмет білдіріп, осындай іс-шара ұйымдастырып жатқан мектеп ұжымы мен оқушыларына алғыс айтамын», – дей келе, бүгінде Есік қаласының әкімі ретінде халыққа қызмет көрсетіп отырған Жан Құраметов те лицей түлегі екенін тілге тиек етті.
1994 жылы Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің білім бөліміне қарасты Алханбек Мәлкеев атындағы Есік мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты деген атпен ашылған білім ордасының атауы 2017 жылы «Білім-инновация» лицей-интернаты болып өзгерді. Дәл осы жылы лицей қазақстандық ЮНЕСКО клубы федерациясының мүшесі мәртебесін растайтын сертификат алады.
Жиында «Жас дарын» облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау ғылыми-практикалық орталығының директоры Диана Онбырбаева лицей директоры Нұрболат Алтынбекұлына және ұстаздарға білім басқармасы басшысы Салтанат Беспаеваның Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ облыстағы білім ошақтары арасында «Білім-инновация» лицей-интернаты жеткен жетістіктерімен әркез жоғары тұратынын да атап өтті.
Лицей оқушылары олимпиадалық байқауларға үнемі қатысып, еліміздің Туын білім додаларында биіктен желбіретіп жүр. 2017-2018 жылдары облыстық байқаудан 30, республикалық байқаудан 43, халықаралық байқаудан 3 жүлде иеленсе, 2022-2023 жылдары аралығында облыстық байқаудан 62, республикалық байқаудан 25, халықаралық жарыстан 1 жүлде қанжығалап, үздіктер қатарында келеді. Республика бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуден де жоғары ұпай жинап жүрген лицей түлектерінің басым көпшілігі мемлекеттік грант иегері атанып жатқанына куәміз.
«Бәсекеге қабілетті, үйлесімді орта қалыптастыра отырып, болашақта ел мен жерге пайдасы тиер білімді, адал азаматтардың шығуына жағдай жасауды мақсат еткен бұл білім ордасы бүгінде өз мақсатына жетті деп айта аламын. Оған еліміздің әр түпкірінде абыроймен қызмет етіп отырған түлектер дәлел. Ал бұл істе ұстаздардың еңбегі ерен», – деген «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Қуат Қожахметов білім саласы мен жергілікті жердің өркендеп-өсуіне қосқан үлесі үшін кештің құрметті қонақтарына қордың төсбелгісін табыстады.
2015 жылы лицей түлектері «Ағалқа» қоғамдық бірлестігін құрып, бүгінге дейін игі іспен айналысып, көмекке мұқтаждардың жанынан табылып жүр. Мерейтойға арнайы келген қоғамдық бірлестіктің негізін қалаушы Ұлан Нұрәлім мен бірлестіктің экс-президенті Әсет Смаилов отыз жыл ішінде лицейдің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан ұстаздарға мерейтойлық төсбелгі табыстады.
Лицей оқушыларының КТК командасы өткір қалжыңдарымен қонақтардың көңілін көтерді. Сондай-ақ әуезді ән, домбыра үні кештің сәнін кіргізді.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы