Әлемдік тарих тұрғысынан қарағанда, әр халықтың, соның ішінде қазақ елінің және олар құрған мемлекеттің алар орны ерекше. Қасиетті Отанның бір сүйем жері үшін жанын пида етуден тайынбаған тұлғаларымыздың күрескерлік жолы, ерен ерліктері – жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
Сұңғыла саясаткерлердің, қоғам қайраткерлерінің, жалынды да жігерлі жастардың патриоттық сезімі ғасырлардан жалғасып келе жатқан батыр бабалардың тектілік қасиетінен бастау алатынын атап айту парыз. Туған жерін жан-тәнімен сүюді басты мұратына балаған еңбексүйгіш, ұлт руханиятына жанашыр, мейірімді, білім мен ғылымды жоғары деңгейде меңгерген, ата-ана тәлімі тұла бойына дарыған осы елдің негізгі түп иесі, алтын қазығы болар бақуатты ұрпақтың барына құдайға шүкір дейміз.
Бүгінгі күн – кешегі күннің шәкірті. Өткенімізді дұрыс бағаламай, болашақтың қадірін біле алмаймыз. Еуразияның кең байтақ кіндігінде ұлан-ғайыр атырапты, Алтай мен Атырауға дейінгі аймақты қамтып жатқан қазақтың ұлттық ғылыми, мәдени, тілдік, генетикалық тарихи түп-тамыры, танымы, түсінігі тереңдігімен құнды.
Ата-тарихымыздың XV ғасырында, дәлірегі орта тұсынан ауа бастағанда Қазақ хандығының құрылғанына да келер жылы 560 жыл толмақ. Алты ғасырға жуық уақытта қым-қиғаш оқиғалардың, «тар жол, тайғақ кешулердің» болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ақиқатын айтқанда, еңселі елдігіміздің өзегі – ғасырлар бойы қалыптасқан ғұндар заманын, көк түріктер дәуірі мен Алтын орданы еске түсіргеніміз артық бола қоймас. Бұл кешегі өткен тарихымыз болғанымен, бүгініміз және келешегіміз үшін сабақ алар тарихи оқиғалар тізбесі.
Халқымыздың өзара дербес ел болып қалыптасуының алғашқы кезеңі қыпшақтар заманына тұспа-тұс келеді. Алайда моңғолдардың жойқын шапқыншылық жасау әрекетінен соң біршама тоқырағаны рас. Моңғолдар жаулап алғаннан кейін еліміздің қазіргі аумағында пайда бола бастаған мемлекеттер – Ақ Орданың, Әбілқайыр хандығының және Ноғай ордасының құрылуы қазақ мемлекеттілігінің орнауына бірыңғай негіз болды. Қазақ елінің ұлт болып ұйысқан кезі ХV ғасырдың екінші жартыжылдығы мен XVІ ғасырдың басында айқындалды. Қазақ хандығы туралы бізге жеткен нақты жазба деректердің бірі – Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде көрсетілгені тарихшы, ынталы оқырман қауымға жақсы таныс. Сонымен қатар Хиуа ханы болған ғалым-тарихшы Әбілғазының еңбектері де құндылығымен ерекше көзге түседі. «Түрікмен шежіресі» және «Түрік шежіресі» атты еңбектері шежірелік сипатта түркі дәуірінен бастап тарихи аласапыран оқиғаларды, сол заманда ел басқарған хандардың жүргізген саясаттары жөнінде жазған жылнамалар жинағында көп деректер келтірілген.
Отырар аймағы, Түркістан төңірегінде дүниеге келген қазақ тарихшысы, айтулы ғалым Қадырғали Жалайыри өзінің «Жылнамалар жинағы» еңбегінде Қазақ хандығы, оның би-сұлтандары жөнінде жазып қалдырған мол мәліметтері елге кеңінен таралған. Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог-ғалым Оразақ Смағұловтың еңбегі көп мәселенің тиегін ағытады. Ғалым қазақ халқының тарихы әріден басталатынын ғылыми дәлелдермен нақтылаған. Кезінде ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразақ Смағұловтың антропологиялық ғылыми-зерттеу еңбектері қудалауға түсіп, қуғын-сүргін көрсе де, ұлтына еткен адал қызметін, ғылымға сіңірген ғаламат өміршең істері ешқашан ұмытылмайды.
Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы еліміздің Президенті болып сайланған күннің ертеңінде Отырардағы Арыстанбаб пен Түркістандағы Қожа-Ахмет Яссауи кесенесіне арнайы барып, дұға еткені есте. Бұрынғы басшыларымыздың жолы да, алғашқы сапарлары да осылай басталған. Президент Түркістан облысының тұрғындарымен кездескенде: «Біз үш қағидатты ұстанамыз. Ол – әділдік, сабақтастық және өрлеу», – деген еді. Мемлекет басшысы кез келген жағдайда адамдардың еңбегі адал бағаланып, заң мен тәртіп үстемдік құрмаса, ондай мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болатынын үнемі тілге тиек етіп келеді. Биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Біз берекелі бірліктің арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өткен халықпыз. Алдағы уақытта да солай болмақ. Бәріміз бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құрайық. Сонда әркім өз елінің кірпіші болып қаланып, арман-мұратына жете алады», – деген сөзі ұлтымызды ұйыстырудың негізгі тетігінің бірі.
IX-XI ғасырларда өркендеген Оғыз мемлекеті заманында біздің бабаларымыз қазақтың өзіндей болған көзі, ажырамас мүлкі – киіз үйді ойлап тапқаны, тұрмыс-тіршілігінде негізгі рөл атқаратын баспананы жасап шығарғаны көп нәрседен хабар береді. Киіз үйдің керегесі, уығы, шаңырағы, түндігі, тағы басқа бөлшектері тұнып тұрған ғылым, өнер, тарих деп айтсақ, шындықтан алшақ кете қоймаймыз. Тарихымызға зер салсақ, кейбір деректерде Түркістан облысына қарайтын Отырар ауданының аумағында орналасқан көлемі өте үлкен, Қызылорда облысымен шектесетін, әйгілі сексеуілі мен жусаны қатар өскен, мал-жанға құтты өңір Қызылқұмда орналасқан, кешенді ғылыми зерттеулерді қажет ететін үлкен жер атауы бар. Осындағы жергілікті жұрт әлі күнге дейін бұл ойпаң жерді «Оғыздың сайы» деп атайды. Бұл туралы санасы ояу, көзіқарақты, дария мүсін абыз-қариялардың шындыққа жанасатын әсерлі әңгімелері әлі есімізде. Өз заманының заңғарлары Біләл Ысаұлы, Жарылқасын Нұсқабайұлы, Нұртаза Уәйісұлының құймақұлақ бабалары айтқан аңызы ақиқатқа саяды, оны кәсіби тарихшылар да мақұлдайды деп ойлаймыз. Көп жағдайда ел бірлігі жайында айтылатын «Оғызнама» – тарихи шығарма. Шығарманың басты идеясы – халықты ауызбіршілікке, ерлікке, адамзаттың ең асыл қасиеті – адамгершілікке үндейді. «Оғыздың сайы» деген атау ежелден халық атаған жерге байланысты шығуы әбден мүмкін деген ойдамыз. Себебі, IX-XI ғасырларда Сырдарияның орта ағысы тұсында Оғыз қағанаты билік құрды.
Орынсыз, үдеттіре жабылған айып шындыққа төтеп бере алмайды. Қазақ жеріне әртүрлі жағдайлармен келген ұлттар арасында тыныштық болғаны, әрине, жақсы әрі қажет. Әйтсе де, сол тыныштығымыз үшін қазақ ұлтының намысын, әділдігін құрбан етуге бола ма? Бұл күнде сол тыныштық үшін қазақ халқының 300 жыл бодандықтан кейін алған азаттығын да көре алмайтындар жоқ емес. Сөзіміз дәлелді болу үшін Халық жазушысы Сафуан Шәймерденовтің жазған жасампаз ойынан үзінді келтіргеніміз артық болмас. «Тыныштық барда – Тәуелсіздік бөлек. Бұл екі құбылыстың бір-біріне қайшы келетін кездері көп. «Тыныштық, тыныштық» деп жүріп тәуелсіздігімізден, дербестігімізден айырылып қалсақ, онда кім болғанымыз? Менің ұғымымша, жеме-жемге келгенде азаматтығымыз үшін тыныштығымызды құрбан етуге болады. Дүниенің, тарихтың пайым-үлгісі сондай. Ал тыныштығымыздың қамы үшін Тәуелсіздігімізді құрбан етуге болмайды». (№169 «Халық кеңесі» газеті, 1994 жыл, 9 қараша). Халқымыздың ардақты азаматы, ойы ұшқыр жазушы Сафуан Шәймерденовтің тауып айтқан осы бір пайымды пікірін әсте естен шығаруға болмайды деп ойлаймыз.
Бүкіл әлемде ұлт пен ұлыстардың ең көп шоғырланған жері де біздің еңселі егеменді елімізде. Бірлігі жарасқан, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан 130-дан астам этнос өкілдері қазақ елінің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін шамасына қарай қосып жатқаны – Отанымыздағы тұрақтылықтың жарқын көрінісі. Оның бір айғағы – Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Халқымыздың бірлігіне, ынтымағының артуына бірегей еңбек сіңірген, тарихта есімдері жазылған ардақты тұлғаларымыз аз емес. Солардың бірі – 1943 жылы «Ер қазақ» деп аталатын Әнұранның музыкасын, «Біржан – Сара» операсын өмірге әкелген қазақтың атақты композиторы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Мұқан Төлебаев, ал мәтінін абайтанушы ғалым, жылдар бойы саналы өмірін айдауда, жазықсыз жапа шегіп, түрмеде сарп еткен біртуар қайраткер Қайым Мұқамедханов жазған. Отанымызда өмір сүріп жатқан әрбір азамат жарты ғасырдай ұлт рухын көтеретін осы бір ғажайып әнді шырқағаны әлі күнге дейін ел жадында. Ақжарқын ағалардың сара жолын жалғастырушы, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі, сан қырлы сазгер, көптеген лирикалық әндердің авторы, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әні қалың елдің көңілінен шығып, жүрегінен орын алуы кездейсоқ емес. Бұл өлеңнің мәтінін жазған естен кетпес ерек есім, жалынды, сыршыл ақын Жұмекен Нәжімеденов болатын. Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы: «Аязынан арқар ауған Арқаның, арқасынан Алаш ауа көрмесін» деп тебіренгені тегін емес. Оны тұңғыш шырқаған бұлбұл әнші Жамал Омарова апайымыз еді. Биыл Ақордада жас та болса еліміздің мақтанышы, ұлттық өнерімізді әлемге паш еткен айрықша талант иесі, Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің мемлекеттік Әнұранымыз – «Менің Қазақстаным» әнін қайталанбас ғажайып дауысымен орындауындағы нұсқасы халықты тәнті етіп, баршамызды қуантты. Дәуірлер алмасады, ұрпақтар сабақтастығы мен бірлігі жалғасады, тектілік арналары үндеседі деген осы шығар. «Жер – елсіз болмайды, ел – ерсіз болмайды» дейді дана халқымыз. Ер дегеніміз – халықтың тірегі, қамқоры, қорғаны. Тар заманды басынан кешкен қазақ халқының талапты, талантты перзенттерінің айтулы еңбектерін саналы ұрпақ есінен шығармай сабақ алып жүрсе – қуанарлық іс, құптарлық қадам.
Қазақ хандығының ғұмыры XVIII ғасырға дейін үзілмей жетті. Ежелгі сақ-үйсіндердің, Түрік қағанатының жалғасқан мұрагері – Қазақ хандығы. Біз күні кеше өздігінен пайда бола қалған халық емеспіз. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында, «Елім-ай» деп бастан өткерген қилы кезеңдерде ата-баба жолынан ешқашан жаңылмай, ұйысқан біртұтас ынтымағымыз бен ауызбіршілігіміздің арқасында қиын-қыстау өткелдерден аман-сау өтіп, айбынды ұлтқа айналдық. Қатпар-қатпар шежірелі тарихымыз – елдігіміздің бастауы. Құдайға шүкіршілік жасауымыз керек, ассимиляцияға ұшырамай, революциялық төңкеріс жағдайларына әркез тап келсек те, егеменді еліміз эволюциялық жолмен қарқынды дамуда.
Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық қозғалыстар 1916 жылы қарқын ала бастады. 1917 жылы 27 ақпанда буржуазиялық-демократиялық Ақпан және Қазан төңкерісінің болуымен патша үкіметі құрдымға кеткені, уақытша үкіметтің құрылғаны, сайып келгенде бұл оқиғалардың халқымызға тигізген әсері болмай қалған жоқ. Оның соңы 1917 жылы қазанда, 1918 жылы наурызда Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнауымен аяқталды. Осы жылдар аралығында Алаш автономиясы құрылды. 1917 жылы 5-13 желтоқсан айында алғашқы астанамыз Орынбор қаласында екінші жалпықазақ құрылтайының өз деңгейінде өткені белгілі. Оған барлық облыстан, алыс-жақын аймақтардан бірнеше өкілдер арнайы қатысты. Негізгі мәселе – Ұлттық автономия құру болды. Бұл құрылтайда Алашорданың уақытша тұрағы – Семей қаласы деп белгіленді. Алаш автономиясы үкіметінің, яғни Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланды. Құрылтайда ең алғашқы көтерілген өткір де өзекті мәселе – ұлтымыздың үні, тірегі – қазақ тілін оқытып, дамыту тақырыптары сол кезден бастап-ақ күн тәртібіне қойылды.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы табалдырығы 1990 жылы 25 қазанда Жоғары Кеңес «Мемлекеттік егемендік туралы» декларация қабылдағаны еліміздің есінде мәңгі сақталады. Қазақстан өзінің тәуелсіздігін 1991 жылдың 16 желтоқсанында жариялады. Сол кездегі халық депутаты Сұлтан Сартаевтың Жоғары кеңесте жасаған баяндамасы ел есінде өшпестей өнеге болып қалды. Тәуелсіз мемлекет атанғанымызды алғаш рет мойындаған бауырлас ел – Түркия Республикасы болды. Екі-үш аптаның ішінде Қазақстанның егеменді ел болғанын 18 мемлекет танығанына тарих куә. 1992 жылдың наурыз айында Біріккен Ұлттар Ұйымына толыққанды мүше болып қабылдандық. Көк туымыздың желбіреп тұрғанына биыл 32 жыл толды.
«Бір кісі із салады, ол мың кісіге жол болады» демекші, Кеңес үкіметі тұсында біздің көптеген саяси қайраткерлеріміз еліміздің қарқынды дамуына айтарлықтай үлес қосты. Қазір де еселеп, бай тәжірибелерімен бөлісіп, халқына қалтқысыз қызмет етіп жүрген жақсыларымыз аз емес. Заманында өз тұрғыластарынан озық туған қазақтың тұңғыш кәсіби дипломаты, аудармашы, сыншы, публицист Нәзір Төреқұлов ана тілінен бөлек шет елдің 9 тілін меңгеріп, еркін сөйлеген. Саясаткер өз мақалаларында Тәуелсіздікке жету үшін ең алдымен елдің білімді болуымен қатар ана тілін жетік білу керектігін айтады. Сонда байқасаңыз, атамекенінен жырақта жүріп, КСРО-ның Сауд Арабиясындағы Төтенше және өкілетті Елшісі қызметін абыроймен атқарған Нәзір Төреқұлұлының ұлтты ұйыстырудың негізгі жолы – әуелі тілі, білімі, ғылымы, өнері, мәдениеті өркендесе, ұлттың рухани жағынан кемелденетінін, экономиканың қарқын алатынын кесіп айтқан кемеңгерлігі бүгінгі жас ұрпаққа жұғысты болса, ұтарымыз аз болмас.
Елімізді 40 жылдай басқарып, экономикалық саяси және әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты өсуіне өшпес із қалдырған заңғар тұлға, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик Дінмұхамед Қонаевтың өзі ұстаз тұтқан, айрықша қадірлеген, Қазақ үкіметін (Халық Комиссарлар Кеңесі) 1938-1951 жылдары басқарған халқымыздың сүйікті ұлы, лингвист ғалым Нұртас Оңдасыновтың еңбегі зор. Қайраткер ағамыздың шәкірттерінің бірі, Қазақ КСР Сыртқы істер министрі қызметін атқарған тұста БҰҰ-дағы биік мінберден тұңғыш баяндама жасаған жасампаз тарихи тұлға, психология және педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Төлеген Тәжібаевтың (балалар үйінде тәрбиеленген, шыңыраудан шыңға шыққан азамат) егеменді ел болуға сіңірген ерен еңбегін бүгінгі ұрпаққа ұлықтап, дәріптесе орынсыз деп ешкім де айта қоймас. Ал қазіргі таңда бірнеше шет тілін жетік білетін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың БҰҰ мінберінен әлемдік дәрежедегі өзекті тақырыптар жөнінде баяндама жасап, сөз сөйлегені еліміз үшін үлкен абырой. Бұл ең әуелі баянды Тәуелсіздігіміздің, біртұтас дана халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің арқасы.
Қазақ поэзиясының «құлагері» атанған ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің «Өз елін, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деген ғажап сөзі бар. Халқымыздың ішінде ғылымнан, өнерден, спорттан, тағы басқа салалардан халықаралық дәрежеге көтерілген азаматтарымыз аз емес. Ел мерейін үстем еткен жандарды әркез құрмет тұтсақ, берекелі ісіміз оңға басып, еліміздің ынтымағы артатыны анық.
Халықаралық стандарттарға сай келетін қарым-қатынастың көзі, сауда-саттық құралы – төл теңгеміз 1993 жылы 15 қарашада айналымға түсті. Егемендіктің арқасында Елордада әрбір үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің өтуі де – тұрақтылықтың белгісі, егемендіктің жемісі. Айта кетерлік тарихи бір сәт, 1990 жылы 25 қазанда Республика Жоғары Кеңесі «Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылдағанда еліміздің алғашқы әрі соңғы вице-президенті Ерік Асанбаевтың тарихи құжатқа қол қоюымен бекітілгенін архив құжаттары растайды. Сол күн Республика күні болып бекітілген. Алайда, 2009 жылдан бастап мемлекеттік мерекелер тізімінен шығып қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылдан 25 қазан Ұлттық мереке – «Республика күні» болып жарияланды. Жаратқан Құдай біздерді ауызбіршілігімізден, баянды Тәуелсіздігімізден айырмасын десек, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауқымды жұмыс жасауымыз керек. Тәуелсіздіктің айрықша белгісі – халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, көрші мемлекеттермен өзара келісілген шекара мәселесі арнаулы құжаттармен айқындалып, шекараға қатысты барлық іс-қағазымыз БҰҰ-да мақұлданып, бекітілген. Шекарамызды бекітуіміз – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында атқарылған айтулы іс болды. Жер көлемі бойынша тоғызыншы орындағы елімізбен шектесетін көршілес мемлекеттер – Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы және Түркіменстанмен жақсы қарым-қатынастамыз.
«Көп болып жұлдыз ай болмас, пейілі тар кісі бай болмас» – дейді кемеңгер халқымыз. Тәуелсіздіктің елең-алаңында еліміздің аяғынан тік тұруына, рухани, әлеуметтік, саяси, экономикалық, ғылыми, мәдени және халықаралық дәрежеде өсіп, өркендеуіне еңбегі сіңген ұлт қайраткерлерінің, тұғырлы тұлғалардың есімдері ел жадында. Елге қызмет еткен еңбектері өлшеусіз. Ұлылыққа – жылылық, кемшілікке – кеңшілік іздеген халықпыз. Әлемнің қай түкпірінде болса да қазақтың ғылымы мен төл өнерін, ауыл шаруашылығы мен мәдениетінің өскенін, іргелі ел екенін танытуға бейімді, білімді жастар өсіп, жетіліп келе жатқаны – барлығымыздың көзқуанышымыз. Елім, жерім, Отаным деген есіл ерлердің ең басты асқақ арман-мұраты да елінің егемендігі, азат дербестігі, тәуелсіз ел болу жолындағы ерліктерін бүгінгі буын үзбей дамытып, кең көлемде жалғастырып отырғаны ауызбіршілігіміздің арқасында екені анық. Оған ешбір күмән жоқ. Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі әлі де өз күшінде. Дана халқымызда «Игілік басы – ынтымақ» деген қанатты сөз бар. Ел ынтымағы мен бірлігінің артуына ұйытқы болатын кемеңгер тұлғаларымыздың тұғыры биіктей берсін. Жаһандану заманында озық ойлы өркениетті елге айналайық!
Абдрахман Тәуекелұлы
Ғани Смаханұлы