Алматы облысында білім беру саласында жаппай үш ауысымдық оқу жүйесін азайту жұмыстары күн тәртібінен түскен жоқ. Жақын арада түсе де қоймас, себебі агломерация өсіп, кеңейген сайын халықтың миграциялық көшіп-қон да үдейтіні белгілі. Әсіресе жаңа Алатау қаласына, одан әрмен Іле ауданы сияқты өнеркәсібі өркендеген өңірге жұмыс іздеп келіп қоныстанушылар көп. Осыған сәйкес орта мектептерде бала саны күрт өскен. Жаңа мектептердің де саны артып келеді. Мемлекеттің “Жайлы мектеп” пилоттық ұлттық жобасы осы мәселені шешу жолдарының бірі. Жоба апатты мектептерді, үш ауысымдық оқытуды және орта білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті мен Оқу-ағарту министрлігінің бірлесіп әзірлеген тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі үйлестіруші – “Samruk-Kazyna Construction” акционерлік қоғамы. Жобада 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000, 2 500 оқушыға арналған орта білім беру ұйымдарын жобалауды жүзеге асырылатыны жазылған.
Алатау қаласы, Еңбек ауылында жаңадан бой көтерген 600 орынды мектептің салынуы да осы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына кіреді. Бұл Алматы облысы, Алатау қаласы бойынша ашылған алғашқы жайлы мектеп.
Салтанатты шараға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Алматы облысының құрметті азаматтары, ұлағатты ұстаздар, оқушылар және ауыл тұрғындары қатысты.
Шарада сөз алған Нұрлан Ерғалиұлы алдымен құттықтау сөз сөйледі:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында білім ордасы есігін айқара ашып отыр. Осыдан 10 ай бұрын басталған құрылыс жұмысы аяқталып, бүгін пайдалануға берілді. Ұлттық жоба оқушы орындарының тапшылығын, апатты мектептерді жою және үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге бағытталған. Біздің мақсат — балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін заманауи, қауіпсіз әрі ыңғайлы орта қалыптастыру. Енді сіздер бұрынғыдай Жетіген ықшам ауданына балаларыңызды тасымалдамайсыздар, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Жаңа білім ошағы Еңбек ауылының жаңа құрылыс аумағында орналасқан. Мектепте жайлылық пен қауіпсіздіктің барлық талаптары сақталған. Бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері орнатылған. Мектептің құрылысын «Промкомплект» компаниясы 10 ай бойы жүргізді. Мерзімінен бұрын бітіріп, халықтың алғысын алып отыр. Мердігер компанияның басшысы Берікхан Рақымханұлы осындай мүмкіндіктер берген Алматы облысы әкімдігіне алғыс айтты.
Ғимаратта интерактивті тақтасы бар оқу кабинеттері, асхана, 1 спорт зал, компьютер сыныптары, зертханалық кабинет, жайлы кітапханалар, шеберханалар мен коворкинг-орталық қарастырылған. Жайлы мектепте «Жаңа модификациялы» химиялық лаборотория, биологиялық лаборатория, физикалық лаборатория, STEM кабинеті бар. Бұдан бөлек, қосымша білім беру сабақтарын өткізуге арналған кабинеттер бар. Жайлы мектеп ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да толықтай бейімделген.
– Бүгін Еңбек ауылында тұрғындар үшін мерейлі күн. Балаларымыздың бағына орай үйіміздің маңынан жайлы мектеп ашылып отыр. Енді балаларымыз 5 шақырым жердегі Жетіген ықшам ауданындағы №3 орта мектепке тасымалданбайтын болды. Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Заманауи білім ұясын салуға ықпал еткен Президентімізге зор алғысымызды білдіреміз, — дейді ауылдың абыз қариясы Еңбек ауылының құрметті ақсақалы Балтан Түгелбаев.
Сонымен бірге қала аумағында, атап айтсақ, Жетіген ықшам ауданы және Жаңадәуір ауылында 900 орынды мектеп, Қоянқұс ықшам ауданының 1 орта мектебінде 600 орынды жапсаржай салынады деп жоспарлануда, Гейт Ситиде 900 орынды мектеп құрылысы 2024 жылы басталған, бірақ қазір тоқтап тұр.
Бағдат ШОЙБАС,
Іле ауданы және Алатау қаласы