Перейти к содержимому
Главная страница » Дохадағы жеңіс

Дохадағы жеңіс

     Ел мәртебесін әлем аренасында асқақтатқан оғлан спортшылар легі толыға түсуде. Бұл жолы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылының тумасы Марғұлан Маратұлы таэквондодан Дохада өткен «Qatar Open G-1» турнирінде жасөспірімдер арасында 55 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Бұл жеңіс – жас спортшының он жыл бойғы тынымсыз еңбегі мен мықты ерік-жігерінің, табандылық пен төзімнің, жаттығу мен тәртіптің жемісі.

16 жасар чемпионның алғашқы қадамы ата-анасының тілеуінен басталған. Рухани және дене тәрбиесін қатар дамытқанын дұрыс деп тапқан ата-анасы оны таэквондо секциясына берген. Алғашқы бапкері – тәжірибелі маман, жас өренге таэквондоның әліппесін үйреткен Күләш Оралбаева. Уақыт өте келе, ол жарысқа деген ынтызарлықты сезініп, алғашқы нәтижелері көріне бастады. Бір-екі жылдың ішінде дүбірлі додаға нық қадаммен шықты.
Қазір Марғұлан – Қажымұқан Мұңайтпасов атын­дағы респуб­лика­лық мамандан­дырылған мектеп-интернатының оқушысы. Онда білікті бапкер­лерден тәлім алуда. Айтжан Алдабеков, Сапарғали Абдрашиев, Байжан Ержанұлы мен Ақсұлу Шақтауова сынды жаттықтырушылар жас чемпионның асқар асуды алуына рух беріп, жігерін жанып, жолын айқындап келеді.
Шынығу барысында ауыр сәттердің де болатыны жасырын емес. Әсіресе жарыс алдындағы салмақ қуу – нағыз ерік-жігердің сынағы. Әр спортшының психологиясы мен денсаулығына әсер ететін бұл кезең Марғұланға да оңай тимеген. Бірақ ол осы қиындықтар­дың әрқайсысын тәжірибе ретінде қабылдап, қайсарлықпен еңсере білді. Әр қарсыластың ерекшелігін зерттеп, олардың қозғалыс жылдамдығы мен соққы дәлдігін бақылап, өзіне қажетті тұстарды бойына сіңіре алды.
Дохадағы дүбірлі доданы Марғұлан ерекше толғаныспен еске алады. Сайыс барысында ол Катар, Тунис, Сауд Арабиясы және Филиппин спорт­шыларымен кездескен. Әрқайсысы – тәжірибелі, тактика­сы мықты, үлкен мектептен өткен қарсыластар. Дегенмен Марғұлан ешқайсы­сынан қаймықпағанын, керісінше әр кездесуге сеніммен шыққанын айтады. Жарыстың шарық­тау шегі – финалдық жекпе-жек. Сол сәтте оның бойында қобалжу да, қорқыныш та болмапты. Жеңісті сәттен кейінгі әсерлі көріністі әңгімелеген Марғұлан:
– Мен үшін ең керемет сәт – қазақ­тың Туын ұстап, жүгірген кезім. Бұл – Алланың қалауымен ата-анамның, бапкер­лерімнің үмітін ақтаға­нымды сезінген үлкен бақыт, – дейді.
Бүгінде Марғұлан Маратұлының мақса­ты айқын. Алда – Қазақстан Респуб­ликасының чемпионаты. Ол бұл сында топ жарып, ұлттық құрама сапына қосылуды, одан кейін әлем чемпионатына жолдама алуды мақсат еткен. Ал ең үлкен арманы – Олимпиада ойындарында қазақ елі­нің мәртебесін көтеру. Марғұланның жеңісі – мыңдаған жасөспірімге үлгі. Ол спортқа енді қадам басқан балаларға жүрекжарды сөзін арнады.
– Ең бастысы, қиын сәтте бәрін тастап кетпей, төзімділік таныту керек. Нағыз нәтиже шаршап тұрсаң да, ауырсаң да берілмеген кезде келеді. Еңбек түбі – жеңіс, – дейді жас спортшы.
«Qatar Open G-1» турниріндегі жеңіс – Марғұлан Маратұлының спорттағы алғашқы үлкен белестердің бірі ғана. Алда бұдан да биік шыңдар, бұдан да зор жетістіктер күтіп тұр.

Құралбек СӘБИТОВ

Жамбыл ауданы