Бұл туралы бүгінгі өткен баспасөз мәслихатында облыстық ТЖД бөлімінің аға офицері Дидар Асқарбекұлы мәлімдеді.
Аға офицердің сөзінше, өңірдегі өзен, көлдерде қауіпсіздік шараларын күшейту үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатса да, облыс су айдындарында адам өлімі бойынша антилидерлердің көшін бастап тұр.
«Адамдар тыйым салынған жерде шомылады. Сондықтан кісі өлімі көп болады. Осыған байланысты облыс әкімдігі шомылуға рұқсат етілген орындарды 7-ден 44-ке дейін ұлғайту жөнінде қаулы шығару бойынша жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта тиісті қызметтермен құжатын келісіп жатырмыз», – деді Дидар Асқарбекұлы.
Төтеншелік маманның мәліметіне сүйенсек, Алматы облысы азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында су айдындарында шомылуға тыйым салынған орындарды айқындау жөнінде шаралар қабылданып жатыр. Сондай-ақ рұқсаты бар орындардың талаптарға сай келетінін не келмейтінін тексеруге арнайы комиссия құрылады.
Айта кетейік, биылғы шомылу маусымы кезеңінде күшейтілген профилактикалық іс-шараларды өткізу үшін жергілікті бюджеттен 36 млн 454 мың теңге бөлінген.
Alatau News