Қоңыр салқын жер тамның төбесіндегі жарғақ терезеден күн жарығы енді-енді ғана сәулесін шаша бастаған шақ еді. Үй іші алакеуім. Сырттан келген адаммен тілдескен Аршынбике үйге кірген бетте төсегінің шетіне тізе бүгіп отыра қалып, иегі кемсеңдеп, солқылдап жылай бастады. Тосын дыбыстан шошына оянған Әли мен Қали да үстеріндегі көрпені лақтырып тастап, анасының иығына ұйқылы-ояу асылып: «Не болды, апа, неге жыладың?» – деп жамырай сұрасты. Көңілі босай түскен Аршынбике көз жасын тия алмай, қос иығын солқылдата: «Сендер сүйікті аталарыңнан, мен пір тұтатын әтиімнен айырылып қалыппыз. Тіреушім еді, сүйеушім еді, қамқоршым еді. Енді қайттік?» – деп бұрынғысынан арман өксіп, ағыл-тегіл жылай берді. Бауырына жастықты тығып, ырғатыла теңселіп, еңіреудей-ақ еңіреді.
Сырқаттанып жүретін. Енді, міне, дәм-тұзы таусылып, жарық дүниеден озыпты жарықтық. Әлгінде келген ауылдас адамның жеткізген суық хабары осы. Ұлдың үлкені Әлидің де қос жанары жасқа шыланды. «Жан баласына жақсылық жасаудан басқа, жамандық ойламайтын, ізгі ниетті, жанашыр, мейірімді, қайырымды атамның көз жұмғаны шын ба екен? Сенейін бе, сенбейін бе?» – деп күбірлеп жүріп, анасы жолға шығуға жиналды. Күн суық. Қыстың қытымыр ызғары бет қариды. Сарышұнақ шытымыр аяз сықырлап тұрған шақ еді. Аршынбике екі баласын ілестіріп, қалың қарды қақ жарған жалғыз аяқ соқпақпен ілби басып, ертелетіп жолға шығады.
Атасы Ысқабайдың денесін жер қойнына тапсырып қайтқаннан кейін дұға жасатып, Құранын оқытқан ағайын дастарқан басына жағалай отырып, дәмнен енді ала бастаған сәтте «Аршынбике қысылып жатыр» деген сөзді естігенде үй ішіндегілер үрейлене үрке түрегеледі. Енесі Дәріш келінінің қасына жүгіріп барып: «Қай жерің ауырады? Не болып қалды дем арасында?» – деп тамырын ұстады. Аузын ашып тілін, тамағын көреді. Жанары жасаурап, қабағы кіртиіп қалған. Екі-үш күннен бері тыным таппай зыр қағып жүргенде суық тиген шығар деген жорамалмен дереу қойдың құйрығын шыжғырып жіберіп, майын ішкізеді. «Енді тыныш жатып, көзіңді іл, сырқат басылар» деп көрпесінің жан-жағын қымтап қояды. Қасында отырған енесі: «Е, Жаратқан ием, жасаған емімді шипалы ете гөр. Мен де қасына қисайып, көз шырымын алайын бірауық», – деп қатарласа қисаяды.
Бір уақытта сырқаттанған ана үстіндегі қалың көрпені кейін сырып тастап, көйлегінің сырт жағынан жүрегінің тұсын уқалай бастады. Ауыр күрсініп жатып, қабағы ашылмай, қатты қиналған бетте күтпеген жерден о дүниеге аттанып кете баруы қайғыға-қайғы қосып, еңсені түсіріп, есеңгіреген күй кештіреді бәріне. Қолдан келер қайран жоқ. Көнбеске көніп, төзбеске шыдамдылық танытудан басқа айла таппай дал болады да қалады. Ағыл-тегіл жылап-сықтау қайта жалғасып, қайғының қара бұлты еңсені үстемелеп езгілей түседі. «Өмір деген осы. Қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Жазмыштың әрқайсымыздың маңдайымызға жазған бұйрықты жасы бар, кесімді уақыты бар. Пешенеңе не жазылса, сол болады. Қабырғаны қайыстырған ауыр қайғыны жеңетін – тек сабыр. Сол себепті болған іске болаттай беріктік танытып, сабыр сақтаған абзал. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Артында қалған ұрпақтарына Жаратқан иеміз қуат берсін. Жақсылығымен жарылқасын. О дүниеге аттанғандарға иман байлығын тілейік. Тірілерімізді бірлігінен, берекесінен айырмасын». Келушілердің бәрі осы тәріздіс тілек-ниетін білдіріп, ауыр қайғыға ортақтасып жатты.
Қос иығы салбырап, ұнжырғасы түсіп, қабір басынан жылап-сықтап қайтқан адамдардың соңынан ілбіп ілесіп келе жатқан Әли де мең-зең күй кешіп, сары уайым санасын сансыратып тастаған. Бірауық сәл сергіп, ес жиғансыған сәтте бір тосын дыбыс күбірі көмейін кернейді. Түйдектелген шытырман ойлар шырмайды басын. Іштен күбірлейді. Тіл ұшынан лықсыған ойлар орамының түйіні былайша өріледі:
Өлім неткен жаман-ды,
Тартып алды анамды.
Табыс еттің кімге, ана,
Әли, Қали балаңды?!
Қабырғасын қайыстырған қайғылы шақта аян ретінде кенеттен ойға оралған осы бір өлең шумағы Әлидің санасында бойтұмардай сақталып, жадында жатталып қалғанына іштей таңданып та жүреді. Әлидің анасын жер қойнына тапсырып қайтқандар Құран бағыштап, дәм-тұз татуға үйге қайта жиналады. Осы жиын үстінде панасыз қалған Әли мен Қалидың жайы ойландырады. Әңгіме төркіні осыған қарай ойысқан тұста қос жетімді кім асырап-сақтайды? Олардың болашағы не болады? Осындай сұрақтар төңірегінде ағайын өзара пікірлеседі.
– Бір үйдің шаңырағына орнаған тауқыметті қасірет кімге де болса оңай тиіп тұрған жоқ, – дейді сөз бастаған Әліпбай. – «Басқа түскен баспақшыл» дегендей, иыққа үйірілген қара бұлтты, қабырғамыз қайысса да, көтереміз, қиын болса да, көнеміз. Бипаздап сөзіміздің тігісін қанша жатқызғанымызбен, мына қос жетімді қорашсынбай бауырымызға басу – бізге ағайындық парыз. Жаратқан ием елеп-есіркесе, әлі-ақ жетіледі. Сөзімізді түйедей, ісімізді түймедей етіп, әңгімені көп созып қайтеміз, бір ұйғарымға келейік.
Өзара қауқылдасқан ағайынның келісімі бойынша Әлиді атасының үйінде, Дәріш әжесінің бауырында қалдыруды ұйғарасады. Әпектің ағасы Әлім баланың кішісі Қалиды асырап-тәрбиелеуге алып кетуге келіседі. Осылайша, жетімдік өмірдің тірлігі басталып кетеді.
Еске алсам өткен күн елестерін,
Қолтығымнан гуілдеп жел ескенін.
Тіміскілеп тұратын босағада,
Енесі өлген қозымен тел өскенмін, – дейді мұндайда кейіпкеріміз.
Ақ селеулі боз дала мен шағылды, табиғаты қатал Балқаш өңірінің құмы мен аңызақ желінің өтінде қиындықтың ащы дәмін қаны мен жанына сіңіріп, санасына түйіп өскен еркебұлан Әли – балалық шақтың балдәуренін өз мәнінде сезіне қоймаған өрен. Соғыс жылдарының тақсыретін тартты, жақсылық көріп өсті деп айту қиын. Олай дейтініміз, тағдыр басқа салған жетімдіктің бірталай теперішті құқайын көре жүріп ержетеді. «Соғыс кімді сормаңдай етпеді? Көкше теңіз баурайында жазда күнге күйіп, қыста үскірігімен үрпиіп, еңсемізді көтере алмай бұйығып өстік. Көңіліміз сәл селт етіп серпілсе, кімнен үйренгенімізді білмеймін, сәмбі талдың шыбығын ат қып мініп, құлаштай тақтай кесіндісінен мылтық жасап, атысып-шабысып соғыс ойынын ойнап, бір-бірімізді жаралағансып, шаршап-шалдығатынбыз. Оны көрген үлкен кісілер «Қайдағы бәлекет ойынды кім үйретіп жүр сендерге, ойындарың осылсын» деп зекитін еді. Бәрі уақыт әсері. Қанды майдан қасіретінің лаңынан туындаған әрекет. Қиындықты жеңіп, күнделікті күнкөріс күйбеңі көп тіршілік тауқыметінің әсерімен бала сезім де ерте оянды, ерте есейдік. Сергектеу, елгезектеу күн кештік. Еркінсушілік, салбөкселік, даңдайсушылық, енжарлық таныту балаға да жат еді ол кезде. Күн шықпай тұрып, кеш жататынбыз. Пысық болуды өмірдің өзі еріксіз үйретті. Шағырмақ шаңқай тал түсте тырбаңдап масақ теріп, қауызынан тазартып дорбалайтынбыз. Барға ырза, жоққа көнбіс едік. Еркелеудің не екенін сезінбедік те», – дейді Әли бір сөзінде.
Не дейсің мұндайда? Әлидің ауылдағы мектепті бітіріп, тәлім-тәрбие алып өсуіне үлкен әжесі Дәріш, ақкөңіл жездесі Әбдірахман мен әпкесі Қантайдың үлкен қамқорлық жасағандарын ілтипатпен айтқан жөн. Жиделі ауылындағы жеті жылдықты, Құйғандағы Бозжанов атындағы орта мектепті интернатта жатып, оқып бітірген Әли жазу-сызуға бейімділігін білім ұясының қабырғасында жүргеннің өзінде-ақ таныта білген еді. Сол кездегі «Қазақстан пионерінде», Балқаш аудандық газетінде өлеңдері мен шағын мақалалары аракідік жарияланып жүретін-ді.
Шу өңіріндегі ұландық комсомол-жастар республиканың мектеп бітірушілерін мал шаруашылығында екі жыл жұмыс істеуге, қой өсіруді көбейтуге үлес қосуға шақырып, ұран тастап, бастама көтеріп жатқан кез еді. Бұл қозғалыстан Әли де қалыспай, Жиделі кеңшарында қой шаруашылығында жұмыс істеуге тілек білдірді. Сол бетте Қаратау қойнауындағы Созақ пен Түркістан төңірегіндегі шаруашылықтардан қаракөл қойын алып келуге сапар шекті. Екі ай жүріп, төрт мыңға жуық қаракөл қойын Балқаш көлінің шығыс жағалауына жеткізуге белсене араласты. Қойларды жерсіндіріп бағуға көмектесіп, шөп тасысты, қора салысты, қи ойысты.
Бір күні Жиделі кеңшарының директоры Іңкәрбек Жұмағұлов шақырып жатыр дегенге барса, Балқаш аудандық партия комитетінің хатшысы Сұлтан Оңғаров келіпті. Іздестірген сол кісі екен. Ол жас жігітті жылы қарсы алып:
– Ысқабаев Әли сенсің бе? – деді.
– Иә, менмін.
– Жағдайың қалай?
– Жақсы.
– Жақсы болғанына мен де тілектеспін. Облыстық «Коммунизм таңы», республикалық «Лениншіл жас» газеттерінен мақалаларыңды жиі көремін. Бәрін де жібермей оқимын. Талабың тәуір. Құттықтаймын. Дамыта бер. Қаламыңның ұштала түсуін қалаймын, – деп тілектерін білдірді де:
– Саған бір тапсырма бар. Облыстық газет редакциясы аудан коммунистерінің идеологиялық жұмыс саласындағы жетекшілік рөлі жөнінде мақала жазып беруді өтініпті. Қажетті деректерді жинастырып, реттеп әкелдім. Осыларды іріктеп, дұрыстап, мүмкіндігінше тілін шұрайлы етіп мақала жаз. Қалай жазғаныңды соңынан оқып шыққан соң айтамын. Ескертіп қояйын, мақаланың соңында менің аты-жөнім тұрады, – деп қағаздарын ұсынады.
– Менің жазғандарым хабар-ошар еді. Үлкен лауазымды адамның мақаласын әзірлеу қолымнан келе қояр ма екен? – деп Әли күдігін де жасырмады.
– Жүрексінбе. Жігерлі бол. Тиянақты тұжырым жаса. Сосын қаламыңды еркін сілте, – деп шабыттандыра сөйледі.
Әли хатшы тапсырмасын орындауға жан-тәнімен кірісті. Әуелі негізгі нобайын жазып шығып, үстінен түзетті. Қайтадан тазалап көшіріп, иесіне тапсырады. Қолжазбаны оқып шыққан хатшы:
– Жазғандарыңның бәрі дұрыс. Жүйелілігі де сақталыпты. Ой қорытындылауың да көңілге қонды. Әрі сауатты. Талабыңа нұр жаусын, – деп арқасынан қағады.
Облыстық «Коммунизм таңы» газетінде хатшы мақаласы көп кешікпей-ақ жарияланады. Көлемі де едәуір. Екінші беттің жартысына жуығын алып жатыр. Мақаланы Әли де бірнеше рет қайталап оқиды. Некен-саяқ түзетулер ғана енгізген. Бәлендей өзгеріс көре алмады. Оған іштей қатты қуанады.
Арада бір ай шамасы өткенде шаруашылық партия комитетінің хатшысы Есен Есімбеков шақыртып алып:
– Сені аудандық газет қызметке орналастыратын болыпты, тез жетсін деп жатыр, – деді. Екі күннен кейін Әли Бақанасқа, аудандық газеттің редакциясына келеді. Газет редакторы Әбдіқай Назтаев:
– Сені хатшы, қандай жақындықтарыңның барын қайдам, жұмысқа қабылдауды өтінді. Әдеби қызметкерлік орын бар. Қарт журналист Қабажан Етекбаевтың қасында үстел бар, соған отырасың, – деп редактор шағын бөлмедегі жұмыс орнымды көрсетті.
Істің бұлайша оңтайлы әрі оңай шешіліп, газет редакциясына жұмысқа қабылдай қоюдың жайын сұрастыра білсе, Әлидің тапсырманы мұқият орындап, қабілетінің барлығына, талабына ризалық білдірген аудандық партия комитетінің хатшысы Сұлтан Оңғаров, газет редакторына Ысқабаевты шақыртып алып, қызметке қабылда деп тапсырма беріпті.
«Бұл 1958 жылғы ақпан айының 8-і еді», – дейді жасы сексеннің бел ортасын алқымдаған қарымды қаламгер. Осы күні редакция табалдырығын алғашқы рет имене аттаған Әли кәсіби журналистік еңбектің есігін ашып, білімді, тәжірибелі қаламгерлермен қауышады. Әлидің қарымды қаламгер болатынына күмән келтірмеген хатшы қамқорлығы жаңа өркеннің қаулап, бой түзеп өсуіне, кеудесіндегі тұма бұлақтың көзін ашуға игі ықпал еткені анық. Қолтығынан демеп, жас талантты қанағаттандырып жібергені үлкен кісілігі Әлидің де жарғақ құлағын жастыққа тигізбей, қиырға қанат қаққан қырандай шабытын шалқытуға құлшындыра түседі. Содан бері Әлидің журналистика саласында үздіксіз еңбек еткеніне биыл алпыс бес жылдың асуынан асып барады.
Осы мерзім ішінде Әли Ысқабай не істеді, не тындырды? Қоғамдық өмірге қосқан үлесі қандай? Көркем әдебиетке қаншалықты еңбек сіңірді?
Әли Әпекұлы 1939 жылғы мамыр айының 6-сы күні Алматы облысы Балқаш ауданындағы Іле өзенінің Балқаш көліне тақау сағасындағы Құйған ауылында дүниеге келген. Бозжанов атындағы орта мектеп-интернатты бітіргеннен кейін, «Жиделі» кеңшарында жұмысшы болып істейді. 1958 жылдың қаңтар айынан бастап Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газетінің редакциясына қызметке шақырылып, әуелде әдеби қызметкер, одан кейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы міндеттерін атқара жүріп, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1966 жылы бітіреді. Осы жылы Қаратал аудандық «Коммунизм жолы» газеті редакторының орынбасары болып тағайындалады. 1967 жылы Алматы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіліп, оның журналистика бөлімін 1969 жылы бітірген соң, Алматы облысына қарасты Қаратал, Көксу және Шелек аудандық газеттерінің бас редакторы, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарады.
1975 жылдан 1992 жылға дейін Талдықорған облыстық «Октябрь туы», кейінде «Жерұйық» деп аталған газет редакциясында редактордың орынбасары міндетін табан аудармай жиырма жылға жуық істейді. 1992-1999 жылдар аралығында «Алатау» баспа полиграфиялық корпорациясы кәсіпорнының Талдықорған облыстық «Полиграфия» өндірістік бірлестігінің бас директоры болып, өндіріске жетекшілік етеді. 2000 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының бірінші орынбасары және қоғамдық-саяси «Алатау» газетінің бас редакторы міндетін абыроймен атқарады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып отырмай, қазақстандық қоғамдық-саяси апталығы «Дала мен қала» газетінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі болып еңбек етеді. Отыз жылға жуық бұрынғы Талдықорған облыстық «Жерұйық», одан кейін «Жетісу» газеттерінде тапжылмай еңбек еткен Әли Әпекұлы өз мамандығының қыр-сырын жете білетіндігін әрі күш-жігерін жұмылдырып, бар ынтасымен жұмыс істей жүріп, газетті полиграфикалық жағынан шеберлікпен көркемдеуге машық екендігімен де танылды. Ол істеген, әрі өзі басқарған аудандық, облыстық газеттерді баспалық тәсілдердің оңтайлы әдістерімен полиграфиялық жағынан шеберлікпен безендіруі жөнінен өткізілетін дәстүрлі республикалық байқауларда ұдайы бірінші және екінші дәрежелі дипломдармен марапатталуы дәлел. Әли Мәскеуде өткен журналистердің соңғы съезіне қатысқан.
Алпыс жылдан астам уақыт баспасөз саласында істегендіктен, туған жерге туын тіккен тұлғалар тұрғысында көркем сөз бен эссе жанрларындағы туындыларын жинақтап, «Зейіні зерек зиялылар» кітабын оқырманға ұсынған. Бұл жинақта қоғамның дамуы жолында адал еңбек етіп, халықтың құрметіне бөленген, абырой-ождандарын таза ұстап, адами қасиеттерді жоғары бағалауымен біртуар тұлғаға айналып, есімдері халық жүрегінің төрінен орын алған зиялы қауым өкілдерінің ғұмыры мен адал еңбектері жөнінде жазылған туындылары іріктеліп, топтастырылған. Республикамыздың жас кітапқұмарлар қауымына Әли Ысқабай есімі жақсы таныс. Әлидің терең ойлы, айтуға жеңіл тақпақтарын, шешуін табу үшін салыстырмалы ұқсастық іздеп, дүние кеңістігіне қиял кездіретін шымыр да жұмыр жұмбақтарын, тілді мүкістендірмей, кекештенбей сөйлеуге үйрететін, әрі титімдейден түймедей түйін түйетін, жаңылмайын десең де жаңылдыратын жаңылтпаштарын жатқа білетін бүлдіршіндер де жеткілікті. «Солдат ағаға хат», «Еңбекқор құмырсқа», «Бесік жыры», «Айдостың арғымағы» атты жыр кітаптарынан әрбір өреннің өнеге үйренері хақ. Әуелде «Ана тілі» баспасынан 39 мың таралыммен жарық көрген «777 жұмбақ» кітабы – республика балаларына жақсы таныс туынды. Бұл кітап кейін төрт рет қайталанып басылып, таралымы 58 мың данаға жетті. Бұл рекордтық көрсеткіш деп айтуға әбден лайықты.
Жұмбақ жазуға машықтанған Әли Ысқабай «Әлемдегі көрікті құстар жайлы жүз жыр-жұмбақ» және «Тарихи тұлғалар туралы 125 жыр-жұмбақ» кітаптарын жақында ұсынды. Әли Әпекұлының «777 жұмбақ» кітабына пікір жазған Мұзафар Әлімбаев қаламгердің еңбегін жоғары бағалайды. «Жұмбақ – ақындықтағы тапқырлық мектебі. Тыңдарман мен оқырмандардың ой ұшқырлығын шыңдайтын да – осы өрнекті жұмбақтар. Ысылған қалам иесі Әли Ысқабай енді жұмбақ жанрында күшін сынауға кірісіпті. «Ізденгенге інжу ілігер» деген. Бұл бағыттағы ақын қадамдары, иншалла, сәтті екен. Аспан әлеміндегі Ай жөнінде ғана біздің төл әдебиетімізде күні бүгінге дейін туған жұмбақтардың саны да жүздеп саналатын шығар. Ал бұрынғы барға ұқсатпай, өз жұмбағыңды өзіңше өрнектей алсаң, бұл өнеріңді танытқаның! Әли сол биік талапты сәтті орындап шығып, «Орақ болып туады, Табақ болып тынады» деп, алты сөзбен-ақ Айдың суретін айнытпай салған да шыққан. «Қолы менен қаламы жоқ, Бірақ сурет салады көп». Шешуін таптыңыз ба? Бұл – кәдімгі аяз туралы жұмбақ. Сүңгі жайындағы жұмбаққа мен қызыға қарадым. «Жиегіне шатырдың Судан шеге қатырдым». Автордың тапқырлығына куәлік беретін үстел жөніндегі («Үсті жазық, төрт қазық»), сіріңке жайындағы («Қабырғаға қасынар, былғауыш басы бар») және тағы басқалары ырзалық тудырары хақ. Әлидің жұмбақтары – антологияға іркілмей енгізетін туындылар», – деп түйін түйіпті Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Әлидің «Әліппе-жаңылтпаштар» кітабы да бүлдіршіндердің тілін ұстартуға арналған. Республикалық байқаулардың бірінде балаларға арналған үздік номинация бойынша Әли Ысқабайдың «Ұлы дала ұланымын» атты өлеңдер жинағы жеңімпаз деп танылып, дипломмен марапатталғаны тағы бар. Қысқа қайырымды шумақтарды мірдің оғындай тұжырып, түйсікті сезімнен түймедей тәмсілді ой түйетін Әли бірде: «Әдебиет – рухани өмір шырағы, Көркемсөз – шипагер мөлдір бұлағы», – деген екен. Өзіне тән алғырлық пен тапқырлық таныту сана-зердесінен қанатты сөздер туындатып, тың ойлар тұжырымдау – Әли қаламына тән екендігіне күнделікті баспасөз беттерінде жарияланып жүрген және кітап болып жарық көрген көркем әдеби туындыларынан да аңғарамыз. Оған журналист-жазушы мақал-мәтелдер жазуға шеберленіп қалған Әли Ысқабай бұған дейін «Тіл мен сөз» атты мақал-мәтелдер кітапшасын Алматыдағы баспадан шығарған еді. Онда кілең тіл мен сөз тұрғысындағы ой тұжырымдарынан туындаған мақалдар мен нақылдар іріктеліп берілгенін білетінбіз. Енді өмір құбылыстарының басқа да қырлары бойынша түйіндеген «Ойлы сөздің оғашы жоқ» атты мақал-мәтелдер кітабын тақырыптық жүйемен жинақтаған. Қамтыған тақырыптары сан алуан. Ой-өрнектерінің түзілімі екшелген, іріктелген, қырланған маржан сөз мәйектері деуге лайық. Әр адамның өзіне тән адамгершілік қасиеттері болатыны – өзгермес шындық. Бұл тұрғыдан алғанда, Әлидің азаматтық арды ардақтап, қастерлеп, қадірлейтіндігін дәлелдейтін тұстары да көптеп табылады. Ол ешқашан да іскерлігімен қол жеткізген мақсат-мұратына тояттап, тоқпейілсіп, тоқтап қалған қаламгер емес. Игілікті ізденісін әрі жалғастыра беруге деген бекінісі өте берік. Және бір ерекшелігі қандайда қуанышты жағдай болсын кеуде керіп, төс қағып, жеңілтектік мінез танытпайтыны бойына қанмен сіңген әдептілік деуге лайық. Бәрін байыппен бағдарлап бағалайды. Лауазымды қызметте өзін қарапайым тұрғыдан танытып, сабырлық сабасынан аспай, парасаттылық тұрғыдан таймай, ұстамдылығын берік сақтайтындығын нақты ісімен аңғартады.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы: «Әли Ысқабай – мен үшін әдебиетте де, адамгершілікте де өз орны, өз сыйы бар өте сыпайы адам. Ол кісінің орынсыз сұғанақтық жасап, жүрмейтін жерде жүргенін, кірмейтін жерге кіргенін өмірі көрген емеспін. Қашан да жымиып қана жылы амандасып, көзімен ғана көңілін аңғартып, бар пейілімен бас изеп қала береді. Оның ізеттілігі ақ сары жүзінен, сарыбурыл қасынан, әрдайым сыптай болып жүретін тұла бойынан үнемі білініп тұрады. Оның жақсы ақын ғана емес, жақсы адам екенін де сезген сайын ерекше сүйсініп, сырттай риза болып жүремін», – деп дөп басып айтқан. Шындығы осы. Мұндай шапағатты қасиеттер Әлиге бабаларының дәстүрінен дарыған. Олай дейтін себебіміз – Әлидің үлкен бабасы Найзабай халықтың мұңын тыңдап, жоғын жоқтап, сөзін сөйлеген, ел ішіндегі дау-дамайға төрелік жасап, билікке әділдікті жақтауды нұсқаған, мәмілегерлік танытуда шоқтығы биік тұрған данагөй кісі екен.
Кеңес одағы мен Қазақстан тәуелсіздік алған жылдарда Әли Ысқабай қандай лауазымды орындарда отырса да, ұнамсыз арамдық қылықпен беделін түсірмеді, білгішсініп, кердеңдеп, кеуде керіп, ісінбеді, маңдай терін төкпеген бөгде табысты құлқын-құмарлықпен қомайғайланып ішіп-жеген жан емес. Адалдық қасиеттің шеңберінен шықпай, бекзаттық болмысын бұзбай, біреуге жанына бататын ұнамсыз сөз айтып, тіл тигізуге бармай, ешкіммен тіреспей, соңынан артық ауыз сөз ілестірмей, қарапайымдылық пен кішіпейілділік қағидасының тізгінін тең ұстап өмір сүрді. Қазір де Әли Әпекұлы сол өз болмысының биігінде! Бақыт кілтін адал еңбек, ақдидар ел-жұртының ортасынан тапқан Әли Әпекұлы, шын мәнінде, руханиятымыздың ортаймас қазынасы, жақсылық атаулының мөлдір бұлағы! «Елдің атын ер шығарар» деуші едік қой мұндайда! Сексен бестің сеңгіріне табан тіреген тарланбозымыздың әдептілікпен өрілген әдемі әлемінің біз білетін бір көрінісі, міне, осындай!
Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,
Алматы облысының
Құрметті азаматы