Сәрсенбінің сәтті күні Қарасай ауданының орталығы – Қаскелең қаласының Мәдениет үйінде Алматы облысы бойынша ауылдық округ әкімдерінің форумы өтті. Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев арнайы қатысты.
Ауыл әкімдерімен қатар құқық қорғау органдарының, департаменттер мен басқармалардың басшылары, партияның депутаттық фракциясының жетекшілері және аумақтық филиалдардың төрағалары қатысқан форумды «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы, депутаттық фракция жетекшісі Қуат Байғожаев ашып, жүргізіп отырды.
Жиында алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Марат Елеусізұлы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, әлеуметтік мәселелерін шешуде әкімдердің атқарар рөлі зор екенін айта келіп, ауылдық округтердің әкімдері жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінің элитасы болып табылатынын тілге тиек етті.
– Бүгіндері облыс аумағында 1,5 млн халық тіркелген болса, оның 81 пайызы ауыл тұрғындары, – деді ол сөзінің басында. – Өлкемізде 373 елдімекен бар дейтін болсақ, олар 131 ауылдық округке біріктірілген. Аталған округ әкімдерінің 93 пайызын, яғни 122-сін халық сайлады. Олардың 74 пайызын «AMANAT» партиясы атынан бәсекеге түскендер құрайды. Бұл ауыл әкімдері институтының жаңғырып, олардың жұмысына жаңа серпін беретініне сенімдімін.
Қазіргі ашық ақпараттық кеңістік пен нарықтық экономика жағдайында әкімдердің жұмысы қиындай түскенін ескерткен Марат Елеусізұлы мұндайда тек басшы болып қана қоймай, көшбасшы болу қажеттігін де баса айтты. Ол өз баяндамасында қол жеткен табыстар мен атқарылған шараларға жоғары баға бере отырып, жекелеген қиындықтар мен атқарылмаған жұмыстарға да тоқталды. Ауыл әкімінің өз қаражаты болмауынан, жергілікті қызметтердің оларға бағынышты еместігінен туындап жататын тосқауылдар да назардан тыс қалмады. Бүгіндері мемлекетімізде қолға алынып отырған экономикалық және әлеуметтік жобаларды халыққа жеткізіп, кәсіпорын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік әлсіз топтардың мәселесін шешу де кезек күттірмейтін шаруалардың қатарында екені жан-жақты талқыға салынды.
Осыдан кейін мінберге көтерілген «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев берекелі өлкеде өтіп жатқан жиынға қатысушыларды құттықтай келіп, партия тарапынан қолға алынған ірі жобалар туралы кеңінен айтып берді.
Солардың қатарында «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобалары тұрғындардың тұрмыстық жағдайының жақсартып, еңбекпен қамтылуына айтарлықтай үлесін қосуда. Атап айтқанда, былтыр Алматы облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша құны 8,3 млрд теңге болатын 1091 шағын несие беріліп, бүгіндері өз нәтижесін көрсете бастаған. Ержан Жұматұлы сонымен қатар мемлекеттік биліктің өкілдері ретінде халықпен жұмыс жасаудың маңыздылығын, тұрғындардың сенімі мен құрметі үшін адал әрі жігерлі жұмыс жасау қажеттігін де ескерте кетті.
Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Арсен Жақыпов өз саласына қатысты мәселелерді жұртшылық назарына ұсынып, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі мен міндетіне тоқталып өтті.
Форум барысында жарыссөзге шыққан Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округінің әкімі Ержан Қасымшалов соңғы жылдары ғана ауылдық округте үш жаңа мектеп салынып, Ақсеңгір мен Жайсаң ауылдарында таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапқанын жеткізді. Сол сияқты қайырымдылық шаралары жобасы бойынша «Qunar+» қоғамдық бірлестігі аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек ретінде 90 ұсақ мал мен 6 мүйізді ірі қара тапсырылған. Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын тауып, аталған малдың төлі есебінен өзге де отбасылардың қорасына төрт түлік енбек.
Өз кезегінде мінберге көтерілген Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылының әкімі Эльмира Байғуатова өзі басқаратын округте атқарылған жұмыстар мен қолға алынған жобалар туралы, елдімекенді абаттандыру, тазалық пен реттілікті қамтамасыз ету бағытындағы іргелі істер турасында айтып берді. Ал Еңбекшіқазақ ауданында 18 жыл қатарынан үш ауылдық округтің әкімі қызметін атқарған еңбек ардагері Асыл Байтулақов кешегі кезеңдегі әкімдердің жұмысы мен бүгінгі жағдайды салыстыра отырып, қазіргі әкімдердің жай-күйіне тоқталып өтті. Ол өз сөзінде ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін қаражаттың жетпеуін, көптеген арнайы қызметтің әкімдерге бағынбайтынын айта келіп, қоғам өкілдерінен, әсіресе блогерлер тарапынан негізсіз қысымға ұшырайтынын да ескерте кетті. Осындай жосықсыз әрекеттердің салдарынан мамандардың жетіспеушілігі, сайланған әкімдердің аз уақытта жұмыстан бас тартуы орын алып келеді.
Форумның пленарлық жиынының соңында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев белсенді жұмыс істеп, халықтың алғысына бөленіп жүрген жекелеген әкімдерге Алғыс хат табыс етті.
Форумның екінші бөлімінде ауыл әкімдері «Қарызсыз қоғам», «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» жобаларын іске асыру барысы туралы семинарға қатысып, аталған әлеуметтік жобаларды атқарудың қыр-сырына қанықты.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы