Биылғы оқу жылында Кеген ауданында күрделі жөндеуден өткен Өзек Жаңабаев атындағы орта білім ошағы мен Заманбек Нұрқаділов атындағы балалар өнер мектебі қолданысқа берілді. Осындай күрделі жөндеуден өтіп жатқан тағы бір нысан – Тасашы орта мектебі. Осыған орай, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Тасашы орта мектебіне барып, құрылыс жұмысын көзбен көрді.
1974 жылы пайдалануға берілген мектепке сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жүргізілуде. Құрылыс жұмысы сәуір айында басталды. Салынып жатқан үшқабатты ғимараттың аумағы 1905 шаршы метрді құрайды. Оқу орны 600 оқушыға лайықталған.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратжан Қожанұлы бүгінгі таңда нысанның құрылыс жұмысы 70 пайызға орындалғанын айтты. Жобада асхана, шағын орталық салу, аумақты қосымша көгалдандыру қарастырылған. Сондай-ақ бірқатар кабинетке интерактивті панельдер орнатылмақ.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев ауа райының салқындайтынын еске салып, мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмысын жеделдетіп аяқтауды тапсырды. Материалдардың сапасына, мектептің заманауи жабдықтарына және жиһаздардың ыңғайлылығына ерекше назар аударды.
– Мектеп осы жылдың аяғында пайдалануға берілуі тиіс. Оған дейін мектепті жылытуға арналған қазандық дайын болуы керек, – деді Нұрбақыт Молдахметұлы. Ол құрылыс нысанымен танысып шыққан соң, көркейту-көгалдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, алдағы уақытта осы аймаққа төзімді басқа да ағаш көшеттерін әкеліп, гүлзарларды заманауи әдістермен суару технологиясын қолдану қажеттігін айтты.
Тасашы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмысына 1 млрд 119 млн теңге бөлінген. Бас мердігер – «Баймен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Участок меңгерушісі Айбар Асқаров:
– Мектептің күрделі жөндеу жұмысы биыл сәуір айында басталды. Кесте бойынша сәл кешігу бар, желтоқсан айының аяғында толық бітіреміз. Ішкі әрлеу жұмысы жүргізілуде, электр сымдары тартылуда. Сыртқы қаптау жұмысы аяқталуға жақын. Енді ойын алаңы мен жарық шамдарын орнату, мектеп алдына тас төсеу ісі қалды, – деді.
Тасашы орта мектебінің құрылысы жыл соңында аяқталса, оқушылар қаңтар айынан бастап жаңа мектепте білім алатын болады. Сондай-ақ жұмыс барысында аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Тасашы орта мектебі жанындағы интернатты аралап көрді.
Алдағы уақытта Тұйық және Қарқара мектептерін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы