Қапшағай жасанды су қоймасында қайықты жалға алып, адасып кеткен жастар табылды. Олар 27 сәуір күні кешкі сағат 18:00 шамасында 112 нөміріне хабарласып, өздерінің адасып кеткені туралы хабар берген.
«Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне екі азамат, 2001 жылы туған жігіт және 2003 жылы туған қыздың адасып кеткендігі жөнінде хабарлама түсті. Олар қайықты жалға алып, «көгілдір шығанаққа» қарай демалуға бара жатып, адасып, кері жол таба алмаған. Жастар ұялы телефоннан 112 желісіне қоңырау шалды. Оқиға орнына Қонаев қаласы жедел-құтқару қызметінің өкілдері жіберілді. 3 қайықпен іздеуге шыққан Алматы облысы ТЖД қызметкерлері сағат 18:31-де жоғалған адамдарды тапты. Оларға медициналық көмекті қажет болмады», – делінген Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.