ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті әдеп жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде Балқаш ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы А. Қамзаевқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Алайда бұл іс мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық белгілерінің болмауына байланысты тоқтатылды.
Одан кейін Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясы Қарасай аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Ж. Жұмабаевқа қатысты тәртіптік іс талқыға салынды. Бұл істе де мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық белгілерінің болмауына байланысты тоқтату туралы ұсынысты кеңес мүшелері бірауыздан мақұлдады.
Келесі кезекте баяндама жасаған Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының бас маманы А. Мұхтарованың айтуынша, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне Талғар ауданы әкімінің орынбасары О.Қаспақбаевқа қатысты шағым түскен. Аудан тұрғыны Т.Абдуқаппаровтың шағымында көрсетілген мәліметтерді жан-жақты және оъективті қарау мақсатында О.Қаспақбаев пен учаскелік полиция инспекторы М.Жамбылдан жазбаша түсініктеме алынған. Түсініктемелерде 22 шілдеде Бесағаш ауылдық Мәдениет үйінде өткен сумен жабдықтау жайлы халықпен түсіндірме жиналыста Т. Абдуқаппаровтан алкаголді ішімдіктің исі шығып тұрғаны, оның мас күйінде болғаны жазылған. Т.Абдуқаппаровтың немерелі болуы себепті ішімдік ішуге құқығы бар екенін алға тартқаны оны мас күйінде деп санауға негіз болған. «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 440-бабына сәйкес, алкоголдік ішімдік ішкені немесе қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенімен, бейнематериалда О. Қақпақбаевтың жиынға қатысушының біріне «Пьянный же видите же, провоцирует всех» деген сөзді жария түрде айтқаны анықталған. Сол күнгі №3071 медициналық зерттеу нәтижесінде Т. Абдуқаппаровтың ішімдік ішпегені белгілі болған. Әкім орынбасары аталған тұрғынның мас күйінде болғаны туралы негізсіз мәлімдеме жасаған. Қызметтік тексеріс жүргізу барысында О. Қақпақбаевтың «ескерту» түрінде тәртіптік жаза алғаны белгілі болған. Азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытпай, жеке адамның қадір-қасиетін кемсіткені үшін кеңес мүшелері тарапынан О. Қаспақбаевқа «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Ары қарай жалғасқан отырыста бірқатар басқарма өкілдерінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша баяндамалары тыңдалды. Мінберге шыққан облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының білім беру саласында орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. 3 тоқсан бойынша қолданылған тәртіптік шаралардың көпшілігі жоғары тұрған мемлекеттік органдардан келіп түскен тапсырмалардың уақытылы орындалмауы салдарынан болып отырғанын жеткізді.
– Жоспарға сәйкес жүргізілген жұмыс бойынша ақпарат тоқсан сайын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментіне жолдануда. Айта кетерлік бір жайт, Райымбек ауданы бойынша білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтериясының бас бухгалтері мектептің асханасын жалға алушыны қомақты қаржы беруге мәжбүрлеп, өзінің есепшотына ақша аудартқан. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті тарапынан тергеу амалдары жүргізілді. Іс сотта қаралды. Білім басқармасының алқа мәжілісінде бюджет қаржысын заң талаптарына сәйкес тиімді жұмсау мәселесі бірнеше рет талқыға салынды. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарына педагогтарды жұмысқа қабылдау конкурстық негізде модуль арқылы жүргізілуде. Өзгерістер ең алдымен мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жұмысқа қабылдау кезінде меритократия қағидатын енгізуге бағытталған. Оқушылар арасындағы олимпиадалар мен конкурстар онлайн форматта әлеуметтік желілерде тікелей көрсетілім арқылы жүргізіледі.
Мамандандырылған мектептерге оқушыларды қабылдау үшін «Qabuldau.daryn.kz» сайтында конкурс жарияланады, сол сайт арқылы құжаттар қабылданып, емтиханға қатысу үшін әр оқушыға орны, күні, уақыты белгіленген жолдама беріледі. Емтиханды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері қабылдайды. Емтихан қабылдау барысы әлеуметтік желілерде тікелей көрсетілім арқылы көрсетіледі, – деген басқарма басшысы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайын әгімесіне арқау етті.
Одан кейін Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы әрі әдеп жөніндегі уәкіл қызметін атқаратын Нағиша Әбдіманапованың баяндамасы тыңдалды. Нағиша Амангелдіқызы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шараларға қарамастан биыл 1 қыркүйекте Еңбекшіқазақ аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Сәкен Ермековке 100 мың теңге пара алды деген күдікпен іс қозғалып, оның аудандық соттың үкімімен 2 жылға бас бостандығынан айырылғанын айтты.
Жиынды кеңес төрағасы Арсен Жақыпов қорытындылап, мемлекеттік қызметшілерге үлкен жауапкершілік жүктелетінін, олар өзінің функционалдық міндеттерін атқаруда қателікке жол бермеу керектігін еске салды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ