Елдің бейбіт әрі қауіпсіз болуының кепілі қуатты әскер екені белгілі. Халық тыныштығын күзеткен сақшылар осынау жауапты қызметтің жауапкершілігін сезініп, жыл сайын қанаты қатаймаған жас сарбаздарды қабылдап, тәртіпке үйретіп, батырлық пен табандылыққа тәрбиелеп келеді.
Солардың бірі – Заречный ықшамауданындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылыққа қарайтын Ұлттық ұланның №3660 әскери бөлімі. Аталған әскери бөлімде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, туған жеріне оралғалы жатқан сарбаздарға құрмет көрсету мақсатында салтанатты шара өтті. Сондай-ақ әскери борышын үздік орындаған сарбаздарға еліміздегі жоғары оқу орындарына грант сертификаттары табысталды. Өткен жылдың қараша айында қабылданған 223 сарбаздың арасынан 21-і оза шауып, үздік нәтиже көрсеткен.
Салтанатты шара Мемлекеттік Гимнмен басталды. Одан әрі әскери бөлім командирі, полковник Жангелді Әбдіқадыров сарбаздарды айтулы күнмен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
– Елге қызмет ету әскерде болумен ғана шектелмейді, бұдан кейін де әр салада қарымды еңбек еткендеріңіз – қазақ жұртына деген сүйіспеншіліктің, құрметтің белгісі. Болашақ сіздердің қолдарыңызда. Алдағы өмір жолдарыңызға сәттілік тілейміз. Отан қорғаушы деген атқа кір келтірмей, әскери өмірден алған тәжірибені болашақта ұтымды пайдаланатындарыңызға сенеміз, – дей келе, әскери бөлім басшылығы, келісім бойынша әскери қызметте жүргендер, офицерлер атынан алғыс білдірді. Запастағы майор, Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жандарбек Ысқақов та жылы лебізін ортаға салды.
Одан әрі оқу орындарына грант ұтып алған сарбаздар марапатталды. Бұл сертификатты алудың да өзіндік ережелері бар. Ол Қорғаныс министрлігі әзірлеген «Срочник 2.0» бағдарламасы арқылы жүргізіледі. Әскери бөлімге келген әр сарбаздың жыл бойғы тәртібі, білімі, оқу-жаттығу барысындағы нәтижесі бағдарламаға енгізіліп, «өте жақсы» деген көрсеткішке жеткен сарбаз осы мүмкіндікке ие болады. Солардың бірі – Түркістан облысы Шардара ауданынан келген Шәмші Қарсақбай. «Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір ер азаматтың парызы. Әскер адамды төзімділікке, сабырлылыққа, шыдамды болуға үйретеді. Бұл сертификат терең білім алуымызға септігін тигізеді. Болашақта үлкен қызметтерге орналасып, жетістікке жетуімізге көмектеседі. Сондықтан бұл бағдарламаның маңызы зор», – деген ол келер оқу жылында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде білім алатын болады.
Өзге сарбаздар да сыйдан құр қалған жоқ. Оларға Мақтау қағазы мен сыйлықтар тарту етілді. Сондай-ақ ерекше көзге түскен сарбаздардың аналарына да құрмет көрсетіліп, Алғыс хат табысталды. Шара соңы әскери бөлім қызметкерлері ұйымдастырған концертке ұласып, айтулы күннің ажарын аша түсті.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Алатау қаласы