Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады. Құттықтау мәтіні Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтай келе бұл мерекенің тұрақтылық пен тыныштықты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам екенін айтқан.
“Ел бірлігі – біздің баға жетпес байлығымыз, мемлекеттілігіміздің берік негізі. Қазақ жері сан алуан этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналған. Барлық азаматтарымыз өткен тарихы, бүгіні мен болашағы бір екенін терең ұғынады. Өйткені жұртымыздың құндылықтары да, арман-мұраттары да ортақ. Түптеп келгенде, бәріміз – үлкен қара шаңырақтың, біртұтас қазақ ұлтының перзенттеріміз.
Еліміздің өсіп-өркендеуі қолға алған реформалардың тиімді жүзеге асырылуына байланысты. Біз осы іргелі мақсаттарға мызғымас бірліктің арқасында ғана қол жеткіземіз.
Халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Бабаларымыздың бұл өсиеті – Әділетті Қазақстандағы басты ұстанымның бірі. Біз татулық, теңдік және әділдік қағидаларына негізделген қоғам құрамыз” делінген құттықтауда.
Президент бірлігі жарасқан мемлекеттің абыройы асқақ болуын, барша қазақстандықтарға бақ-береке және толағай табыс тілеген.