Алатау қаласы «Заречный» шағынауданы Наурызбай батыр көшесіндегі №1, 2, 3, 4, 5 үйдің тұрғындары жоғары кернеулі электр желісі бағандарының баспаналарына жақын орнатылғанына наразы болып отыр. Көше жұртшылығы 10 мың вольттық электр сымы тартылған аумақтан оншақты метр қашықтықта ешқандай нысан болмауы керек деген талап бар екенін алға тартып, Алатау қаласы әкімдігіне шағымданғанымен, қанағаттанарлық жауап ала алмай, тауы шағылып жүргендерін айтады.
– Жоғары кернеулі электр желісі менің үйімнің арқа бетіндегі бос жер телімдерін басып өтіп, ондаған метр жердегі трансформаторды қосалқы стансасына дейін тартылған. Оның бір бағаны үй қоршауынан жарты метрдей ғана жерде орнатылған. Тұрғын үйге де жақын. Оның үстіне жоғары кернеулі электр желісі үйімнің іргесінде көмілген газ құбырының тура үстінен тартылған. Бұл адам өміріне қауіп төндіреді. Ауа райы қолайсыз күндері электр сымынан ұшқын мен біртүрлі дыбыс шығып, үрейімізді ұшырады. Жоғары кернеулі электр желісінің біздің көше арқылы тартылуына орай тұрғындардың қарсылығына көңіл аударатын ешкім болмай тұр, – дейді №1 үйдің тұрғыны Серік Мұсаев.
Осы көшенің тағы бір тұрғыны Жасқайрат Үсеновтің айтуынша, жоғары кернеулі электр желісінің астымен көшенің бас жағындағы үйлерге қуаты 220 вольт болатын электр және интернет сымдарын тартуға болмайды екен. Өйткені үстінде жоғарғы кернеу, жердің астында газ құбыры жүргізілген.
– Алатау қаласы әкімдігінің «Желі тартылуына басқа дәліз болмады» деген уәжімен келіспейміз. Өйткені мұның алдында аталған желі Мир көшесі арқылы тартылатын болып, жұмысы басталған. Алайда ол көшенің тұрғындары наразы болып, жұмыс тоқтап қалды. Кейіннен біздің көшені айналдыра қоршай жүргізілді. Қарсылығымызды әлі күнге дейін білдіріп келеміз. Мир көшесінде халық көп тұрады. Сондықтан болар, олардың қарсылығы қабылданып, үркердей топ болған біздің уәжімізге ешкімнің құлақ аспай жүргені, – дейді Жасқайрат Үсенов.
Үрей билеген тұрғындар талапқа сай емес тартылған жоғары кернеулі электр желісінен қауіптеніп, тіпті балаларын да ойнауға шығармайтындарын айтты. Олар облыстық «Алатау арайы» газетінің редакциясынан өздерінің жанайқайын тиісті орындарға жеткізіп, түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға ықпал етуді сұрады.
Редакциядан: Алатау қаласы «Заречный» шағынауданы Наурызбай батыр көшесіндегі жоғарыда аталған үй тұрғындарын дүрліктіріп, үрейге бойалдыруына себеп болған мәселе төңірегінде құзырлы орындар не айтар екен? Жауап күтеміз.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ