Шелек ауылындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде волейболдан республикалық ашық турнир өтті. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 13 команда қатысты.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, әкенің тәлім-тәрбиесімен өскен ұл, бүгінде Абай атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі Ж.Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде волейболдан жаттықтырушы болып қызмет атқаратын Самат Сағатұлы аталған турнирді әкесі Сағат Сейсембековтің зейнет демалысына шығу құрметіне орай ұйымдастырды.
Германияның Вердер қаласында Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, Сағат Сағымбекұлы туған жері Қаражота ауылында 47 жыл еңбек етіп, 2023 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Бірімізге аға, бірімізге іні, енді бірімізге әке болған Сағат Сейсембеков зайыбы Ұлтуған екеуі – бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы.
Турнирдің ашылу салтанатына келген Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ертай Нұрмаханов, Қаражота ауылдық округінің әкімі Нұрберген Қожамберді, «Германиядағы Кеңес әскери тобы және Варшава келісімшарт әскери тобы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының ардагерлері құттықтау сөз сөйлеп, «Германиядан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына – 30 жыл» мерекелік төсбелгісін Сағат Сағымбекұлына табыс етті.
Жарысқа Алматы, Шымкент қалаларынан, Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарынан қатысқан командалар әдемі ойын өрнегін көрсетті. Қаражота ауылының спортшылары бірінші орын иеленді. Бәйдібек би ауылы екінші орынды алса, үшін орын Жетісу облысынан келген командаға бұйырды. Жарыс жеңімпаздары мен қатысушылары кубок, медаль, Алғыс хатпен марапатталды.
Ел арасында салауатты өмір салтын насихаттап жүрген Самат Сағатұлы Алматы қаласындағы Спорт және туризм академиясын ойдағыдай аяқтап келген соң әке жолын жалғап, туған жерінде еңбек етуді жөн көрді. Талай жасты спортқа баулып, жарыстарда шыңдап жүрген жаттықтырушының өзі де облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, 2022 жылы әуесқойлар арасында волейболдан Қазақстан чемпионы атанған.
Ғалия Сағымбекқызы
Еңбекшіқазақ ауданы