Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында спорт ардагері Нұрбаев Дулат Сәбенұлын еске алуға арналған тоғызқұмалақтан облыстық турнир аяқталды. Жарыс Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алматы облыстық дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығы, Еңбекшіқазақ аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен өтті. Сайысқа 2010-2012, 2013-2014 , 2015 жылдары туған спортшылары қатысты. Олар үш жас категориясы бойынша сынға түсті. Алматы облысының аудандары мен Қонаев, Алатау қалаларынан келген 70-ке жуық ойыншылар кілт мықтыны анықтады.
Турнир «рапид» жүйесі бойынша жеке және командалық есепте өткізілді. Жалпыкомандалық есепте Еңбекшіқазақ өңірінің командасы бірінші орынды иеленді. 2-орын Іле өңірінің ойыншыларына бұйырса, үздік үштікке Талғар өңірі жайғасты.
Дулат Сәбенұлы Нұрбаев – қазақтың ұлттық ойынының дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың бірі. Ал, тоғызқұмалақтың қазақ халқының мәдениетін әлемдік өркениетте танытуда маңызы зор. Сондықтан бұл ойын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.
Жекелей сында Алатау қаласының өкілдері Болатбай Мұстафа, Батыр Олжас және Болат Сырым өз жас санаттарында чемпион атанды. Еңбекшіқазақ өңірінің ойыншылары Көптілеу Сымбат пен Халбай Дария екі алтынды қоржынға еншіледі. Іле ауданынан келген Оразхан Айзере 1-орынды иеленді.