Қоғамның әлеуметтік аз қамтылған топтарына қолдау көрсету мақсатында Тасашы ауылдық әкімдігі және жергілікті кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға және Тасашы орта мектебі жанындағы интернат тәрбиеленушілеріне арнап, ауылдық Мәдениет үйінде жаңа жылдық әлеуметтік шырша мерекесі өтті.
Мерекелік шараға әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасының балалары, интернат тәрбиеленушілері қатысып, олар үшін арнайы әзірленген қызықты бағдарламаны тамашалады. Балалар Аяз ата мен Ақшақарға өнерлерін көрсетіп, ертегі кейіпкерлерімен кездесіп, олардың өнерін тамашалап, сиқырға толы қойылымның куәсі болды. Сондай-ақ, әр балаға тәтті сыйлықтар табысталып, мереке ерекше көңіл-күймен есте қалды.
Іс-шараға ауыл әкімі Ерболат Төребаев қатысып, өз сөзінде балалардың бақытты балалық шағын қызықты өткізу, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созумен оларды қолдау маңызды екенін атап өтті. Әлеуметтік шырша мерекесінің дәстүрлі түрде жалғасын табатынына сенім білдіріп, қатысушыларды Жаңа жылмен құттықтады.
Мереке қонақтары Тасашы орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Перизат Бертаева, мектеп психологы Бақытгүл Оқасова, кәсіпкерлер Нұрқас Ысқақов, Майгүл Бөлекбаева, Гүлмира Төлегенқызы сөз алып, балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, зор денсаулық пен оқуда табыс тіледі.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына ауыл азаматтары Еділ Асылов, Абай Темірғалиев, Дәулет Мұратов, Ақмарал Ермектер демеушілік танытса, демеушілер атынан шырша тойына жиналған балаларға жылы киім-кешекпен тәтті тағамдар салынған жаңа жылдық сыйлықтарын және аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың бес балаға арнаған сыйлығын Тасашы орта мектебінің директоры Нұргүл Абықанова табыс етті.
«Қуанса,бала қуансын». Бұл балалардың келешекте қоғамның қамқорлығын сезініп өсуіне, ер жетіп еңбекке жарағанда еліне қызмет етуіне жол ашары сөзсіз.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ,
Кеген ауданы