Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауылдық мектеп оқушыларына арналған ІІ республикалық олимпиаданың жеңімпаздарымен кездесті. Қонаев қалалық Мәдениет үйінде өткен марапаттау салтанатына аталған білім бәйгесінде топ жарған, өңіріміздің даңқын асқақтатқан жүлдегерлер мен білім беру саласының қызметкерлері қатысты.
Аймақ басшысы алдымен ауылдық мектеп оқушыларына арналған ІІ республикалық олимпиадада облыс шәкірттерінің қол жеткізген жетістігіне тоқталды.
– Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өткен оқу жылынан бастап, Мемлекет басшысының қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өткізіліп келеді. Бұл білім додасында облысымыз өткен жылы да үздіктер қатарынан көрінді. Ал биыл облысымыз республика бойынша жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша 1-орынға, қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша 2-орынға ие болды. Бұл сөз жоқ, зор жетістік. Бүгінде облыс әкімдігі тарапынан білім беру саласына айрықша көңіл бөлінуде. Соның бірі «Жайлы мектеп» жобасы дер едім. Биыл облыс аумағында 10 жайлы мектеп оқушыларға айқара есік ашты. Келер жылы тағы 16 мектеп қолданысқа берілетін болады. Мұның барлығы жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік ашады. Алматы облысы – қашаннан дарындылар мен тума таланттар мекені. Өздеріңіздей мектепте ұстаздан білім алып, олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған облыс түлектері бүгінде әр салада табысты еңбек етіп жүр. Олардың арасында әлемнің үздік компанияларында қызмет етіп, беделді жоғары оқу орындарында білім алып жатқандары бар. Сіздер сол білікті мамандардың сара жолын жалғайсыздар деп сенемін. Бүгінгі жеңістеріңіз құтты болсын! – деді Марат Елеусізұлы. Осыдан кейін облыс әкімі өңірдің ең дарынды балаларына Алғыс хат пен 50 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Болашағынан мол үміт күттіретін өрендер көңіл бөліп, сый-сияпатқа бөлегені үшін Марат Елеусізұлына алғыстарын білдіріп, өздеріне артылған сенімді ақтауға тырысатындарына уәде етті. Аймақ басшысы кей аудандардың ауылдық мектеп оқушыларына арналған олимпиададағы үздік нәтижесін жоғары бағалады. Өз кезегінде облыс әкімі Қарасай және Ұйғыр аудандарының, А.Мәлкеев атындағы Есік «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мамандандырылған лицейі мен «Арыстан» мамандандырылған лицейінің және «Дана» жекеменшік мектептерінің жетістігін айырықша атап өтті.
Марапаттау салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысқан Сүлеймен Демирел атындағы университеттің ректоры Әлімжан Игенбаев та жеңімпаздарды құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді. Ол өз сөзінде Алматы облысындағы іргелі жоғары оқу орнының мектептегі дарынды жас шәкірттерге қашанда айқара есік ашатынын, мектептердің үздік жобаларымен бірге жұмыс істеуге құлшыныс танытатынын айтып, жеңімпаздарға сәттілік тіледі.
Шара соңында ұстаздар қауымы да облыс басшысына алғыс айтып, талапты шәкірттер тәрбиелеу жолында аянбай тер төгетінін жеткізді. Білім аламанында алға озған оқушылар да аталған олимпиадаға тығылықты дайындалғанын айтты. Биыл республикалық білім додасында өңірлерде өткен олимпиадалардан суырылып шыққан 1000-ға жуық оқушы жаратылыстану-математикалық бағыттың 6 пәні және қоғамдық-гуманитарлық бағыттың 7 пәні бойынша бақ сынады. Облысымыз атынан сынға түскен 41 оқушы жүлдегер атанды. Олардың арасында Ұйғыр ауданынан қатысқан 7 оқушы бірдей жеңімпаз болды.
Ерзат АСЫЛ