Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласы мен Алға ауылында тұратын Ұлы отан соғысы ардагерлерінің үйіне арнайы барып, мерекелерімен құттықтады.
Қонаевта өткен салтанатты шарадан соң облыс әкімі 103 жастағы ардагер Оксана Бетебаеваның үйіне барды. Кейуананы мерекесімен құттықтаған өңір басшысы әжеге гүл шоғы мен сый-сияпат табыс етті.
Оксана Бетебаева 1920 жылы 7 қазанда дүниеге келген, Полтавадағы фронт қатарына 1941 жылы 26 маусымда қосылған. Ол соғыста екі рет жарақат алған. Ардагер 2-дәрежелі ҰОС орденімен, Украина мен Қазақстан президенттерінің төсбелгісімен марапатталған.
Марат Сұлтанғазиев бұдан соң Еңбекшіқазақ ауданы Алға ауылында тұратын ардагер Солтанбай Жарықбасовты құттықтауға арнайы барды. Ол 1925 жылы 17 ақпанда осы ауылда дүниеге келген. 1943 жылдың қаңтарында Ташкенттегі мергендер курсында оқып, сәуір айында әскерге аттанған. Забайкалье майданындағы 25-қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамындағы пулемет бөлімшесінің командирі болған. Жапондықтарға қарсы соғысқа қатысқан.
Соғыстан кейінгі жылдары Солтанбай Жарықбасов мұғалім және мектеп директоры қызметтерін атқарған. Қазір де Бәйтерек ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы. Ардагер 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және Ұлы Жеңістің мерейтойлық, мерекелік медальдарымен марапатталған. Ақсақал сегіз баласынан немере-шөбере сүйіп отыр. Үлкен әулетке 2014 жылы Алматы облысы бойынша «Мерейлі отбасы» атағы берілген.
Alatau News