2025 жыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл бастама аймақтардың өндірістік және экономикалық әлеуетін арттыруды, жастар арасында жұмыс мамандықтарының беделін нығайтуды және кәсіби дағдыларды дамытуға ерекше назар аударуды көздейді. Алматы облысы өз ерекшелігімен және өндірістік әлеуетімен еліміздің дамуына үлкен үлес қосатын аймақтардың бірі болып табылады.
Алматы облысы – бұл ауыл шаруашылығы, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, сондай-ақ туризм салалары дамыған аймақ. Өңірдің географиялық орналасуы логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, облыс тұрғындарының көпшілігі ауылдық жерлерде тұрып, еңбек ресурстарының басым бөлігі аграрлық сала мен өндірістік кәсіпорындарға жұмылдырылған. Осыған орай, жұмыс мамандықтарының дамуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына айтарлықтай ықпал етеді.
Облыста жұмысшы кәсіптерін дәріптеу шеңберінде ауқымды іс-шаралар белсенді түрде өткізілетін болады:
Мамандық жәрменкелері. Мектеп оқушылары мен студенттерге арналған шебер сыныптар, кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастырылатын болады. Бұл шаралар жастардың мамандық таңдауға деген ықыласын арттырып, нақты өндіріс орындарының жұмысымен танысуға мүмкіндік береді.
«Еңбек шебері» байқауы. Жас кәсіпойыншылар мен шеберлерге арналған турнирлер мен салалық сайыстар ұйымдастырылады. Бұл шаралар жастарға өздерінің қабілеттерін көрсетуге, кәсіби дағдыларын дамытуға және жергілікті өндіріс саласына деген мақтаныш сезімін арттыруға бағытталған.
Карьера күндері. Оқу орындарында түлектерге кәсіби кеңес беру, жұмыс берушілермен кездесу және тәжірибелік бағыттағы іс-шаралар ұйымдастыру. Карьера күндері жастардың болашақ жұмыс бағытын анықтап, мамандық бойынша жұмысқа орналасуына ықпал етеді.
Біліктілікті арттыру бағдарламалары. Оқу орталықтары арқылы және жұмыс берушілердің жұмыс орнындарында мансап орталықтары арқылы оқыту. Жұмыс іздеп жүрген, алайда біліктілігін жоғалтқан немесе жаңа дағдыға ие болғысы келетін адамдар аудандық Мансап орталықтарына жүгініп, қысқа мерзімді оқуға өтініш бере алады. Сондай-ақ Enbek.kz электрондық еңбек биржасы порталында онлайн-оқыту бағдарламалары жұмыс істейді.
«Еңбек жолы» байқауы. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мақсатында облыстық «Еңбек жолы» конкурсы өткізіледі. Конкурс аясында «Өз ісінің шебері» сыйлығы табысталады, сондай-ақ жұмысшы кәсіптерінің өкілдері мен түрлі сала мамандарына құрметті атақтар беріледі. Бұл шара Жұмысшы мамандар жылының қорытындыларын салтанатты түрде жариялауға арналған.
Осылайша, жұмысшы мамандықтарды танымал ету экономикалық тұрақтылыққа ықпал етіп қана қоймай, жастардың сенімді кәсіби дамуына жағдай жасай отырып, олардың әлеуетін ашуға мүмкіндіктер ашады. Алматы облысы осы бастама шеңберінде еңбек нарығында маңызды реформаларды іске асыруға дайын.
Меруерт Қыдырбайқызы