25 қаңтар күніі Алматы облысының Алатау ауданы Заречный ауылында орналасқан 3660 әскери бөлімінің кезекті 2-2024 шақырылымының жас сарбаздары әскери ант қабылдады. Әскери ант қабылдаған 253 сарбаз еліміздің оңтүстік аймақтары Кызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Жетісу облысы, Астана қаласынан шақырылған болатын. 3660 әскери бөлімінде жасақталған оқу пунктінде жас сарбаздар екі ай көлемінде әскери қызметтің алғашқы дайындығынан өтті.
Аталған салтанатты шараға әскери бөлімнің ардагерлері, жас сарбаздардың ата-аналары мен жақын туыстары қонақ ретінде қатысып, ұлдарының қолдарына қару алып, әскери өмірге нық қадам басып, елдің аманатын, Отанымыздың тыныштығын қорғайтын нағыз жауынгер болуына ант беруінің куәсі болды.
Ант қабылдау мерекесіне арнайы келген 3660 әскери бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы майор Жандарбек Искаков Жандарбек «Қазақ азаматының атам заманнан келе жатқан елін қорғауы, соғыс өнерін меңгеруі өз елін сүйетін, құрметтейтін жалындаған жастардың бойына сіңген қасиеті болып қалыптасуы керек. Мағжан атамыз айтқандай «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін» демекші, жастардың Отан қорғауға келуі бізді қуантады. Жаратушымыз жар болып, әскери қызметтерін абыроймен өтеулеріне тілекшімін», – деді ардагер.
Жас жауынгерлер мен әскери қызметшілерді 3660 әскери бөлімінің командирі подполковник Ерлік Оспанқұлов «Жауынгер өмірінде бір рет қана ант береді. Бүгін жас жауынгерлер үшін ұмытылмайтын мереке. Әскери ант қабылдау – Отаныңа халқыңа ақтық демің қалғанша адал болу, ел басына күн туғанда, барлық қиындықты мойнымен көтеру, қажет жерде жан қию деген сөз. Ант – адалдық рухы, халқымыз “анттан аттағаның – ардан аттағаның” деген. Артылған аманат пен жүктелген сенімді абыроймен атқарады деп өздеріңе сенеміз! Ұлттық ұлан қатарында қасиетті борыштарыңызды қырағылықпен, батылдықпен атқарып, аман-есен туған жерге оралуларыңызға тілектеспін», – деген құттықтауын арнады.
Жас сарбаздарымыз ант қабылдау рәсімінен кейін алыс-жақыннан келген ата-аналары мен жақын туыстары бөлім басшылығымен сұхбат жасап, көкейкесті сұрақтарына жауап алды. Айта кетейік, алдағы уақытта әскери ант қабылдаған жас сарбаздар енді Заречный ауылдық округінде жауынгерлік қызмет атқаратын болады.
А.Т. Абдыгалиева