Перейти к содержимому
Главная страница » Үздіктер анықталды

Үздіктер анықталды

     Райымбек ауданы Сарыжаз ауылында облыс­тық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйым­­дастыруымен шаңғы жарысынан ерлер және әйел­дер арасында облыстық чемпионат өтті. Қысқы спорт түрін дамыту және салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен шара бұл жолы да көпшілік көңілінен шықты.

Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқар­ма­сының басшысы Ерболат Сарабеков шаңғышылырды қысқы спорт мере­кесінің ашылу салтанатымен құттық­тады. Облыстың барлық аудан­дарынан осыған дейінгі жарыс­тарда үздік шығып, ақтық сынға үлкен үміт арқалап келген спортшыларға жарыс жолында сәттілік пен жеңіс тіледі.
Жыл сайын облыстық деңгейдегі жарыста жүзден жүйрік шыққан спорт­шылар әлемдік бәсекеде ел мерейін үстем етіп жүргені белгілі. Бұл жолғы сайыс та жеңіске жол ашқан үлкен дода­лардың жарасымды жалғасы болып саналады.
Облыстық чемпионатқа 9 аудан мен 1 қаладан барлығы 10 команда қатысты. Ұзын саны 120-дан асатын спортшы 6 жас санаты бойынша бақ сынады. Ерлер 3 шақырым, әйелдер 1,5 шақырым қашықтыққа шаңғы тебуден жарысқа түсті. Сонымен қатар баллонмен сырғанау, қап киіп секіру, имек таяқпен доп алып жүруден шеберлік байқасты. Үш күнге созылған бәсекеде осыған дейінгі жарыстарда шашасына шаң жұқпаған саңлақтар ақтық сында да өнегелі ойын өрнегін көрсетті. Ақ мамықтай қар үстінде желмен жарыса жүйткіп, мәреге белгіленген уақыттан бұрын келуге тырысты. Қатарластарынан оза шауып, үміттерін үкілеуге барын салды.
Жарыс қорытындысы бойынша 18-23 арасындағы ерлерден Богдан Азизов бірінші, Көпжасар Серікболұлы екінші, Мирас Ғаниұлы үшінші, әйелдер арасында Аялым Ренатқызы бірінші, Валерия Зубарева екінші, Әмина Оразбай үшінші орынды иеленді. 24-30 жас бойынша Қуатбек Жайырбек, Совет Мақсат, Алмат Жақсылық, әйелдер арасында Надежда Пивоварова, Екатерина Кихтенко, Аяулым Абай, 31-40 жас аралығында Диас Кенжешев, Дулат Нұрмұханбетов, Әсет Бектаев, Элмира Тілеубекова, Нұрила Жұманәлі. Жұлдыз Сейдәлімова, 41-50 жастағылардан Владимир Крухмаев, Ерлік Маратов, Ерман Әмірақынов, Гүл Әбіт, Лариса Кремпин, Айжан Бекмұханбетова, 51-62 жас аралығында Болатжан Жанаев, Жанболат Сұлтанғазиев, Абдурашит Бахтиев, Гаухар Ильясова, Эльмира Тұрсынбай, Сапаргүл Серкебаева, 63 жас­тан жоғары Ердос Асанов, Нұрбақыт Нұрқабеков, Жақсылық Аманбаев, Нұрсара Жылгелдиева, Нұрлықыз Жұматаева, Панарқан Жиғанбекова, Орынхан Баизова жүлделі орындар иеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Ерлер арасындағы эстафеталық ойын­дарда Райымбек ауданы бірінші, Іле ауданы екінші, Талғар ауданы үшін­ші, әйелдер арасында Талғар ауда­ны бірінші, Райымбек ауданы екін­ші, Қонаев қаласының спортшылары үшін­ші орындарды өзара бөлісті. Жалпы командалық есеп бойынша, жарыстың екі түрінен де шеберлік танытқан Райымбек ауданының спортшылары бірінші орынды жеңіп алды. Талғар ауданының командасы екінші орынмен қанжығаларын майласа, Еңбекшіқазақ ауданының спортшылары үшінші орынды қанағат тұтты.
Жарыста жүзден жүйрік шыққан шаңғышылар мен эстафеталық ойын жеңімпаздары, жалпы қатысушылар арнайы медальдармен, кубоктар, арнайы дипломдар, Мақтау қағаз­дарымен марапатталды. Сондай-ақ бірінші орынды жеңіп алған Райымбек ауданының командасына 300 мың, Талғар ауданының командасына 200 мың, Еңбекшіқазақ ауданының командасына 100 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды.

Жұмабек ТҰРДИЕВ

Райымбек ауданы