Алматы қаласы мен облысында іссапармен жүрген Қытай Халық Республикасының еліміздегі төтенше және өкілетті Елшісі Хань Чунлинь Қонаев қаласына атбасын бұрып, аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің қабылдауында болды.
Басқосуда Марат Елеусізұлы Хань Чунлиньді Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті Елшісі болып тағайындалуымен құттықтап, жаңа қызметіне табыс тіледі. Биыл екі елдің арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 33 жыл толып отырғанын, осы уақыт аралығында барлық бағыт бойынша достық пен серіктестіктің дамығанын атап өтті.
– Былтыр шілде айында ҚХР басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары барысында электрондық коммерция, автомобиль өндірісі, транзиттік және көлік, логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, қаражат, туризм салалары бойынша мәселелер талқыланды. Аймақаралық ынтымақтастықты тереңдету және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту туралы сөз болды. Біздің Мемлекет басшысы Тіл және мәдениет университетінің филиалы мен Лу моншасы шеберханасының ашылуын қолдайтынын айтты, – деген аймақ басшысы Алматы облысының Қазақстан нарығында қытайлық инвестицияларға жолбасшы болуға дайын екенін жеткізді.
– Аймақтың экономикасы қарқынды дамуда. 2023 жылы жалпы ішкі өнім бойынша облыс экономикасының рекордтық өсімі қамтамасыз етіліп, біздің өңір республикада 10-орыннан 5-орынға көтерілді. Достық қарым-қатынасымыздың арқасында Алматы облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде қалып отыр. Соңғы 2 жыл ішінде тауар айналымы тұрақты болды. Бүгінде облыста бірлескен капиталдың қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Қытайдан келген кәсіпкерлер үшін «Алатау» арнайы экономикалық аймағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру алаңы бола алады. Біз қытайлық компанияларды белсенді инвестициялауға шақырамыз, – деді облыс әкімі.
Одан әрі сөзін сабақтаған Марат Елеусізұлы облыс көлемінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық маңызды рөл атқаратынын, өңірде 302 этникалық топ өкілдерінің және Қытайда шамамен 1,5 миллионға жуық қазақ тұратынын тілге тиек етті. Сонымен бірге мамырда облыс делегациясының Шаньдун провинциясында өтетін халықаралық конференцияға қатысатынын, Шаньдун және Чжэцзян провинцияларымен ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойылатынын және КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын достас елдің астанасы Пекинде атап өту жоспарланғанын айтты.
Өз кезегінде сөз алған Хан Чунлинь Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық серіктесі саналатынын, экономикалық байланысты кеңейтуге, бірлескен жобаларды қолдауға және бірқатар салаға инвестиция салуға дайын екенін, Қазақстанның инфрақұрылымын жаңғыртуға белсенді қатысатынын мәлімдеп, мұның екіжақты өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев іске асырылған және перспективалы инвестициялық жобалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Олардың үш бағытта – аграрлық секторда, өнеркәсіпте белсенді іске асыру және инфрақұрылымды жақсарту бойынша жүріп жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, инвесторлар үшін «Алатау» арнайы экономикалық аймағында жобалар ұсынылады. Дамыған инфрақұрылым, бизнесті қолдаудың икемді саясаты және аймақтың жоғары экономикалық өсуі қытайлық компаниялардың жұмысына толыққанды жағдай жасайды. Рустам Маратұлы сөзінің соңында облыс әкімдігінің екі ел арасындағы байланысты нығайтуға және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қолдауға ниетті екенін қаперге салды.
Кездесуде қос тарап ҚХР-мен сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени ынтымақтастықты нығайтуды және экономикалық бастамалар, логистикалық инфрақұрылымды дамыту мен өнеркәсіптік жобаларды іске асыруды талқылады. Соңғы екі жылда Алматы облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асып, бірлескен кәсіпорындар саны 143-ке жеткен. Осы кезеңде аспанасты елінің 11 өңіріне 4 жұмыс сапары ұйымдастырылып, 87 екіжақты кездесу өткізілген. Нәтижесінде 25 меморандумға қол қойылған. Соның арқасында 4600 жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ