Төңіректі тамашаға теңейтін, жер бусанып, күн шуағы жебейтін. Көктем келді айналаға нұр шашып, жер-жаһанды шуағына бөлейтін. Жылу сыйлар көктем шуақ елімде, шаттық енді, нұр да толды жерімде. Еш нәрсенің сай келмейтін теңіне, көктем келді, шаттық еніп төрімде. Нәзіктік пен тазалықтың белгісі, тау-тасымда, жазығымда, өрімде. Жалғанның осы болар жылу күні, үйретер әсемдіктен сыр ұғуды. Көктемнен үлгі алар бар адамзат, сыйластықты, сезімді, ұғынуды. Көктеммен қатар келіп қуантады, ұлықталып арулар сұлулығы. Жанға сая, көңілге дәру неткен, көктемді жүректерге жағымды еткен. Он сегіз мың ғаламды ғажап қылып, ажыратпай келетін арын тектен, қыздардың мерекесін ала келді, жанға әсемдік сыйлайтын ару көктем.
Адамдықты, адалдықты жалғап, өмірін отбасына арнап, тұңғиықтан тамаша талғап келетін, әлемдегі ең асыл, ең ізгі адамдар ол – арулар. Расымен де, ару деген ең алдымен бар тілегін перзентінің жолына арнаған, ұл-қызы үшін еңбектеніп, қажымаған, танбаған, қиындық көрсе де, өмір от берсе де, мойымаған, жанбаған, көздерінің ағы мен қарасына, өз перзентіне, өз туған баласына, тектілікпен түзу жолды таңдаған – асыл ана. Ұлтымыздың ұйытқысы болатын, аналармен басқа бақыт қонатын. Аналармен шаттанасың, мақтанып, аналармен бағыт тауып, бақ тауып, аналармен көңілге нұр толатын. Ғибраттан құралып бар ұғары, болмаған тағдырында жалығары, бала-шаға бақытын биік қойып, шаттыққа бөленетін шаңырағы. Өмір мәні, тіршілік сәні болып, шаттық сыйлап жаныңнан табылады. Аналар, қайталанбас асыл жандар, бақытты бола берсін бәрі-бәрі, жанымызға жүретін медеу сыйлап, жүректерге дем берер демеу болып, бақыт болсын үнемі жолығары. Өміріңді өзгеше өрлететін, жаныңа бар ғажапты төрлететін. Аналар бұл жалғанның жұмағы да, ерекше көңілі де, шуағы да. Аналар – асыл жандар қайталанбас, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін. Сезімінің тым шексіз көлемі де, Жаратқан ғұмыр берсін көреріне. Патша, батыр, ғалымды ана туған, ақындардың айналып өлеңіне. Мейірі де тым шексіз махаббаты, тым ерекше пейілі шапағаты, аналардың арналған бөбегіне.
Арулар ол – көңілінде болатын бар мағына, таңдауы да тым ерек талғамы да. Жүрегі жаратылып жақсылықтан, Тамаша нұр құйылған жандарына. Арын сақтап, бойында барын сақтап, ақ некемен жолыққан жан-жарына. Ару ол содан кейін асыл жарың, қандай ғажап махаббат болғаны да, отбасының шаттығын еселейді, демеу беріп, еріне, қорғанына. Шаңырақтың шаттығына үн қосады, үйіме бақыт-дәулет келсе дейді, осылай өріледі бар бағы да. Ерекше таңдандырып көптілігі, қуантады әр іске ептілігі. Ару ол ұрпағыңның шамшырағы, берілер тәрбиесі, тектілігі. Әр үйдің берекесін шуағын да, әр адамның қасиет, құнарын да, бір арудың бойынан көрер едім, еріксіз құрметімді берер едім, және де мен оларды теңер едім, тірліктің қайнап жатқан бұлағына.
Ару ол – бір бойынан нұр шашар бақ дегенің, әсемдігін, әрлігін шат көремін. Ару ол – інім-ау деп еркелетер, ерекше ыстық жүрек әпкелерің. Жақсылықтан жанына жыр тұнады, шат қылықтан бойына сыр тұнады. Ару ол үйдегі шын құт-береке, көктемдей шуақ шашқан нық мереке, қадірлесең бар өмір құлпырады. Тағдырында сүрініп, жаңылмасын, Жаратқаным етсінші бағын басым, бақытты да баянды, ғұмыр кешсін, жақұтты да аяулы тұғырлы етсін. Өмірі тамашамен жалындасын, ару ол – ардақтайтын қарындасың. Соқтықпалы жолдарда сүрінбесін, жамандық қарамасын, үңілмесін. Қарындастар аяулы жасай берсін, көктемдей шуақ шашып күлімдесін. Ару ол – сәтті нота, сенің бір ең тамаша күйіңдегі. Бұған дейін тағдырда ешбір адам, бақытты ғұмыр кешкен еш ғұламаң, оларға өкпелеп те күйінбеді. Ару ол – қасиетті жаратылыс, ару ол – тәтті қызың үйіңдегі. Сондықтан жылатпаңдар, аялаңдар, қарсы шыққан дауылды аямаңдар, бұрқасынды қайтарып келе жатқан, ақнұр сепкен жауынды саялаңдар. Аруды ардақтаған жандар ғана бұл өмірде шынымен бай адамдар. Сол расында әр жанның жақыны да, сол шынымен әр елдің батыры да. Нәзік жандар тек қана күліп жүрсін, бақыттың зор бағасын біліп жүрсін, ажарына сай келіп ақылы да, аруды сыйламаған надандарды, бұл өмір өкіндірсін, түңілдірсін.
Алдында арман-мақсат бар құраған, әр ару шынымен де алтын адам, жақсылықтың жаршысы бола берсін, жүздері күндей күліп жарқыраған. Жақындары құрметтеп ізгілікпен, жылу шашсын үздіксіз сарқыраған. Ешқашан төмендемей бағалары, айтылсын тамашадан жоғары әні, өмірді нұрға бөлеп жүз жасасын, асыл жарың, әпкелерің, қарындасың, қыздарың отбасыңа, әлі талай шуақты ап келеді, бұл өмірдің жылуы, тұнығы да ақ жүрек аналардан таралады, тағдырдың шуағы да, шырағы да, бар байлығы ғаламның – аналары!
Құралбек СӘБИТОВ