Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Қапшағай су қоймасында гидроциклмен айдынға шыққан бес адамның құтқарылғанын хабарлады. Департамент мәліметінше, оқиға 28 мамыр күні түстен кейін болған. Құтқарушыларға сол күні сағат 15:45 шамасында су қоймасының солтүстік жағалауындағы “Алтын құм” демалыс базасы аумағында шомылуға тыйым салынған тұста бес адам мінген үрлемелі диваны бар гидроцикл бұзылып қалғаны туралы хабар түскен.
Оқиға орнына барған құтқарушылар жағалаудан 1,5 шақырым қашықта суда қалып қойған екі ересек, екі жасөспірім және 2013 жылы туған қыз баланы құтқарып, жағаға жеткізді. Олар дәрігерлер көмегін қажет етпеген. Ата-аналарға Әкімшілік кодекстің 412-бабына сәйкес айыппұл салынып, әкімшілік жауапқа тартылды.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.