Елімізде легионерлерге көрсетілетін «құрметтің» тым жоғары болуы сан мәрте халық қалаулыларының ренішін туғызған еді. Сондықтан Парламентте шетел мамандары мен легионерлерден бас тарту, барлық спорт түрлеріне жұмсалатын шығындарды аймақ бойынша тексеруді, әр спорт түріне бюджеттің бірыңғай нормаларын орнату мәселелері жиі көтеріліп жүрді. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды заңға қол қойып, шетелдік легионерлерге қаржы бөлінбейтінін нақтылады.
Заң мемлекеттің дене шынықтыру және спорт саласын дамыту саясатын жетілдіруге бағытталған. Уәкілетті орган басым спорт түрлерінің республикалық және өңірлік тізбесін әзірлейді, жоғарғы жетістіктер спорты түрлерінің тізімін және оларды бюджет есебінен қаржыландыру тәртібін айқындайды. Осыған сай басым спорт түрлері халықаралық аренада қол жеткізген нәтижелерге қарай бекітіледі. Бұл – Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Паразия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері.
Спорт федерацияларын аккредиттеуге қатысты ережелер жетілдірілді. Енді олар ұлттық және жергілікті спорт федерациялары болып бөлінеді. Шетелдік легионерлерді бюджеттен және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.
Бұдан былай бюджет қаражаты тек төрт бағытқа: жоғары жетістіктер спортына, оның ішінде спорттың басым түрлеріне, мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметіне, бұқаралық спортқа, спорттық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.
Заңға «спорттық даярлықтың ұлттық стандарттары» ұғымы енгізіледі. Соған сәйкес спортшыларды төл таным-түсінігімізге сай тәрбиелеп, олардың бойына дәстүрлі құндылықтарды сіңіруді көздейтін бірыңғай даярлау стандарты әзірленеді. Уәкілетті органға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін шара қабылдау өкілеттілігі беріледі.
Парламент Сенатының депутаты Әсем Рахметованың айтуынша, енді әкімшілік-аумақтық деңгейдегі басшылардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған ротация 5 жыл сайын жүргізіледі. Мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау тиісті әкімшілік-аумақтықта жүзеге асырылады. Егер облыстағы әкімшілік-аумақта бір ғана ұйым болса, онда басшыларды ротациялау жақын маңдағы аудандардың, облыс ішіндегі қалалардың басшыларымен бірге жүргізіледі. Сонымен қатар бүгінде министрлік салалық заңға өзгерістер мен толықтырулардың екінші топтамасын әзірлеп жатыр. Олардың ішінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру ұғымдары мен өкілеттіктерін айқындау, уәкілетті органға әдістемені, жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаларын, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің мемлекеттік тапсырысын орналастыру қағидаларын және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін аккредиттеу қағидаларын бекіту бойынша құзыреттер беру тәртібі қарастырылады.
Легионерлерге осы уақытқа дейін төлеген миллиондаған қаражатқа бүгінде қаншама ауылда спорт орталықтары салынып, жүздеген, мыңдаған балаларды спортқа тәрбиелеуге мүмкіндік туар еді. Ауылда өскен қазақ баласының спортқа бейім екендігін кәнігі мамандар да, қарапайым жұрт та айтудан жалыққан емес. Тек сол балаларды ары қарай шыңдап, кәсіби спортқа баулитын орталықтар мен мектептер қажет. Спорттың көсегесін көгертеді, арбамызды өрге сүйрейді деп үміт артқандардың дені қазақ халқының намысын, қарақан басының қамы үшін ат байлады. Енді олардың аяғы сап тыйылады. Тек өзіміздің қаракөздердің әлем шыңдарын бағындыруға мүмкіндік жаратылмақ.
Ерзат АСЫЛ