Биыл еліміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеді. Біз соғыс кезіндегі жағдай, фашимді жеңуге баға жетпес үлес қосқан адамдар туралы көп нәрсені білмейміз. Сол сұрапыл соғыстың тірі куәгерлері айтқан естеліктер, соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі жылдардағы өмірі – бүкіл ел тағдырының айқын көрінісі екенін дәлелдейді.
Біздің бүгінгі әңгімеміз Талғар ауданында тұратын жерлесіміз, жасы тоқсаннан асқан еңбек ардагері Жұмағалық Орманов жайында. Оның өмір жолы – ерліктің, жанқиярлықтың, мақсатқа ұмтылудың, келешекте жақсы өмір болады деген нық сенім мен үлкен үміттің жарқын үлгісі. Шопандар отбасында дүниеге келгенін, балалық шағы, бүкіл өмірі дерлік далада өткенін еске алған ақсақал еңбек жолы мал бағудан басталғанын айтты. Әкесі Құсайын Орманов 1941 жылы майданға аттанып, содан қайтып оралмаған. Бір күні жауынгер Құсайын Орманов із-түссіз кетті деген хабар келеді. «Кеңдала» ұжымшарының Энгельс атындағы ауылында қарапайым жұмысшы болып істейтін жеті жастағы Жұмағалықтың анасы Күлиза үшін бұл хабар өте ауыр тиеді. Жұмағалық үйдің үлкені болғандықтан өзінен кішкентайларға қарап, сонымен бірге анасына үй шаруасын атқаруға да көмектеседі. Бүлдіршіндей бала не істемеді дейсіз, 5-сыныпты бітіруден егіс алқабынан картоп жинап, оны тауға тасыды, кешке қарай қой бағып, ірі қараға қарады. Буыны бекіп, әбден есейген соң саналы түрде әкесінің ізімен жүріп, малшылар әулетінің ісін жалғастырды.
«Кеңдала» (қазіргі «Алматы» асыл тұқымды мал зауыты) сол кездегі өлшем бойынша ірі және қуатты шаруашылық болатын. Ұжымшарда егіншілікті айтпағанда, 500 бастан аса қой және сол шамада ірі қара мал басы болған. Ақсақалдың айтуына қарағанда, 1950 жылы қыс аса қатты болып, оның соңы жұтқа ұласып, мал басы түгел қырылып қалған, біразын қасқыр жеп кеткен. Ол кезде ұжымшардың басқарма төрағасы өте білімді әрі тәжірибелі Леонид Манько деген кісі екен, өрімдей жас шопан қанша жерден малды аман алып қалғысы келсе де, еңбегі еш кетіпті. Бірақ көпті көрген ұжымшар бастығы жас малшының адал ниетін, жанталаса еткен еңбегін жоғары бағалап, оған ферма меңгерушісі болуды ұсынады және бұл таңдауында жаңылыспайды. Жұмағалық оның үмітін ақтап, жылдар өте келе күндіз-түні шаруашылықты ұқыпты басқарып, қамқорлықпен қарағанының арқасында әр 100 қойдан 140-тан қозы алып, мал басын анағұрлым көбейтеді, әр бастан 3 келіден астам жүн қырқылатын болады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш болатын.
Кейінірек егіншілік және мал шаруашылығы саласындағы жетістіктерінің арқасында ұжымшардың даңқы бүкіл Қазақстанға жайыла бастайды. Оның озат шаруашылық болғаны сонша, 20 жыл бойы жоғары өнім алып, үнемі үздіктер қатарында болады. Сол жетістігі үшін ұжымшар бастығына Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі, ал Жұмағалық Орманов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Отан алдындағы әскери міндетін өтеу мерзімі келгенде ол Донбасс қаласындағы құрылыс бригадасына түсіп, шахтерлар үшін тұрғын үйлер тұрғызуға белсене қатысады. Ауылдан алыс кетіп көрмеген қарапайым жігіт сол кезде туған жерін, елін қатты сағынады, әсіресе, өзі еңбек еткен ұжымшарын, өзі жетекшілік еткен ферманы жиі-жиі еске алады. Ол заңды да, өйткені осы жерде ол кішкентайынан адал еңбек етті, жетістіктерге жетіп, мемлекеттік жоғары марапатқа ие болды. Сол жемісті еңбегі оны әрқашан құрметке бөледі.
Әскерден соң да ол ойланбастан өзі еңбек жолын бастаған туған ауылына қайтып оралды. Тағдыры оған осы жерде өмірлік жары – Күлмәрияны кездестірді. Екеуі бірге ортақ шаңырақ көтеріп, өмір бойы қатар еңбек етіп, жеті баланы тәрбиелеп өсірді. Қазір үлкен ұлы Меңдібай әкесі үшін екінші үйіндей болып кеткен сол «Алматы» ұжымшарында механик болып істесе, ортаншы ұлы Сырлыбай да осы шаруашылықта жүргізуші болып әкесінің даңқты еңбек жолын жалғастырып жатыр. Тағы бір ұлы – Ержан да, міне 16 жыл бойы «Қазақтелеком» мекемесінде еңбек етіп келеді. Қыздарының бәрі дерлік мұғалім мамандығын таңдапты. Қазір Жұмағалық ата Күлмәрия әжеймен бірге 19 немере, 35 шөберенің қызығына кенеліп, бақытты ғұмыр кешуде.
Тоқсан жастан асқан ақсақалдың ерен еңбегі және КСРО-ның халық шаруашылығын дамытудағы жеткен жетістіктері үшін алған марапаттары біршама. Жоғарыда аталған орденнен басқа «Еңбек ардагері» медалі, бірнеше Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар бар. Жуырда аудан басшылығы ақсақалды «Талғар ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Жұмағалық ата әлі күнге дейін жастарды Отанды сүюге, өздері жұмыс істейтін еңбек ұжымын құрметтеуге тәрбиелеп келеді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы